Цифрлық құжаттарды барлық меморган заңды түрде мойындауға тиіс – Смайылов

© Sputnik / Абзал КалиевВакциналау паспорты
Вакциналау паспорты - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.06.2022
Жазылу
Үкімет басшысы банктерге клиенттердің деректерін қорғауды күшейтуді тапсырды
НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов мемлекеттік қызметтерді халыққа барынша қолжетімді ету мәселесін көтерді.
Айтуынша, соңғы бір жылдың ішінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің саны 2 есеге жуық өскен. Қазіргі таңда электронды форматтағы қызметтердің деңгейі 93%-ті құрайды. Ал қызметтердің 66%-ін азаматтар кәдімгі смартфонның көмегімен алып отыр.
"Электрондық қызметтер мен базалардың интеграциясы азаматтардың өмірін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Олар мемлекеттік органдардың есігін тоздырып, қағазбастылыққа салынып, әуреге түспейді. Бұл жұмысты әрі қарай кеңейту қажет", - деді премьер үкімет отырысында.
Ол электронды форматтағы банктік қызмет түрлері де жақсы дамып келе жатқанын атап өтті. Дегенмен алаяқтық жағдайлары азаймай тұр. Смайылов банктерге осы мәселеге барынша назар аударып, клиенттердің деректерін қорғауды күшейтуді тапсырды.
Үкімет басшысы электронды қызмет саласындағы бірқатар проблемаға тоқталды.
Айтуынша, ішкі істер, ауыл шаруашылығы, ғылым және жоғары білім, индустрия және инфрақұрылымдық даму, денсаулық сақтау және қорғаныс министрліктері бойынша кейбір қызметтерді электронды форматта алу мүмкін емес.
Сондай-ақ сыртқы істер министрлігі мен стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі бойынша қызметтерді автоматтандыру деңгейі төмен.
"Цифрлық даму министрлігіне аталған мемлекеттік органдармен бірлесіп, 3 ай мерзімде қолжетімсіз мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіруді тапсырамын", - деді Смайылов.
Бұдан бөлек, ол цифрлық құжаттардың қолданыс аясын кеңейтіп, олардың санын арттыру қажет екенін мәлімдеді.
"Қолданыстағы цифрлық құжаттарды барлық мемлекеттік орган заңды түрде мойындауға тиіс. Сондай-ақ оларды әртүрлі ресурстарға орналастыру қауіпсіздігін де ойластыру қажет", - деді премьер-министр.
Үкімет басшысы цифрлық даму министрлігіне орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, екі ай ішінде осы мәселені техникалық тұрғыдан іске асыру жоспарын бекітуді тапсырды.
Сонымен қатар орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер деректерді үнемі жаңартып, ақпараттық жүйелердің тоқтаусыз жұмыс істеуін және олардың уақтылы интеграциялануын қамтамасыз етуге тиіс.
Жаңалықтар
0