Петропавлда қоғамдық көлік тоқтап қалуы мүмкін

© Sputnik / СтрингерЖолаушылар автобусы
Жолаушылар автобусы - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.06.2022
Жазылу
Субсидиядан қағылған автобус парктері қарызын қалай қайтарарын білмей отыр
НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым – Sputnik. Петропавл қаласының автобус парктері қоғамдық көлік қозғалысын тоқтатуға мәжбүр екенін мәлімдеді. Кәсіпкерлер өткен жылдың субсидиясын ала алмаған. Оның көлемі жарты миллиард теңгеге жетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Astana TV арнасына сілтеме жасап.
Шенеуніктер 2021 жылы жолаушылар тасымалына 450 миллион теңге бөлінді деп отыр. Бірақ былтырғы субсидия барлық шығынды өтеуге жеткіліксіз. Автопарктер лизингке жаңа автобустар сатып алған. Әрбіреуінің бағасы – 40 миллион теңге. Оған қоса, билет сатудың жаңа жүйесі енгізілді. Сол кезде шенеуніктер әлеуметтік маңызы бар бағдарлар мен жеңілдікпен жүретін жолаушылар үшін субсидия беруге уәде еткен. Бұның барлығы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімімен рәсімделген келісімшартта көрсетілген. Алайда лизингтік төлемдердің мерзімі келгенде шенеуніктер ақша жоқ деп шыққан.
Кәсіпкерлер қарызды қалай қайтаратынын білмей отыр. Берешекті кейінге шегеруге болмайды.
"Біз ақша жағынан қиналып отырмыз. Салық жағынан қиындық бар, зейнетақы төлемдерін аудара алмай жатырмыз. Уақытында аударылмаған төлемдер үшін қосымша шығын болады", - дейді кәсіпкер Бауыржан Құсайынов.
Бүгінде субсидия бойынша қарыздың жалпы сомасы жарты миллиард теңгеге жетті. Әкімдік қарыздың не себепті өскенін түсіндірді. Былтыр жанар-жағармай мен қосымша бөлшектердің бағасы көтерілді. Содан облыстық бюджеттен қосымша қаржы сұрауға тура келген.
Петропавл қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жанболат Батырбековтың айтуынша, облысқа бірнеше рет өтініш жіберілген. Құжаттар да ұсынылды.
"Оған қоса, бізде аудит болған. Сол кезде ешқандай тәртіп бұзушылық анықталған жоқ. 467 миллион теңге форс-мажор деуге болады. Әрине, біз өзіміз қала бюджетінен ол ақшаны төлей алмаймыз", - дейді Батырбеков.
Әкімдік ақшаны іздеп жатыр. Ал автопарктер қаржы аударылмаса, қоғамдық көліктің жұмысын тоқтатуға мәжбүр боламыз дейді.
Жаңалықтар
0