Депутат жаңа туған нәрестелерге бірден ЖСН беруді ұсынды

CC0 / / Архивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.06.2022
Жазылу
Бүгінде ЖСН нәрестеге туған кезде емес, ата-анасы оған ат қойып, тіркеу туралы өтінішпен жүгінгенде ғана беріледі
НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым – Sputnik. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева балаларға ЖСН-ді (ИИН) дүниеге келген бойда беруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат соңғы уақытта сәбилерді қоқысқа тастау, маугли балалар мен басқа да қайғылы оқиғалар туралы жағымсыз жаңалықтар жиілеп кеткеніне алаңдады.
"Күні кеше нәресте саудасы бойынша тұтас бір интернет порталдың қызметі әшкереленді. Құқықтық мемлекетте бұған қалай жол берілді? Бұл жерде неке және отбасы, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдардың бұзылғаны сөзсіз. Адам сату фактісі болған. Барлық заңға қайшы әрекет бойынша тиісті тексеріс жүргізіліп жатыр", - деді Смышляева үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.
Ол осы тізбектен себеп-салдар байланысты қадағалау өте қиын екенін атап өтті. Себебі бала өмірге келгенімен, заң бойынша ешбір жерде тіркелмеген. Депутаттың айтуынша, мұндай олқылық тіркеу процедурасынан кетіп отыр.
"ЖСН нәрестеге туған кезде емес, ата-анасы оған ат қойып, тіркеу туралы өтінішпен жүгінгенде ғана беріледі. Бұл ретте процедураның өзі үш ақпараттық жүйеден өтеді – медициналық регистр (жынысы, туған күні мен анасының аты-жөні тіркеледі), әділет министрлігінің базасы (ЗАГС) және ішкі істер министрлігінің ақпарат жүйесі. Дәл осы соңғысы жаңа туған нәрестенің ЖСН-ін қалыптастырады. Алайда сәби аты-жөні тіркелгенге дейін айлар бойы "цифрлық ізсіз" жүруі мүмкін. Тіпті тіркеу актілері мүлде болмаған мысалдар да бар", - деді депутат.
Смышляеваның айтуынша, заң бойынша бірден рәсімделмеген балалар адам саудасы мен түрлі қылмыстық схемаларға жиі тартылады.
"Есепке алудың цифрлық құралдары қолда бола тұра, сәбиді дүниеге келген сәтте ақпараттық жүйелерде бірден тіркемеу және мемлекет қамқорлығына алмау – бұл да қылмыстық салғырттық. Осыған байланысты балаға ЖСН-ді ол туған сәтте беру қажет деп санаймыз", - деді мәжіліс депутаты.
Жаңалықтар
0