https://sputnik.kz/20220624/turmystyq-zorlyq-zombylyq-psikhologiya-25753181.html
Тұрмыстық зорлық-зомбылық психологияға қалай әсер етеді
Тұрмыстық зорлық-зомбылық психологияға қалай әсер етеді
Sputnik Қазақстан
Отбасындағы зорлық-зомбылық – күнделікті өмірде ең көп тараған және ауыр жағдайлардың бірі 24.06.2022, Sputnik Қазақстан
2022-06-24T17:55+0500
2022-06-24T17:55+0500
2023-08-09T12:54+0500
денсаулық
тұрмыстық жанжал
зорлық-зомбылық
психологтар
https://sputnik.kz/img/07e4/09/12/14995876_0:0:3001:1688_1920x0_80_0_0_76a113dccc41e90fc4def7040b9dd97a.jpg
АЛМАТЫ, 24 маусым — Sputnik. Ресми статистикалық деректер үйдегі зорлық-зомбылықтың нақты ауқымын бағалауға мүмкіндік бермейді. Бұған үйде зорлық көрген жанның құқық қорғау органдарына жүгінбейтіні себеп. Соған қарамастан, елде тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы қашан да өзекті. Sputnik Қазақстан тілшісі осы тақырыпты зерттеп, сарапшылардың пікірін білуге тырысты. 30 жастағы Жансая тұрмыс құрғанына 9 жылдан асты. Екі бала тәрбиелеп отырған ана. Алғаш көрген адамға бақытты әйел, бақытты отбасы болып көрінуі мүмкін. Алайда оның көзінен мұң байқауға болады. Себебі күйеуі оған жиі қол көтереді. "Күйеуім сырттан қараған адамға жақсы адам болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол маған жиі қол жұмсайды. Оған себеп те керек емес, жай ғана көңіл-күйі болмаса да ұрады. Сосын есін жиғанда келіп, кешірім сұрайды. Содан біраз уақыттан соң қызба мінезі басып, тағы да қол жұмсайды. Менің туыстарым араласып, көмектесуге тырысып көрді. Алайда осыдан кейін күйеуім одан сайын ашуланды. Мұны білген туыстарым жағдайды одан сайын ушықтырмас үшін мүлдем араласпауға шешім қабылдады. Өз мәселеммен өзім қалдым. Кетейін бе әлде шыдай берейін бе? Не істерімді білмеймін", – деді Жансая. Жансаяның айтуынша, ол түрлі психологиялық курстарға жазылып, түрлі тренингтер тыңдады. Бар кінә өзінен және оның мінезі мен қарым-қатынасынан деп санады. Алайда қанша тренингке қатысқанымен еш жауап таба алмады. Қазіргі уақытта психолог маманмен жұмыс істеуде. Көмегі тиер деген пікірде. Кейіпкердің психологы Жансаяның қазіргі уақытта екі таңдау алдында тұрғанын жеткізді: тиран күйеуімен балалары үшін қалу немесе ажырасу. Данияр Бейсекеев есімді кейіпкеріміз бала күнінен анасы тарапынан зомбылық көріп келгенін жеткізді. Отбасында үш ағайынды болып өсті: үлкен ағасы, қарындасы және өзі. Анасы үшеуін жалғыз өзі тәрбиелеп келді. Әкесі болса оның бала кезінде кетіп қалған. Осы әрекеті үшін ол әкесімен әлі араласпайды, өйткені кешіре алмаған. Айтуынша, анасы ағасы үй шаруасын орындамаса, оны жазалаған екен. Даниярға 6-7 жасқа толғанша тиіскен жоқ. Бірінші сыныпқа барғанында басынан бір-ақ соққы алды. "Мен ол кезде ағамнан қалған аяқкиімімді жоғалтып алдым. Сол кезде анам қатты ашуланды. Бұл сәт есімде қатты қалып қойды. Анам ас бөлмеде, мен болсам аяқкиімді қалай жоғалтып алғанымды айтып, жылап тұрмын. Анам бұрылады да ағаш тақтаймен басымнан ұрады, сосын арқамнан соққы алдым. Қатты ұрмады, ауырмады, бірақ шошып кеткеннен бе одан сайын жылай бастаймын. Анам біз жылағанда ашуланатын. Сондықтан одан сайын қатты ұра бастады. Жылауды тоқтатқанымда, мойнымнан ұстап алып, мен оның еңбегін бағаламайтынымды айтты. Ол кезде анамның әрекеті мен сөзі дұрыс сияқты көрінді", – дейді Данияр. Данияр достарымен қалалық саябаққа серуендеуге барған кезде тағы бір оқиға болған. Анасы оны ауладан ұзақ іздеген, ол кезде ешкімде ұялы телефон жоқ. Данияр болса кешкі уақытта үйге келгенде бөлмеде жылап отырған ағасын көрді. Анасы кішілерге қарамадың деп соққан көрінеді. "Анам мені аулаға апарып, тырманың ағаш ұшымен мені ұрды. Жұдырық та кетті. Содан кейін мен екі апта бойы аулаға серуендеуге шықпадым, ұялдым. Кейде бізді жайдан-жай соққының астына алатын. Дұрыс жауап бермедің бе – желкеңнен соққы аласың. Анамның көңіл-күйі болмағанда, көзіне түспес үшін ағам екеуіміз бөлмеден шықпауға тырысатынбыз. Менің ойымша, ол бізді әлсіздік пен ашудан ұрды. Оның өмірі қиын болды: үнемі жұмыс және үш баланы асырап жеткізу қажет. Ол әкемді жек көрді, ал мен болсам, ол туралы үнемі сұрадым. Мен әкем қайтып келеді және біз қайтадан жақсы өмір кешеміз деп ойладым". Уақыт өте үйдегі зорлық-зомбылыққа кейіпкеріміздің еті үйреніп кеткен. Бір жылдары анасы бір ер адаммен қосылған. Ол да балаларға қол көтерген. Данияр 13 жаста болған, ағасы болса, жатақханаға бөлек шығып кеткен еді. "Анамның екінші күйеуін өгей әке деуге де аузым бармайды. Өте жаман адам болатын. Ішімдікке салынып алып, шу шығаратын. Мені, анамды ұрды, қарындасыма тиіспеді. Бір күні темір гірмен ішімнен соқты. Ауырсынғаннан бұралып жерге құладым, ол болса тоқтаусыз төбемнен тепкіледі. Сол кезде анам араласып, оны алып шықты. Мен болсам, бір апта бойы үйде жаттым, мектепке бара алмадым. Осылай екі жыл бойы, екеуі ұрсысып, ажырасып кеткенше жалғасты. Мен, әрине, бұл жағдайға қуандым. Десе де анамның ашуы одан сайын қатты бола түсті. Ашуын қарындасымнан ала бастады, шашынан сүйреді, бетінен ұрды", – деген Данияр шыдамның шегіне жеткенін айтты. Анасы ұрғанда ол жауап қайтармайтын, қорғанбайтын. Десе де қарындасына тиіскеніне шыдай алмады. Қарындасына қол көтере бастаса анасын итеріп, алдына қарсы тұратын болды. Бір сәтте Данияр есе қайтарар деп қорыққаннан анасы зорлық-зомбылықты тоқтатты. Қазір Данияр да ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отыр, үйлі-баранды. Десе де анасымен қарым-қатынасы әлі күнге дейін дұрыс емес. Қарындасы тұрмысқа шығып, басқа қалаға көшіп кетті. Анасы үйде жалғыз қалды. Ара-тұра немерелерін алып қонаққа барып тұрады. Бірақ бір күннен артық анасының жанында қала алмайды екен. Анасы да себебін түсінгенімен, балаларынан бірде-бір рет кешірім сұрамаған. Жақсы адам болып өсуі үшін осылай тәрбиеледім деп санайтын көрінеді. Бір сәтте ұлы одан қорқып, қашқақтай бастағанын байқайды. Әкесі жұмыстан келсе, бөлмесіне қашып, көрпенің астына тығыла бастады. Бірге ойнамайтынды шығарды, далаға бірге серуендеуге шақырмайтын болды. Балабақшаға апарып тастайын дегеніне қарсылық танытты. Өз көлеңкесінен өзі қорыққан баласынан өзін көре бастады. "Ең қызығы – бала күнімде өз балам болғанда оларды ешқашан ренжітпеймін деп өзіме уәде берген едім. Ұлыма келгенде неліктен қол көтеріп, қатыгездік танытқанымды білмеймін. Балаға өзіңнің стандарттарыңды бекітіп, одан көп нәрсе күтесің. Ойлағаныңды іске асырмаса, көңіліңді қалдырса, эмоцияңды іште сақтау қиын екен. Балам менен қашып, қорқа бастағанда оның ата-анасының ойлағанын орындауға міндетті емес екенін түсіндім. Көпшілігі балақайға ересек адам сияқты қарайды. Бірдеңені түсінбегенде, сындырғанда, бүлдіргенде, жауапсыздық танытқанда ашуланады. Бірақ ол әлі бала, өмір сүруді енді үйреніп келеді". Баланың сенің идеалыңа сәйкес келуі маңызды емес дүние екенін түсінген сәті әлі есінде. Ұлы қабырғаны түрлі-түсті бояумен бояп тастады, әйелі ұрса бастады, өзі де ашуға беріле бастаған. Бір сәтте баласының әдейі жасамағанын, олай жасау дұрыс емес екенін білмегеннен осындай әрекетке барғанын түсінді. Ол әлі бала, оған мұның дұрыс емес екенін түсіндіру керек. Жұдырықпен емес, сөзбен деген ой түйді Данияр. Осы жағдайларға қатысты психолог пікірін біліп көрген едік. Психолог Нұрайым Қисабекованың пікірінше, көп жағдайда ата-анасы баласына басқа қалай түсіндіруге болатынын білмегендіктен қол жұмсауға барады. Отбасында балаларға жайлы және қауіпсіз жағдай жасау деген басты міндетін жүзеге асыра алмауынан болатын көрінеді. "Бала бақытты болғанда және ата-анасының тарапынан абсолютті махаббат пен қолдауды сезінсе, онда ата-анасына деген қатты сүйіспеншілік қалыптасады. Баласы оларды ренжітпеуге тырысады, керісінше, қуантады және мақтануға себеп бере бастайды. Мұндай отбасыларда балаларды жазалаудың қажеті жоқ. Үйде зорлық-зомбылыққа ұшыраған баланың жағдайы қалай болады? Ол әрдайым қорқыныш пен шиеленісте жүреді. Ол ата-анасына, яғни жақын адамдарына сенбейді. Бұл несімен жаман? Баланың эмоционалды интеллектісі зардап шегеді. Ол өзінің және басқалардың эмоцияларын тануды, мінез-құлқының өзіндік моделін құруды білмейді", – дейді маман. Сонымен қатар баладағы үнемі алаңдаушылық сезімі танымдық функциялардың бұзылуына әкеледі. Бала талантты және ақылды болғанымен, ол құрдастарына қарағанда аз жетістіктерге жетеді. Қорқыныш адамның дамуына жол бермейді және оның жетістіктерін тежейді.Психолог пікірінше, физикалық тұрғыдан алған жаза баланың психикасын бұзып немесе оны тәрбиелеуде одан да көп проблемалар тудыруы мүмкін. Бала: "Ата-анам мені мектепте екі алғаным үшін ұрады, демек мен оларды алдай салғаным жақсы" деген ойда болады. "Мені бәрібір бұл үшін жазаланамын. Сондықтан ештеңе жоғалтпаймын деп одан сайын ақымақ әрекеттерге барады. Айтпақшы, балалық шақтағы физикалық зорлық-зомбылық біздің психикамызға әртүрлі әсер етеді. Кейбір адамдар баласын тәрбиелеудің ұқсас моделін жасайды. Бұл тағы бір үлкен мәселе. "Мені ұрды, мұнда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ" стиліндегі дәлел жұмыс істемейді. Егер сіз әлсіз адамға физикалық зорлық-зомбылық жасасаңыз, онда күш тұрғысынан тәрбиелеу сіздің мінезіңізге де әсер етті. Бұл мәселені психологпен шешу керек", – деп қорытындылады психолог. Ал заңгер Елдар Жаныбеков тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендер екі түрлі себеппен арыздарын қайтып алады дейді. Біріншісі - бұл қолданыстағы жазаның болмауы. Айта кетері, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген жаңа түзетулер бойынша денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін (егер отбасылық тұрмыстық қатынастар туралы айтатын болсақ) ескерту немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алыну қарастырылған. Сондай-ақ, маман жаңа түзетулерде жақсы өзгерістер бар екенін жеткізді. Егер бұрын әйелдер арызына айыппұлды екеуі де төлеуге мәжбүр болса, қазіргі уақытта айыппұл алынып тасталды. Сонымен қатар енді арызды көршісі, туысы немесе кез келген танысы жаза алады. Әйелдердің арыздарын қайтарып алуының екінші себебі – күйеуі мен отбасы араласып, солардың тарапынан қысым көруі. "Зорлық-зомбылық құрбандарына туыстары, көбінесе, тиран күйеуінің анасы немесе қарындасы, көп жағдайда күйеуінің өзі қысым көрсетеді. Тіпті ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде де қысым көрсету байқалады. Ол оны тауып, аңдиды. Бұл жағдайда күйеулері жайлы өмір сүруіне мүмкіндік бермейді, ол тек ұрып-соғу ғана емес, сонымен бірге кісі өлтіру, өртеу және т.б. әрекеттерге барады. Егер туыстары, керісінше, көмектескісі келсе, бірақ жәбірленуші бас тартса, онда жапа шегуші барлығы кеткенде түбі тиран күйеуімен жалғыз қаламын деп қорқады", – дейді заңгер. Айта кетері, 2017 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық Қазақстанның қылмыстық кодексінен алынып тасталған болатын. Ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстық қылмыстар қатарынан әкімшілік құқықбұзушылықтарға ауыстырылды. Сол жылдан бастап біз әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының теріс үрдісін немесе тұрақты өсуін байқап отырмыз. Мысалы, 2020 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 120 мың жағдайы, ал 2021 жылы 125 мыңнан астам жағдай тіркелді.
Sputnik Қазақстан
media@sputniknews.com
+74956456601
MIA „Rossiya Segodnya“
2022
Еңлік Арықбай
https://sputnik.kz/img/07e6/06/02/25244741_0:0:1674:1675_100x100_80_0_0_ae4f3d2db8821c59bb810ef96d918a9c.jpg
Еңлік Арықбай
https://sputnik.kz/img/07e6/06/02/25244741_0:0:1674:1675_100x100_80_0_0_ae4f3d2db8821c59bb810ef96d918a9c.jpg
Жаңалықтар
kk_KK
Sputnik Қазақстан
media@sputniknews.com
+74956456601
MIA „Rossiya Segodnya“
https://sputnik.kz/img/07e4/09/12/14995876_374:0:2625:1688_1920x0_80_0_0_5661ae96c0c1a822a61dcf45335a9722.jpgSputnik Қазақстан
media@sputniknews.com
+74956456601
MIA „Rossiya Segodnya“
Еңлік Арықбай
https://sputnik.kz/img/07e6/06/02/25244741_0:0:1674:1675_100x100_80_0_0_ae4f3d2db8821c59bb810ef96d918a9c.jpg
тұрмыстық жанжал, зорлық-зомбылық, психологтар
тұрмыстық жанжал, зорлық-зомбылық, психологтар
АЛМАТЫ, 24 маусым — Sputnik. Ресми статистикалық деректер үйдегі зорлық-зомбылықтың нақты ауқымын бағалауға мүмкіндік бермейді. Бұған үйде зорлық көрген жанның құқық қорғау органдарына жүгінбейтіні себеп. Соған қарамастан, елде тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы қашан да өзекті.
Sputnik Қазақстан тілшісі осы тақырыпты зерттеп, сарапшылардың пікірін білуге тырысты.
30 жастағы Жансая тұрмыс құрғанына 9 жылдан асты. Екі бала тәрбиелеп отырған ана. Алғаш көрген адамға бақытты әйел, бақытты отбасы болып көрінуі мүмкін. Алайда оның көзінен мұң байқауға болады. Себебі күйеуі оған жиі қол көтереді.
"Күйеуім сырттан қараған адамға жақсы адам болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол маған жиі қол жұмсайды. Оған себеп те керек емес, жай ғана көңіл-күйі болмаса да ұрады. Сосын есін жиғанда келіп, кешірім сұрайды. Содан біраз уақыттан соң қызба мінезі басып, тағы да қол жұмсайды. Менің туыстарым араласып, көмектесуге тырысып көрді. Алайда осыдан кейін күйеуім одан сайын ашуланды. Мұны білген туыстарым жағдайды одан сайын ушықтырмас үшін мүлдем араласпауға шешім қабылдады. Өз мәселеммен өзім қалдым. Кетейін бе әлде шыдай берейін бе? Не істерімді білмеймін", – деді Жансая.
Жансаяның айтуынша, ол түрлі психологиялық курстарға жазылып, түрлі тренингтер тыңдады. Бар кінә өзінен және оның мінезі мен қарым-қатынасынан деп санады. Алайда қанша тренингке қатысқанымен еш жауап таба алмады. Қазіргі уақытта психолог маманмен жұмыс істеуде. Көмегі тиер деген пікірде. Кейіпкердің психологы Жансаяның қазіргі уақытта екі таңдау алдында тұрғанын жеткізді: тиран күйеуімен балалары үшін қалу немесе ажырасу.
Данияр Бейсекеев есімді кейіпкеріміз бала күнінен анасы тарапынан зомбылық көріп келгенін жеткізді. Отбасында үш ағайынды болып өсті: үлкен ағасы, қарындасы және өзі. Анасы үшеуін жалғыз өзі тәрбиелеп келді. Әкесі болса оның бала кезінде кетіп қалған. Осы әрекеті үшін ол әкесімен әлі араласпайды, өйткені кешіре алмаған.
"Анама үш баланы асырау қиынға соқты. Ол күндізгі және түнгі ауысымда аспаз болып қызмет етті. Мені бастапқыда әжем тәрбиелесе, кейін ағам қарады. Ағаммен жас айырмашылығымыз 4 жас, ал қарындасым менен 1 жасқа кіші".
Айтуынша, анасы ағасы үй шаруасын орындамаса, оны жазалаған екен. Даниярға 6-7 жасқа толғанша тиіскен жоқ. Бірінші сыныпқа барғанында басынан бір-ақ соққы алды.
"Мен ол кезде ағамнан қалған аяқкиімімді жоғалтып алдым. Сол кезде анам қатты ашуланды. Бұл сәт есімде қатты қалып қойды. Анам ас бөлмеде, мен болсам аяқкиімді қалай жоғалтып алғанымды айтып, жылап тұрмын. Анам бұрылады да ағаш тақтаймен басымнан ұрады, сосын арқамнан соққы алдым. Қатты ұрмады, ауырмады, бірақ шошып кеткеннен бе одан сайын жылай бастаймын. Анам біз жылағанда ашуланатын. Сондықтан одан сайын қатты ұра бастады. Жылауды тоқтатқанымда, мойнымнан ұстап алып, мен оның еңбегін бағаламайтынымды айтты. Ол кезде анамның әрекеті мен сөзі дұрыс сияқты көрінді", – дейді Данияр.
Данияр достарымен қалалық саябаққа серуендеуге барған кезде тағы бір оқиға болған. Анасы оны ауладан ұзақ іздеген, ол кезде ешкімде ұялы телефон жоқ. Данияр болса кешкі уақытта үйге келгенде бөлмеде жылап отырған ағасын көрді. Анасы кішілерге қарамадың деп соққан көрінеді.
"Анам мені аулаға апарып, тырманың ағаш ұшымен мені ұрды. Жұдырық та кетті. Содан кейін мен екі апта бойы аулаға серуендеуге шықпадым, ұялдым. Кейде бізді жайдан-жай соққының астына алатын. Дұрыс жауап бермедің бе – желкеңнен соққы аласың. Анамның көңіл-күйі болмағанда, көзіне түспес үшін ағам екеуіміз бөлмеден шықпауға тырысатынбыз. Менің ойымша, ол бізді әлсіздік пен ашудан ұрды. Оның өмірі қиын болды: үнемі жұмыс және үш баланы асырап жеткізу қажет. Ол әкемді жек көрді, ал мен болсам, ол туралы үнемі сұрадым. Мен әкем қайтып келеді және біз қайтадан жақсы өмір кешеміз деп ойладым".
Уақыт өте үйдегі зорлық-зомбылыққа кейіпкеріміздің еті үйреніп кеткен. Бір жылдары анасы бір ер адаммен қосылған. Ол да балаларға қол көтерген. Данияр 13 жаста болған, ағасы болса, жатақханаға бөлек шығып кеткен еді.
"Анамның екінші күйеуін өгей әке деуге де аузым бармайды. Өте жаман адам болатын. Ішімдікке салынып алып, шу шығаратын. Мені, анамды ұрды, қарындасыма тиіспеді. Бір күні темір гірмен ішімнен соқты. Ауырсынғаннан бұралып жерге құладым, ол болса тоқтаусыз төбемнен тепкіледі. Сол кезде анам араласып, оны алып шықты. Мен болсам, бір апта бойы үйде жаттым, мектепке бара алмадым. Осылай екі жыл бойы, екеуі ұрсысып, ажырасып кеткенше жалғасты. Мен, әрине, бұл жағдайға қуандым. Десе де анамның ашуы одан сайын қатты бола түсті. Ашуын қарындасымнан ала бастады, шашынан сүйреді, бетінен ұрды", – деген Данияр шыдамның шегіне жеткенін айтты.
Анасы ұрғанда ол жауап қайтармайтын, қорғанбайтын. Десе де қарындасына тиіскеніне шыдай алмады. Қарындасына қол көтере бастаса анасын итеріп, алдына қарсы тұратын болды. Бір сәтте Данияр есе қайтарар деп қорыққаннан анасы зорлық-зомбылықты тоқтатты.
Қазір Данияр да ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отыр, үйлі-баранды. Десе де анасымен қарым-қатынасы әлі күнге дейін дұрыс емес. Қарындасы тұрмысқа шығып, басқа қалаға көшіп кетті. Анасы үйде жалғыз қалды. Ара-тұра немерелерін алып қонаққа барып тұрады. Бірақ бір күннен артық анасының жанында қала алмайды екен. Анасы да себебін түсінгенімен, балаларынан бірде-бір рет кешірім сұрамаған. Жақсы адам болып өсуі үшін осылай тәрбиеледім деп санайтын көрінеді.
"Өзім әке болған кезде балаларды тәрбиелеудің осындай моделін ұстандым. Бір күні бұл тәрбиемнің қорқынышты екенін түсіндім. Өзімнен-өзім қорқа бастадым. Бір ұлым және екі қызым бар. Ұлым кіші болғанда оған қол жұмсадым. Анам сияқты қатты емес, бірақ ұрдым. Ұйқыға жатпағаны үшін, тамақты дұрыс жемегені үшін бұрышқа тұрғызып, жазаладым. Кез келген ұсақ-түйекке бола жаза қолдандым".
Бір сәтте ұлы одан қорқып, қашқақтай бастағанын байқайды. Әкесі жұмыстан келсе, бөлмесіне қашып, көрпенің астына тығыла бастады. Бірге ойнамайтынды шығарды, далаға бірге серуендеуге шақырмайтын болды. Балабақшаға апарып тастайын дегеніне қарсылық танытты. Өз көлеңкесінен өзі қорыққан баласынан өзін көре бастады.
"Ең қызығы – бала күнімде өз балам болғанда оларды ешқашан ренжітпеймін деп өзіме уәде берген едім. Ұлыма келгенде неліктен қол көтеріп, қатыгездік танытқанымды білмеймін. Балаға өзіңнің стандарттарыңды бекітіп, одан көп нәрсе күтесің. Ойлағаныңды іске асырмаса, көңіліңді қалдырса, эмоцияңды іште сақтау қиын екен. Балам менен қашып, қорқа бастағанда оның ата-анасының ойлағанын орындауға міндетті емес екенін түсіндім. Көпшілігі балақайға ересек адам сияқты қарайды. Бірдеңені түсінбегенде, сындырғанда, бүлдіргенде, жауапсыздық танытқанда ашуланады. Бірақ ол әлі бала, өмір сүруді енді үйреніп келеді".
Баланың сенің идеалыңа сәйкес келуі маңызды емес дүние екенін түсінген сәті әлі есінде. Ұлы қабырғаны түрлі-түсті бояумен бояп тастады, әйелі ұрса бастады, өзі де ашуға беріле бастаған. Бір сәтте баласының әдейі жасамағанын, олай жасау дұрыс емес екенін білмегеннен осындай әрекетке барғанын түсінді. Ол әлі бала, оған мұның дұрыс емес екенін түсіндіру керек. Жұдырықпен емес, сөзбен деген ой түйді Данияр.
Осы жағдайларға қатысты психолог пікірін біліп көрген едік. Психолог Нұрайым Қисабекованың пікірінше, көп жағдайда ата-анасы баласына басқа қалай түсіндіруге болатынын білмегендіктен қол жұмсауға барады. Отбасында балаларға жайлы және қауіпсіз жағдай жасау деген басты міндетін жүзеге асыра алмауынан болатын көрінеді.
"Бала бақытты болғанда және ата-анасының тарапынан абсолютті махаббат пен қолдауды сезінсе, онда ата-анасына деген қатты сүйіспеншілік қалыптасады. Баласы оларды ренжітпеуге тырысады, керісінше, қуантады және мақтануға себеп бере бастайды. Мұндай отбасыларда балаларды жазалаудың қажеті жоқ. Үйде зорлық-зомбылыққа ұшыраған баланың жағдайы қалай болады? Ол әрдайым қорқыныш пен шиеленісте жүреді. Ол ата-анасына, яғни жақын адамдарына сенбейді. Бұл несімен жаман? Баланың эмоционалды интеллектісі зардап шегеді. Ол өзінің және басқалардың эмоцияларын тануды, мінез-құлқының өзіндік моделін құруды білмейді", – дейді маман.
Сонымен қатар баладағы үнемі алаңдаушылық сезімі танымдық функциялардың бұзылуына әкеледі. Бала талантты және ақылды болғанымен, ол құрдастарына қарағанда аз жетістіктерге жетеді. Қорқыныш адамның дамуына жол бермейді және оның жетістіктерін тежейді.
Психолог пікірінше, физикалық тұрғыдан алған жаза баланың психикасын бұзып немесе оны тәрбиелеуде одан да көп проблемалар тудыруы мүмкін. Бала: "Ата-анам мені мектепте екі алғаным үшін ұрады, демек мен оларды алдай салғаным жақсы" деген ойда болады.
"Мені бәрібір бұл үшін жазаланамын. Сондықтан ештеңе жоғалтпаймын деп одан сайын ақымақ әрекеттерге барады. Айтпақшы, балалық шақтағы физикалық зорлық-зомбылық біздің психикамызға әртүрлі әсер етеді. Кейбір адамдар баласын тәрбиелеудің ұқсас моделін жасайды. Бұл тағы бір үлкен мәселе. "Мені ұрды, мұнда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ" стиліндегі дәлел жұмыс істемейді. Егер сіз әлсіз адамға физикалық зорлық-зомбылық жасасаңыз, онда күш тұрғысынан тәрбиелеу сіздің мінезіңізге де әсер етті. Бұл мәселені психологпен шешу керек", – деп қорытындылады психолог.
Ал заңгер Елдар Жаныбеков тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендер екі түрлі себеппен арыздарын қайтып алады дейді. Біріншісі - бұл қолданыстағы жазаның болмауы.
Айта кетері, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген жаңа түзетулер бойынша денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін (егер отбасылық тұрмыстық қатынастар туралы айтатын болсақ) ескерту немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алыну қарастырылған.
"Заң қылмыскерлер үшін дұрыс жаза қарастырған жоқ. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары дәлел жинаудың, сотқа жүгінудің, кінәліге айыппұл, ескерту немесе 10-15 тәулікке қамауға алу үшін уақыт жұмсағысы келмейді. Жәбірленуші арыз жазып, күдікті қарсы арыз беретін сәттер де кездеседі. Қазірдің өзінде сотта татуласуды ұсынады, өйткені екеуі де кінәлі. Сонда әйелді кінәлі қылып шығарады", – деді ол.
Сондай-ақ, маман жаңа түзетулерде жақсы өзгерістер бар екенін жеткізді. Егер бұрын әйелдер арызына айыппұлды екеуі де төлеуге мәжбүр болса, қазіргі уақытта айыппұл алынып тасталды. Сонымен қатар енді арызды көршісі, туысы немесе кез келген танысы жаза алады.
Әйелдердің арыздарын қайтарып алуының екінші себебі – күйеуі мен отбасы араласып, солардың тарапынан қысым көруі.
"Зорлық-зомбылық құрбандарына туыстары, көбінесе, тиран күйеуінің анасы немесе қарындасы, көп жағдайда күйеуінің өзі қысым көрсетеді. Тіпті ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде де қысым көрсету байқалады. Ол оны тауып, аңдиды. Бұл жағдайда күйеулері жайлы өмір сүруіне мүмкіндік бермейді, ол тек ұрып-соғу ғана емес, сонымен бірге кісі өлтіру, өртеу және т.б. әрекеттерге барады. Егер туыстары, керісінше, көмектескісі келсе, бірақ жәбірленуші бас тартса, онда жапа шегуші барлығы кеткенде түбі тиран күйеуімен жалғыз қаламын деп қорқады", – дейді заңгер.
Айта кетері, 2017 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық Қазақстанның қылмыстық кодексінен алынып тасталған болатын. Ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстық қылмыстар қатарынан әкімшілік құқықбұзушылықтарға ауыстырылды. Сол жылдан бастап біз әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының теріс үрдісін немесе тұрақты өсуін байқап отырмыз.
Мысалы, 2020 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 120 мың жағдайы, ал 2021 жылы 125 мыңнан астам жағдай тіркелді.