Экономика

Тоқаев: Қазақстан азық-түлік дағдарысын еңсеруге үлес қосуға дайын

© Pixabay / Bru-nOҰн
Ұн - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.06.2022
Жазылу
Қазақстан БРИКС елдерімен қарқынды серіктестікті дамытуға мүдделі, деді президент
НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым — Sputnik. Азық-түлік дағдарысын тиімді еңсеру ісі оған төтеп беру жөніндегі қысқа және ұзақ мерзімді халықаралық шаралардың үйлесімді болуын қажет етеді, деді Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС+ ұйымының жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейлі диалогында.
Жиында президент қазір дүниежүзі бұрын-соңды болмаған геосаяси және экономикалық тұрақсыздықпен бетпе-бет келіп отырғанына назар аударды. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің қиындап кеткеніне мән берді.
"Соңғы бірнеше айда әлемде азық-түлік мәселесіне қатысты жағдай күрделеніп кетті. Егер азық-түлік жеткізу желісінің бұзылуы жалғаса берсе, миллиондаған адамның өміріне қауіп төнеді. Бүгінде әлемдегі ең ірі азық-түлік өндірушілердің төрттен үші БРИКС елдері", - деді Қазақстан президенті.
Осы ұйымға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы бойынша жалпы ішкі өнімі бүкіләлемдік өнімнің жартысынан астамын құрайды. Азық-түлік дағдарысын тиімді еңсеру ісі оған төтеп беру жөніндегі қысқа және ұзақ мерзімді халықаралық шаралардың үйлесімді болуын қажет етеді.
"Қазақстан өзінің ауыл шаруашылығы саласындағы мол әлеуетін пайдалана отырып, осы игі іске үлес қосуға дайын. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін сату жүйесінің дұрыс жұмыс істеуін талап етеді. Осыған байланысты жақында ғана Қазақстанның төрағалығымен өткен Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер министрлерінің 12-конференциясы тиісті келіссөздерге жаңа саяси бағыт берді, – деді мемлекет басшысы.
"БРИКС елдері арасында жоғары деңгейдегі серіктестік қатынас орнату, жаһандық дамудың жаңа дәуірін құру" атты тақырыптағы БРИКС-тің 14-саммиті Қытайдың төрағалығымен өтіп жатыр. Тоқаев онлайн форматтағы маңызды іс-шараға шақырғаны және ұйымдастырғаны үшін ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге ризашылығын білдірді.
"Қазақстан БРИКС-ті ықпалды ұйым әрі әлемдік экономиканың өсімін өрге сүйреп келе жатқан негізгі күштердің бірі ретінде қарастырады. Қазақстан БРИКС елдерімен қарқынды серіктестікті дамытуға мүдделі. Сондай-ақ былтыр бұл ұйымға мүше елдермен арадағы тауар айналымы 45 миллиард АҚШ долларынан асты. Осыған орай алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыру үшін мол мүмкіндік бар, – деді президент.
Жаңалықтар
0