"Волга-Днепр" ұшағының экипажы Нұр-Сұлтанда кедендік заңнаманы бұзған

© Sputnik / Медиабанкке өту"Волга-Днепр" әуе компаниясының ұшағы, архивтегі фото
Волга-Днепр әуе компаниясының ұшағы, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.06.2022
Жазылу
Ұшақ Үрімші – Нұр-Сұлтан – Мәскеу бағытында коммерциялық рейс жасаған
АЛМАТЫ, 29 маусым – Sputnik. Ресейдің "Волга-Днепр" жүк әуе компаниясы ұшақтарының бірі кедендік заңнаманы бұзғаны үшін Нұр-Сұлтан қаласында бөгелді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті.
26 маусым күні жергілікті уақыт бойынша сағат 13:40-та "Нұрсұлтан Назарбаев" халықаралық әуежайына Volga-Dnepr Airlines әуе компаниясының RA-82074 нөмірлі ұшағы қонды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, әуежайдың жердегі қызметі "Әуежай Астана" кеден бекетінің қызметкерлерін дереу хабардар еткен.
"Дегенмен әуе кемесінің экипажы және оның өкілі белгіленген уақыт ішінде кедендік рәсімдеуге қажетті кедендік құжаттар мен мәліметтерді ұсынбаған. Сондықтан әуе компаниясына қатысты Қазақстан "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 538-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Мұндай заң бұзушылық үшін жиырма айлық есеп көрсеткіш көлемінде (61 260 теңге) айыппұл қарастырылған", – делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес, тасымалдаушы немесе өзге де белгіленген тұлғалар келгені туралы хабардар еткен кезден бастап үш сағат ішінде көлік құралына кедендік декларация тапсыруға міндетті.
Комитеттің хабарлауынша, әуе компаниясына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынған, компания өкілдері заң бұзушылықпен келіскен.
"Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көлік құралына кедендік декларацияны тапсыруға қатысты барлық кедендік операция орындалған соң әуе кемесі бірден жіберілді", – деп нақтылады ведомствода.
Мемлекеттік кірістер комитеті аталған заң бұзушылық кедендік әкімшілендіру саласындағы кәдімгі әкімшілік құқық бұзушылық екенін ескертіп, саяси астары жоқ екенін хабарлады.
Жаңалықтар
0