Денсаулық

Сәбиді құйрық маймен емдеу қаншалықты дұрыс – педиатр пікірі

© Photo : Майра Айтуарқызының жеке архивінен алындыПедиатр Майра Айтуарқызы
Педиатр Майра Айтуарқызы - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.06.2022
Жазылу
Кезінде ата-бабаларымыз баланы қойдың құйрық майымен майлап өсіргенінен барлығы хабардар. Ал қазіргі кезде педиатр мамандар олай істемеген дұрыс деген пікірде
АЛМАТЫ, 27 маусым – Sputnik. "Таяқтың екі ұшы бар" демекші, халық емінің пайдасымен қатар зиянды тұсы да бар. Сонымен жаңа туған сәбидің денесін немен сылаған дұрыс? Тәжірибелі педиатр маман Майра Айтуарқызы Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
"Бұрын да, қазір де нәресте ауырса, бірден құйрық маймен сылап, емдеп аламыз деп ойлайтын. Бірақ баланың кеудесін маймен сылау – тұмау кезіндегі ең үлкен қателік. Себебі ол ауруды одан әрі асқындырып, обструктивті бронхитке әкеліп соғады. Яғни, тыныс жолдарының ісінуі мен қабынуы пайда болады", – дейді Майра Айтуарқызы.
Айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ешқандай хаттамада, халықаралық деңгейдегі стандарттарда құйрық маймен емдеу қолданылмайды. Тек халық емшілігінде ғана кеңінен пайдаланылады. Одан бөлек, құйрық майды ем ретінде қолданған күннің өзінде оны дәрілік мақсатта пайдалануды білетін емші температураны ескеруі керек, дейді дәрігер.
"Бір жастан асқан балаларға дене қызуы жоқ кезде сыласа болады. Қыс мезгілінде бет пен қол жарылмас үшін қолдануға жақсы болар . Ем ретінде пайдалануға болады екен деп кез келген уақытта, баланың ерекшелігін ескермей іске кіріспеген жөн. Өйткені оның иісіне кей балада лоқсу болуы мүмкін. Кейбірінде аллергия пайда болады", – дейді педиатр.
Дәрігер тәжірибесінде құйрық майды шамадан тыс ысытып баланы сылаған уақытта, денесі қызып соңы пневмонияға әкелген жағдайлар да болған.
"Санитарлық талаптар сақталмағаннан, құйрық майды ұзақ сақтағаннан оның емдік қасиеттері жойылады. Кейбір балаларда лоқсу, ұшынған сияқты құсу болып, тәбеті төмендейді. Тәжірибемде жаңа туған нәрестені құйрық маймен сылап, артынан оны бесікке бөлеген сәттер болған. Термореттелу орталығы әлі қалыптаспаған баланың қызуы артып, тыныс алуы нашарлап, өкпе қабынуымен жансақтау бөліміне түскен. Сондықтан да педиатр ретінде құйрық маймен сылауға болады деп кеңес берген емеспін".
Дәрігердің айтуынша, кейбіреуі емдік мақсатпен балаға 3-4 айынан бастап құйрық май сорғызады екен. Ал бұл дұрыс емес. Себебі ондай құнарлы затқа сәбидің бүйрек, бауыр ұйқы безінде май ферменттерін ерітетін без әлі толық қалыптаспаған. Салдарынан гастрит, өт және ішек жолдарының ауруы пайда болады.

"Баланың денесіне массаж жасау барысында қойдың майы түгіл арнайы дәріханада сатылатын майды да жағуға болмайды. Қазіргі таңда Ресей және Американың медицинасы оны тек дәрігердің нұсқауымен ғана қолдану керек екенін айтуда. Терінің саңылауларын түрлі сұйықтықпен бітеу – зат алмасу, дененің тыныс алуын тежеп, физиологиялық жетілуіне кері әсерін тигізеді", – дейді ол.

Айтуынша, тікен – тері бездерінің арнайы саңылауларына жиналатын шаң-тозаң. Көпшілік оны сәбидің түктерімен шатастырып та жатады екен.
"5 жастан асқан балаларда, асқорыту жүйесі дұрыс қалыптасқан балаларға емдік мақсатпен құйрық майды пайдалануға ешқандай қарсы көрсетілімдер жоқ болса, ыстық сүтке қосып береді. Жөтелін басуға, қақырық түсіруге, тамағы қызарып ауырған кезде қосымша терапия ретінде қолданады. Бірақ арнайы медициналық кітаптарда олай пайдалануға болады деп жазылмаған", – деген білікті дәрігер халық емін пайдалан деп кеңес бермейтінін жеткізді.
Маман үлкен ата-әжелері бар отбасында дәрігердің сөзі еленбей жататынына қынжылысын білдірді. Олар: "Дәрігер сөйлей береді, айта береді" деген пікірде көрінеді. Осылайша құйрық маймен шылқылдатып сылап, ысқылап, сипап, массаж жасайды, ішкізеді. Шамадан тыс қолдануды дағдыға айналдырған отбасындағы балаларда гастрит, өт толу, панкреатит жағдайлары жиі кездеседі.
Дәрігер ертеректе медицина дамымай тұрған уақытта адамдар амал жоқтығынан қолданғанын атап өтті.
Бұл туралы маман: "Естіп те жүрген шығарсыздар, бала құрсақта жатқан кезде анасы көп шемішке шақса, онда сәби тікенмен туылады деген сенім бар. Ол мүлдем дұрыс емес. Себебі, анасының жегені құрсақтағы балаға еш әсерін тигізбейді. Ал тікен – нәрестенің терісіне жағылған майдан болады. Оны алып тастау әркімнің өз еркінде. Өйткені оның балаға еш әсері жоқ", – дейді.
Қой - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.06.2019
Дерекқор
Таптырмас ем: құйрық майдың біз білмейтін қандай пайдасы бар?
Жаңалықтар
0