Тоқаев кеш болмай тұрғанда Жайық өзені мен Каспий итбалығын құтқаруға шақырды

© Sputnik / Игорь Руссак / Медиабанкке өтуИтбалық
Итбалық - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.06.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтыншы Каспий саммитінде өзара күш біріктіре отырып, Жайық өзенінің жағдайын жақсарту бойынша ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырды, деп хабарлады Ақорда.
"Жер қойнауын белсенді пайдалану және ресурстарды тасымалдау аймақ экологиясына қатер төндіруде. Бұдан бөлек жаһандық жылыну және осыған байланысты климаттың өзгеруі су ресурстарына қауіп төндіріп отыр. Ұзындығы бойынша Еуропада үшінші орында тұрған Орал өзенінің (Қазақстан аумағында Жайық деп аталады) жағдайы сын көтермейтіні осыған дәлел", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, өзен суы деңгейінің күрт төмендеуі, биоресурстардың азаюы және жағалаудағы өсімдіктердің деградацияға ұшырауы, сондай-ақ антропогендік ортаның ластануы байқалып отыр. Нәтижесінде соңғы жылдары өзеннің орташа жылдық ағысы үш есе азайды. Бұл уылдырық шашатын жайылма орындардың жағдайына және Каспий теңізінің бірегей балық ресурстарының көбеюіне кері әсер етуде.
Мемлекет басшысы өзара күш біріктіре отырып, Жайық өзенінің жағдайын жақсарту бойынша ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырды. Одан бөлек президент ортақ теңіздің экологиялық мәселелері жөнінде айта келе, Каспий итбалықтарының мүшкіл халі туралы да айтты.
"Итбалықтардың қайта-қайта қырылуы үлкен қауіп төндіреді. Каспий итбалығы – жергілікті фаунадағы сүтқоректілердің жалғыз өкілі. Ол бүкіл теңіз аумағын мекен ететін трансшекаралық биоресурс саналады. Қызыл кітапқа енген осы бір жануарды сақтау мақсатында қабылданған шаралар әлі де жеткіліксіз. Сондықтан қазір біз қорық аумағын ерекше қорғалатын табиғат аумағы ретінде қайта құру мәселесін қарастырып отырмыз. Каспий маңындағы барлық мемлекетті Қазақстан мен Ресейдің бастамасын қолдауға және оған қосылуға шақырамыз", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы саммитке қатысушылардың назарын Каспий теңізіндегі биологиялық ресурстарды заңсыз аулауға қарсы күресудің маңызды екеніне аударды. Бұл ретте, президент биоресурстарды заңсыз аулау, балық өнімдерін тасымалдау, бекіре тұқымдастарды заңсыз сатып алу немесе сату фактілерін атап өтті.
"Каспий қойнауын және оның маңындағы аудандарды игеру кезінде техногенді апаттар мен табиғи катаклизмдердің үлкен қаупі барын ескерген жөн. Сондықтан апат салдарының алдын алудың және оларды жоюдың аймақтық механизмін, төтенше жағдай кезінде өзара көмек көрсету жүйесін дамыту маңызды", – деді президент.
Мемлекет басшысы тығыз мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту және "Каспий бестігінің" талдау құрылымының консорциумын қалыптастыру қажет екенін айтты.
Алтыншы Каспий саммитінде Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Иран президенті Ибрахим Раиси, Ресей президенті Владимир Путин сөз сөйледі.
Форум қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары коммюнике қабылдады.
Жаңалықтар
0