Қоғам

Гүлмира Әбіқай: қазақ журналистикасында дереккөзін көрсеткенді ұнатпайды

© Photo : Гүлмира Әбіқайдың жеке архивінен алындыГүлмира Әбіқай
Гүлмира Әбіқай - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.06.2022
Жазылу
АЛМАТЫ, 28 маусым – Sputnik. Бастауын үнпарақтан баста­ған журналистика газет, радио, теледидар арқылы қарыштап да­мып, интернет ресурстары ар­қы­лы өзінің өрісін кеңге жайды. Ақпарат нарығындағы тұтыну­шы­ның сұранысына қа­рай жур­на­листиканың да қыры сан-салалы болып өзгерді.
Бүгін – жылына бір рет "тойланатын" журналистер мерекесі. Осы атаулы күннің қарсаңында біз тілшіліктің ыстығы мен суығын көрген белгілі журналист Гүлмира Әбіқаймен БАҚ-тың бүгінгі жағдайы туралы аз-кем әңгіме-дүкен құрған едік.
- Арада ұзақ уақыт өтсе де Ахмет Байтұрсыновтың "Газет – халық­тың көзі, құлағы һәм тілі" деген сөзі мәнін жойған жоқ. Алайда журналистика заман ағымына қарай алға қарыштауда. Оның ағарту­шы­лық миссиясы­ның ескіргенін айтушылар да бар. Сіздің ойыңызша, жур­налистиканың қазіргі орны қандай?
- Қазір ақпарат ағымы өте ауқымды. Журналист, шынында да "халықтың құлағы һәм тіліміз" ғой. Бұрын журналистер қашан келеді, содан білейінші дейтін. Ал қазір өкінішке қарай дейміз бе, қуанышқа орай дейміз бе ақпарат легі өте көп. Расталғаны бар, расталмағаны бар. Сенсация үшін блогер дегені бар, тағы басқа бар, кез келген үйде отырған адам бар бір нәрсе естісе соны жаза қояды. Әлеуметтік желі болғандықтан, қазір әркім журналист. Әрине, бұл заңсыз, әркімнің тек өзінің парақшасында пікір білдіруге құқысы бар.
Журналистика аса бір өзгеріске ұшырады деп айта алмаймын. Себебі бізде үлкен бір ауқымды газеттер, телеарналар кіретін медиакорпорациялар өзгерген жоқ. Мен осыдан 20 жыл бұрын ұлттық арнадан қалай бастадым, әлі сол күйі. Бір тың серпін, тың бағыты жоқ.
Мысалы, Қапшағай қаласында 4 бала суға кетіп қалды, Талдықорған жанындағы Текелі қаласында сел жүрді деген сияқты жаңалықты барлығы беріп, шын жүрегімен үңілгендей болып көрсетеді. Ал егер де Қаңтар оқиғасы сияқты мемлекеттің жауап беретін, үкіметтің артында тұрған мәселенің жөні бөлек. Қант неге қымбаттады дейтін болсақ, ол кезде нағыз іске кірісіп, зерттейтін мемлекеттік агенттіктер, мемлекеттік арналар, мемлекеттік порталдар аяқтарын ақырын, жай басып қалады.
Мен журналист ретінде Қаңтар оқиғасын зерттейін деген жоқпын. Тіпті зерттемеуім керек еді. Өйткені ол кезде декреттік демалыста болатынмын, әне-міне дегенде қол-аяғымды бауырыма алатын уақытым жақындап қалған. Маған ондай проблема керек те емес еді. Бірақ әлеуметтік желідегі парақшама халық көп жазып, жіберіп, абдырап қалды. "Балам жоғалып кетті, ұрлап кетті, кімге барып сұраймыз, жаралап кетті, шыққан күйі жоқ болды" деген сарындағы хаттар легі бір сәтке толастаған емес.
Журналист болған соң, Қазақстан азаматы болған соң мен неліктен: "Білмеймін, телеарнаға, мына жерге хабарласыңызшы деуім керек" деп ойладым. Ұятым жібермейді оған. Мемлекеттік ақпарат агенттіктері, ұйымдар ақпаратты менен алып отырды. "Сізге тағы кім хабарласты, сізде тағы қандай тізім бар, сіз мына оқиғаны беріпсіз ғой, соны алайыншы" деп. 4 қаңтарда атып кеткен, қайтыс болған Жанар туралы оқиғаны үлкен-үлкен мемлекеттік арналар "сізден алайықшы ақпаратты" деп хабарласты. Мен ол кезде жай ғана барып, қолымдағы телефонға түсірген фото-видеоларды әлеуметтік желідегі парақшама жүктедім.
Ал негізі бізде әлі де қорқыныш басым. Оның артында мемлекеттік қаржы тұр, оның артында біздің салық тұр, оның артында үгіт-насихат бар. Мемлекеттік арнаның журналисі болу – ұят емес. Мемлекеттік арнаның журналисі болғаның – патриотсың деген сөз. Мемлекеттің мүддесін қорғайсың, сондықтан олар осындай кезде жарқ етіп, ашылып, кірісіп, зерттеуі керек.
- "Төртінші билік" деп әспеттеген журналистердің көбінің жағдайы керемет емес. Мемлекет тарапынан әлеуметтік мәртебесі әлі күнге қарастырылмай келеді. Осылай қала бере ме?
- Қазақ журналистерінің көбінің жалақысы аз, үйсіз-күйсіз, пәтер жалдап жүр. Ал негізі журналистер қайда қосыламыз? Осы сұрақтың көтеріліп келе жатқанына да біраз болды. Әлеуметтік қандай топқа жатамыз дегенді сен бар, мен бар, газеттердің өзі-ақ көтеріп жүрміз.
Былтырдан бастап мәжіліс депутаттарының қатарына журналистер қосылды. Ақырын-ақырын, енді ғана бас көтеріп, бір нәрсені айтқандай болып жүр. Бірақ "мен журналистің етігімен су кешіп, шекпенін кигенмін, мен бүгінгі сұрақты осылай қоямын, осындай әлеуметтік бір топқа жатқызайық, олар да үй алсын, көздері ашылсын, жайлы тұрсын" дегенін байқамадым.
Өкінішке қарай, журналист жағдайы жоқ кезде ол тамағын, бала-шағасын ғана ойлайды. Мысалы Байзақтағы жарылысты алайық. Соның "мен бүге-шүгесіне дейін жетейін, түбін қопарайын, ары қарай зерттейін, Бауыржан қай жаққа кетіп қалды, шынымен де әлі күнге дейін жоқ қой, оның күлі қалды ма?" деп зерттемейді. Өйткені басқа дүниелер ол үшін маңызды болып тұр. Өмір сұргеннен кейін өмір біз үшін маңызды. Тамақ, киім деген сияқты.
- Сайт пен әлеуметтік желі қолданушылары көрген-білгенін сол мезетте жүктеп, ақпарат таратуда журналистерден озып бара жатқан секілді. Осы орайда екі және бір ғасырға жуық тарихы бар газет пен телевизия болашағына қауіп төнген жоқ па?
- Бұл бұрыннан келе жатқан "бірінші тауық пайда болды ма, жұмыртқа пайда болды ма?" деген сияқты әңгіме. Ешқашан жабылмайды деп ойлаймын. Өйткені газеттің өз оқырманы, теларнаның өз көрермені бар. Мысалы, қазақ радиосының бұрынғы Кеңес Одағы кезінде орнатқан нүктесіне қойып тыңдап жүрген адамдар әлі бар. Өзінің қалыптасқан дәстүрін өзгертпейтін адамдар бар. Біреулер кешегі шыққан сайқымазақ шоу, неше түрліні сөйлейтін радионы ғана тыңдайды. Сен ол кісіге барып: "Ғайбат сөз айтылып жатыр, одан да "Шалқарды" тыңда" деп ойын өзгертуге тырысып көрші. Ойынан қайтпай, сенімен қалай төбелеседі екен. Сол сияқты "Шалқардың" тыңдарманын басқасына көшіре алмайсың.
Бұрын алғаш телеарна шыққан кезде: "Телеарна келді, енді ешкім кітап оқымайды, барлығы телевизияға көшеді" деген пікірде болды. Жоқ, кітапты оқитын адам телеарнаны ысырып қойып әлі кітабын оқуда. Кейбіреуі әлі ұялы телефон ұстамайды. Сондықтан ол технология болып, әлемдегі ірі техникалық жаңалық болып енгендіктен, телевизия бүгін-ертең жоқ болып кетеді дей алмаймын. Керісінше, әлеуметтік желі пайда болған кезде "Ол 10-12 жылға арналған, содан майын ішіп, жілігін шағып, барын алып алыңдар, одан кейін ол қызықсыз болып, жойылып кетеді" делінді. Одан кейін басқа бір әлеуметтік желі шығады. Содан кейін желілер ауысады, кетеді, жойылады немесе техникалық ақау болып бәрі бір-ақ күнде жоқ болып кетуі мүмкін. Ал енді телеарна ол телеарна, ол орнында қалады.
- Қалай ойлайсыз, қазақ журналистикасы тәуелсіз болу үшін не істеу керек?
- Қазақ журналистикасы тәуелсіз болу үшін өз ісіне адал, өжет, батыл журналистер көп болуы керек. Біз көп болғанда ғана тау қопарамыз, жаудың бетін кері қайтарамыз. Бізде тәуелсіз журналист деп тек қана Жаңаөзен оқиғасын айтқан, кешегі Шаңырақты көтерген болмаса, Қаңтар оқиғасын қатты айтып жатқан журналистерді айтады. Сонда басқалар біреуге тәуелді ме? Басқалар біреуден кете алмай жүр ме? Сол тақырыпты қаузау үшін біреуден рұқсат сұрауы керек пе? Журналистикаға келген кезде ол сенің жүрегіңе жазылуы керек.
Басқасын емес, өзімді мысалға алайық. Мен үшін тыйым салынған тақырып жоқ. Мемлекеттік құпияларды ғана айта алмаймын. Қолыңнан келіп тұрса, оны неге зерттемеске, айтпасқа? Егер маған қызық тақырып болса, мен оның соңына дейін барып зерттеп, ең соңында кім тұрғанын, ол қандай оқиға болғанын білуге тырысамын.
© Photo : Гүлмира Әбіқайдың жеке архивінен алынды"Егер маған қызық тақырып болса, мен соңына дейін барып зерттеп, қандай оқиға болғанын білуге тырысамын"
Гүлмира Әбіқай - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.06.2022
"Егер маған қызық тақырып болса, мен соңына дейін барып зерттеп, қандай оқиға болғанын білуге тырысамын"
Қазақ журналистикасы неге әлі тәуелсіз емес десеңіз: мемлекет, үкімет жалақыны бермей қойды, мына заңды қабылдамай қойды болмаса қант қымбаттап кетті, сондықтан тәуелсіз емес деп айтуға болмайды. Ол әркімнің жүрегінде жатқан оты дейміз бе, патриоттық сезімі дейміз бе... Егер де әркім осыны зерттеймін, мынау қазақ үшін, біздің ел үшін керек, менің болашақ ұрпағым үшін керек, осы тақырыпты зерттеймін, болды соны соңына дейін апарамын десе ғой. Бізде көбінесе қалай? Оқиға болды, ол өтті-кетті.
Бізде "Дау-дамайсыз" бағдарламасы оқиғаны соңына дейін апарып, немен басталды, немен бітті, барлығын зерттейді. Себебі журналист араласқаннан кейін оның нәтижесі болуы керек. Неліктен бұл жерден заңсыздық шығарып алғанын көрсетуің қажет. Сондықтан нәтижеге жұмыс істейтін журналистерді өз басым ұнатамын. Егер біз нәтижемен жұмыс істемесек, онда біздің журналистика осылай тәуелді болып кете береді.
- Жас журналистер әуел баста журналистикаға келгендегі жалынын жоғалтып алатын тәрізді. Тіпті кейбіреуі басқа салаға ауысып кетеді. Себебі неде деп ойлайсыз?
- Барлығымыз журналистикаға түскенде атойлап түсеміз. Мен мына тақырыпты жазамын, мына тақырыпты зерттеймін деп. Айтылатын, айтылмайтын, жазылатын, жазылмайтын тақырып бар.
Мен ең бірінші еңбек жолымды Қазақстан ұлттық арнасынан бастадым. Жұмысқа енді кіргенде мынаны бүйтіп жазамын, мынаны былай ұсынамын деген оймен. Тәжірибеге жаз кезінде барамыз ғой. Сол кезде бірінші маусым – балалар мерекесіне тұспа-тұс келді. Мерекеге жіберді, балалар мерекесін жазып келіп, ең соңында: "Әттең, тек осы күні емес, әр күні балаға мемлекеттен осындай қамқорлық көрсетілсе" деп жазып, өткіздім.
"Мәтінің дұрыс, жас қыз болсаң да, бәрі дұрыс" деді де ең соңындағы сөйлемді сызып тастады. "Неге оны сыздыңыз? Мен нақты осыны бергім келіп тұр ғой" дегенімде: "Жоқ оны айтпай-ақ" деп жауап берді. Сол кезде бұл мен үшін ең бірінші кедергі, ең бірінші тосынсый, сұмдық оқиға болды. Кеудемнен итергендей өзімді жаман сезіндім. 22-23 жастағы жаспын ғой енді.
"Қалай бұл сонда, мен нақты осы шындықты айтқым келді ғой, менің мәтіндегі "нүктем дәл осы" деп ойладым. Сосын: "Неге мен осыны айтпаймын, айтайыншы, шындығы осы емес пе? Неге біз күнделікті балаларға қамқорлық жасамаймыз" деген дау туды. Өзім жаңадан жұмысқа енді кіріп жатқан кезім ғой, қатты батылдана алмадым, қарсы шыға да алмадым. Сол себепті ол сөз қалып қалды. Ең қызығы ол сөз менің жүрегімде де қалып қалды.
Ол кезде жазып-жазып тастайтын әлеуметтік желі дамымаған. Қазіргі журналистерге жақсы, бір нәрсе болса бастыққа күліп қарайсыз да, үйге барған соң "Біздің бастық қызық осы" деп жаза саласыздар. Біз ол кезде жаза алмаймыз да, эмоциямыздың барлығын іште сақтаймыз.
Бізде бір қыз Қазақстан ұлттық арнасында істеді, сосын басқа арнаға ауысамын деді. 6 айдан кейін кеше ғана үйінен кебіс киіп, сүмірейіп келіп жүретін қыз астына көлік мініп келді. Сенесіз бе: содан бері 20 шақты жыл өтті, айлық әлі сол күйі. Біз сол кезде қанша айлық алдық, әлі сонша алып келеміз.
Ал ол уақытта мен сияқты тұрмыс құрмаған, жас журналист үшін ол жалақы шаш етектен болатын. Тіпті айлығымның жартысы қалып қалатын. "Не істеймін? Қайда жұмсаймын" деген сұрақ мазалайтын. Осылай ойланып жүргенде бір күні ипотека пайда бола бастады. Содан неге үй алмасқа деп ойландым. 10 мың долларға үй аламын ба деп жүрген уақытта 12 мың болды, 16 мың болды. Содан 19 мың доллар болған кезде қорқа-қорқа алдым. Осы сияқты оқиғалар ғой.
Сөйтіп тағы да жаз келді. Содан басшылыққа балалар мерекесіне мен барайыншы дедім. Бар деді. Келген соң мәтіннің соңына: "Әттең, тек осы күні емес, әр күні балаға мемлекеттен осындай қамқорлық көрсетілсе" деген сөйлемді қостым. "Бар, оқы" деді, сосын сюжетім эфирге шықты. Сол кезде мен коммерциялық арнаның әлеуетін байқадым. Сондықтан ол менің жаныма жақын арна болып қалды.
Мен сол арнаға әбден тер төгіп, жастығымды беріп жұмыс істедім. Барымды салдым. Қазір арнаның атағы маған жұмыс істейді. Жас кезіңде ештеңеден аянбай, сөйтіп барыңды салып жұмыс істеп алуың керек деп ойлаймын. Біз үйрендік, біз жүгірдік, біз қазіргідей жыламадық. Мен ақпаратқа күніне 5 сюжет жасайтынмын. Қазір журналистер 1 сюжет жасайды. Барлығымыз қопарамыз, тау-тасты жарамыз деп келеміз. Егер басшы оқыған, көреген, білімпаз, халық сүйгіш болса ешқандай кедергі болмайтын еді деп ойлаймын. Әр адамның жеке басын айта алмаймыз, олар да бір тәртіпке бағынады. Оларға да "сізге мынадай тақырып болады, мынадай болмайды" деп жөн сілтейді. Бұны кейін барып түсіндік.
Қазір өте қуаныштымыз. Әлеуметтік желі шықты, өзіңнің ойыңды тарқатып, қалай көсіліп жазғың келсе де өз еркің. Өз парақшаң, өз территорияң, өз ойың деген сияқты. Қазір менің әлеуметтік желіде белсенді болғаным соншалық халық шатасады. "Кеше сіз осындай оқиғаны беріп едіңіз, бағдарлама қашан шығады?" деп сұрайды. Мен: "Ол бағдарлама емес, дұрыс түсінбей қалдыңыз" деймін. Көпшілік әлеуметтік желідегі мақаламды эфирде жарық көрген деп шатастырады.
- Жанкешті журналистерді көріп жүрсіз бе?
- Жаңаөзен, Қаңтар оқиғасы болсын жанкешті журналистерді көріп жүрмін. Қаңтар оқиғасын жазбаған жан жоқ. Оны жазбасақ, өзімізге сын. Бірақ кім, қалай жазды, соған байланысты. Біреулер сақтықпен, біреулер жазу керек болған соң. Кейбіреуі бұл тақырыпты жазбасам журналист атыма сын болады деген оймен. Біреулер оқиғаны зерттеп барып, кірісіп жазды.
Мен қалай жаздым? Менің басқаларды сынауға қақым жоқ. Екінші жұмыс телефоным бар, ол жерде Whatsapp-тан келген хаттар үнемі толып тұрады. Тіпті оқып үлгермеймін. Дәл өзіме, жекеме келіп түскен хаттар арасынан фото-видео жіберілген, зерттелген, кейіпкері бар ақпаратты іздедім. Тарғаптағы екі адамды атып кеткен оқиға, мысалы. Одан кейін жаңағы Жанардың оқиғасы. Жоғалып кеткен жас балалар, кейін қамауға алынғандар.
Кейде байқаймын: мен жазған дүние, парақшамдағы ақпарат жеңіл-желпі порталдарда жарияланды. Мен оның барлығын көрдім. Өзіңіз білесіз, бізде қазақ журналистикасында алғанды жақсы көреді, бірақ дереккөзін көрсеткенді ұнатпайды. Олай жасау – қазақ журналистері үшін сұмдық оқиға. Таудан асқан сияқты. Өз басым кейде бір болмайтын нәрсені алсам да, ақпарат көзін жазамын. Онда тұрған түк жоқ.
Мен ол кезде декреттік демалыстамын, БАҚ-тың атынан шыққан жоқпын. Мен жеке журналист ретінде зерттеп отырдым. Білдей бір ақпарат құралдары деген аттары бар, соған қарамастан дайын фотоларды қоя салып, сөйтіп беріп отыр. Олар кейін маған хабарласты, мен олармен кері байланыс жасап отырдым.
Қаңтар оқиғасын тағы бір жыл айтамыз, екі жыл айтамыз. Сосын анда-санда ғана көтерілетін тақырып болып қана қалады. Сол күйі ол тағы бір тарихтың астына еніп, 1986, Жаңаөзен деген сияқты бір ұмыт болатын қасірет.
- Қазіргі журналистердің бір-бірімен қарым-қатынасы қандай? Қаншалықты бір-бірін қолдап, сыйласып жүр?
- Араласуы ол әркімнің өзінің жеке басының мәселесі деп ойлаймын. Біреу болады өмірде жабық болғанымен, журналистикада ашық. Бұрқ-бұрқ етіп жүрсе де, жазған кезде керемет, көсілтіп жазып жүреді. Ол үшін кінә арта алмайсың. Әр адамның мінезі әрқилы.
Өзіме келсем, өзімнің мінезім жарқын, жақсы адамды жақсы қабылдаймын, ұнатпаған адамға айтамын: "Сен дұрыс қылық жасамадың, мынауың дұрыс емес. Бұдан былай мен сенімен араласқым келмейді" деп. Себебі біз сондай жасқа келдік. Қалаған адамыңмен ғана араласатын.
Жалпы журналистикада үлкен-кішісі болсын: "Гүлмира Әбіқай, сіз осындай тақырыпта жазыпсыз, осыған қатысты ақпаратты бөлісейін деп едім, байланыс нөмірлерін бересіз бе? " немесе "Сіз өткенде осы тақырыпты бір ай бұрын қозғапсыз, бес жыл бұрын қозғапсыз, осы мәселе ары қарай не болып жатыр екен, мен көтерейін деп едім" деп айтса, бір ауыз ескертсе, мен ондайға проблема жасағым келмейді. Себебі кез келген адам, әсіресе, жастар өсуі, тартылуы керек.
Бізге бұрын бермейтін, шындығына келсек. Осыдан 15-20 жыл бұрын. "Ой ана жақтан қарап алсаңшы" дейтін. Ол кезде қарайтын әлеуметтік желі де болмаған. Жалғыз Google болды ғой деймін. Интернет енді-енді қосылған кез. Ол кезде әлеуметтік желі, YouTube деген жоқ. "Аға, қай жақтан алдыңыз? " деп сұрайтынбыз.
Кейбір материалдарды зерттеу үшін Ұлттық кітапханаға барып, бұрышына отырып алып, мәселені зерттеп, сол жақтан шықпайтынбыз. Сол кезде бір жарым минуттық сюжеттің дұрыс болуы, халыққа дұрыс жетуі үшін біз сол кезде 4-5 сағат кітапханада отырып, зерттеген кезім болған. Біз дәл сондай журналистикадан өткенбіз. Қазіргі журналистерге сөйтіп айтып көрші. Мынаны зерттеу үшін ұлттық кітапханаға барып, 4 сағат осы материалды іздеп кел немесе бір күн. Сондықтан да бізде қазір ешқандай да проблема шешілмейді.
Қазақ әйелдеріне жаным ашиды. Бәрі бақытты болса екен, күлімдеп жүрсе екен деймін. Ешкім таяқ жемесе екен деймін. Соған жыным ұстайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын мынадай оқиға болған.
Кішкентай ғана ауыл. Күйеуі вахтада істейді, келгеннен кейін шегеді, ішеді. Сөйтіп әйеліне ызаланып, әйелін ұрып-соғып, әйелі мен екі қызы ұйықтап жатқан кезде сыртынан бензин құйып, өртеп кеткен. Ол байғұстар тірідей жанып кеткен болатын. Үш мола пайда болды. Мен сол оқиғаны жаздым. Сол кезде ол оқиғаны сол жақтан жергілікті журналист бар, сол да жазды. Ол жазып, әпкесінен сұхбат алыпты. Сосын ол маған шықты.
Әр облыста мен араласатын бір журналист бар. Түрін көрмеуім мүмкін. 5-10 жыл бойы араласып келуім мүмкін. Ақпараттық аралас. Кейде сол жақта болған оқиғаны маған одан бұрын басқа біреу айтып қоюы мүмкін.
Өткенде ғана Шымкентте болған бір оқиғаны жаздым. Қыз қайтыс болған, үш баланы нағашы апасы бағып отыр. Ал күйеубаласы жоқ. Ішеді, шегеді. 2,5 ай жоқ болды. Одан қалса келіп, енесін ұрып, балаларын қорқытып кетті. Оның несі қамқоршы? Апасына не балаларға қамқорлықты, не құжаттарын бермейді. Осы оқиғаға қатысты маған бір қыз хабарласты. "Мен Шымкенттік журналиспін. Осы сіздің материалыңызды алайыншы"деді. "Қарағым, сен Шымкентте жүріп осындай оқиғаны неге білмейсің? Оны неге 1000 шақырымдағы мен білемін?" деп сұрағаныммен: "Әрине, ала ғой" деп келісімімді бердім. Ары қарай оған жол көрсеттім. "Бар, апамен сөйлес, содан кейін есебін жаса" деген сияқты.
- Қазіргі жас журналистерге көңіліңіз тола ма? Айтар ақыл-кеңесіңіз
- Маған жекеме: "Гүлмира ханым, бізде жол мәселесі шешілмей тұр. Өткенде арна журналистері келіп кетті, түк шешкен жоқ. Мәселе сол күйі қалды" деген сияқты хаттар келеді. Сол кезде сонша арна барып тұрып, тек халықты сөйлетіп кетіп қалады. Сосын жас журналистер бар ентелеп сөйлеп, керемет істі тындырдым деген сияқты.

"Біз осы ауылға келіп едік, әкім орнында жоқ болып шықты. Ол жоқ болса, оның орынбасары бар. Орнында жоқ болса, мүмкін басқа жаққа кеткен шығар. Сол жақтан барып ұста, жауап ал.

"Біз барған кезде телефонын алмады, көтермеді немесе есік сарт жабылды" деп күшті бір істі тындырғандай, тау қопарғандай айтады. "Біз барған кезде есікте қара құлып тұр екен деп бұрылып, бәленше бәленшеев" деп аяқтайды. Бұл – масқара. Бұл – журналистиканың түбі. Бұл дегенің – әлсіздік. Егер сіз барған адамнан жауап ала алмасаңыз, әкімнің қулығы, оның бір жаққа кетіп қалуы – мәселе емес. Ол – сенің әлсіздігің, сенің минусың, сенің білімсіздігің деп ойлаймын.
Қазіргі жас журналистердің құлағына алтын сырға: халықты улатып-шулатып түсіріп, айналып келгенде түк бітірмеу – бұл минус. Халықпен барғаннан кейін, халықтың мәселесімен бірге жүруің керек. Неге халықпен сол колонканың басында тұрып, 2-3 стендапп жазып кетіп қалады? Неге біз журналисті көруіміз керек? Неге біз ана суды, оның қайдан шыққанын, оған кімнің жауапты екенін көрмейміз? Қазір сюжеттерде осындай қарапайым нәрселер жоқ. Сондықтан ішің ашиды.
- Бүгінде салалық журналистикаға көңіл бөлу керек деген мәселе көтеріліп жүр. Одан қалса саяси, экономикалық, сараптамалық, зерттеу мақалалары мен бағдарламалар жоқтың қасы. Бұған не себеп?
- Жалпы салалық журналистика өзінше бір тақырып. Кейбіреуі журналист салалық болып бөлінуге тиіс дейді. Мысалы, сен тек экономиканы қаузайсың. Ауыл шаруашылығымен айналысасың, бүге-шүгесіне дейін біліп отырасың. Мен мұнымен келіспеймін. Себебі журналист әмбебап болуға тиіс. "Жоқ, мен тек мына тақырыпты ғана жазамын. Жоқ, мен бұл тақырыпты білмеймін, жаза алмаймын" деу – журналист үшін сын. Журналистің барлық жағынан көкжиегі кең болуы керек.
Қазір журналистік зерттеу деген жоғалып кетті. Жабық күйінде қалады. Тек қана жеке адамдар, осы тақырыпты үстінен қозғай береді. Кейін оқиға аяқталған кезде осының бәрін жинақтап, күшті бір репортаж жасаған сияқты болады. Мысалы "Сын сағатта" деген күшті тақырып қояды. Бірақ онда да елдің қолынан түсірілген дүниенің жинағы ғана. Мысалы, қазақ газеттерінің жиынтығы, арналардың барлығы бірігіп, тау қопарып тастауына болады.
Осыдан 5-6 жыл бұрын MBA университетінің студенттерінің қатысуымен өткен тренингке шақырды. Соған барып едім, 25-27 студент жиналды. Ол кезде мен "Кейіпкер" деген бағдарламаны алып жүрген кезім. Студенттермен сөйлесіп келіп: "Жақында бір жаңа бағдарлама ашамыз. Халықпен жақын. Репортаж болады. Сіздердің араларыңызда кім репортер болады? Репортер болғанда, қандай салаға барасыздар?" десем жиналған 27 студенттің барлығы шоубиз деп қолын көтереді. Сол кезде мен жылап жібере жаздадым. Мен үшін ол трагедия болды.
"Қалқам, сендер бәрің шоу-бизнесті түсіріп, содан репортаж жасау үшін, әншінің көйлегінің артынан, концертте өкшесінің артынан жүгіру үшін 4 жылдарыңды сарп етіп, журналистикаға келдіңдер ме? Барлықтарың шоу-бизнеске кетсеңдер, халықтың мұңын кім айтады? Астықтың қымбаттағанын, бүгінгі өзекті мәселелерді кім айтады сонда? " деп сұрағанымда ешқайсысы үндемеді. Сол кезде қарнымның ашқанын-ай.
Қазіргі жастар үшін журналистикаға келе салып Қайратпен бірге жүрсе, Мақпалдың үйін түсірсе деген маңызды сияқты. Ол журналистика емес. Ол – жеңіл-желпі нәрсе. Оны сіз журналист болмай-ақ, жаза аласыз. "Мен сіздің фанатыңыз едім" болмаса "сіздің өнеріңізді пір тұтамын" деген сияқты ғой. Солай да қол жеткізуге болады.
Сіз айтып отырған журналистердің барлығы шоубизге барамыз десе, менің қазіргі айтып отырған сөзімнің барлығы далаға кеткен болып саналады. Сондықтан халық бар жерде, қазақ бар жерде, соның қамын ойлайтын, күйттейтін, болашағын, демографияны, отандық өнімді ойлайтын журналист болады. Сол тақырыпты көтеретін журналист болуы керек. Солай болғанын қалаймын.
Біздің буын сондай бір өтпелі кезеңге, барлығы жаңа болып жатқан кезеңге тап келдік. Талай зауыт-фабрикалар ашты. Бірақ біз ол кезде оның артынан жабылып қалғанын білген жоқпын. Өзім ашып бергендей қуандым. Кейбірінің ақша алу үшін ашылғанын, жұмысы тоқтап қалғанын қайдан білдік? Енді біліп жатырмыз.
О баста сен журналистикаға бейімің барын білген кезде, мына тақырыпты зерттеймін деп алдыңа мақсат қоюың керек. Журналист ретінде бір зейнеткердің, тіпті болмаса кішкентай бір баланың бір мәселесін шешіп беруің керек. Ең құрығанда 10 жылдық ғұмырыңда елеулі тақырыпты көтеріп, жазсаң сенің журналист болғаның.
- Сіз әйел, жар, ана, кәсіби журналиссіз. Қайсысының міндеті қиынырақ?
- Әркім өзінің орнын табуы керек. Ол үшін, ең алдымен, азаматыңды дөп басып, адаспай табу қажет. Себебі жарың тарапыңнан қолдау болса, онда сен тауды да аласың, тасты да қопарасың.
Жолдасыммен отасқалы 17 жыл болды. Оның тарапынан мына жаққа бармайсың деген шектеу болған жоқ. Өйткені мен оған алдын ала ескертемін: "Менің осындай іссапарым бар, осы жаққа 5 күнге кетіп бара жатырмын" деп. "Иә, жақсы, жол болсын" дейді.
Бірақ әйел болған соң үйің шашылып жатпауы керек. Ақылы бар әйел тоңазытқышқа 5 күнге жететін тамағын дайындап кетеді. Үйінің бәрін жинастырып, жолдасыңның көйлек, галстугын іліп кет. Ол үшін әйелдің өзі де бәрін үйлестіріп, жарастыра алуы керек. Бұл мен үшін түн ұйқымды төрт бөліп, бас қатыратын мәселе емес.
"Мен съемкаға кеттім" дегеннен "мен шықтым" дегенше мені мазаламау керегін олар да біледі. Түсірілім 1 сағатқа не болмаса 7 сағатқа созыла ма, үйден ешкім де хабарласпайды. Себебі мен түсірілім кезінде мазалағанды ұнатпаймын. Отбасы мүшесі болсын, туған-туысқаным болсын, ешқашан тұтқаны көтермеймін, басып тастаймын. Өйткені мен үйде барлығын дайындап кеткенімді білемін. Түсірілім кезінде мен жан жүрегіммен жұмыстамын. Солай қалыптасқан заң. Оны ешкімге айтып, түсіндіріп қажет емес. Мамандығым әйелдік міндетімнің барлығын ысырып тастай алады.
P.S. Біз осы сұхбатты дайындап жатқан кезде Гүлмира Әбіқайдың “Дау-дамайсыз” бағдарламасы биылғы телевизиялық “Тұмар” ұлттық сыйлығын алды.
Жаңалықтар
0