Орман қалай қорғалады - заң жобасы

© Sputnik / Анатолий УстиненкоОрман
Орман - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.06.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым – Sputnik. Парламент мәжілісі ормандарды сақтауға бағытталған заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске экологиялық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы және Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқықбұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы екі заң жобасы қаралды.
Құжатта Қазақстанның ұлттық парктері мен басқа да табиғи байлықтарын қорғау мақсатында экологиялық залал келтіргені үшін жауапкершілікті күшейту көзделіп отыр.
"Қазақстан орманы аз ел болғандықтан, ормандарды сақтау мақсатында орман пайдаланушылардың жауапкершілігін күшейту қажет. Заңда Әкімшілік кодекстің 368-бабы 2-бөлігінде "Кеспеағаш қорын пайдаланудың, сүрек дайындау мен әкетудің, шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы орман материалдарын алудың белгіленген тәртібін бұзу" ерекше қорғалатын табиғи аумақта жасалған іс-әрекеттер үшін айыппұл сомасы ұлғайтылады", - деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.
Министр ұлттық парктерді қатты тұрмыстық қалдықтармен ластау өзекті проблемаға айналғанын атап өтті. Осыған байланысты орман фаунасын жою немесе бүлдіру, сондай-ақ орманды қалдықтармен, химиялық заттармен бүлдіру, ластау және орман қоры жерлеріне өзге де залал келтіргені үшін айыппұл мөлшері өседі.

"Соңғы жылдары ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлерінде жеке тұлғалардың болу тәртібін бұзу жағдайлары күрт өсті. Егер 2017 жылы барлығы 41 құқықбұзушылық жасалса, 2020 жылы пандемияға қарамастан, 900-ден астам адам жауапқа тартылған. Осыған байланысты заң жобасында айыппұл мөлшерін 2 АЕК-тен 5 АЕК-ке дейін ұлғайту көзделген", - деді ведомство басшысы.

Брекешевтің айтуынша, қазіргі таңда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың режимін бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Бірақ Қылмыстық кодекстің 342-бабында бар. Осыған байланысты Әкімшілік кодексі жаңа 380-1 - "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режимін бұзу" бабымен толықтырылды. Осы бап бойынша жауаптылық ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режимiн елеулi залал келтiру арқылы бұзған жағдайда туындайды.
Сондай-ақ заң жобасында Қылмыстық кодексте де өзгерістер енгізіледі. Заңсыз ағаш кесудің тұрақты динамикасын ескере отырып, залал мөлшері төмендетіледі:
елеулі залал 100-ден (318 мыңнан) 50 АЕК-ке (159 мыңға) дейін;
ірі залал 1000-нан (3 180 000) 500 АЕК-ке (1 590 000 теңге) дейін
Бұл ретте аса ірі залал көрсеткіші өзгеріссіз қалады, яғни 2000 АЕК (6 360 000 теңге) құрайды.
Бұдан бөлек, экологиялық залал келтіргені үшін жауапкершілік күшейтіледі. Қолданыстағы заң бойынша ағаштарды заңсыз кескені үшін кінәлі адамдар қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе аз айыппұл салынады. Енді жаза қатаңдатылады. "Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау" 340-бабында бұл заңбұзушылық теріс қылық санатынан қылмыс санатына ауыстырылады.
Жаңалықтар
0