Қазақстан шетелдік инвестиция көлемін 25,5 млрд долларға дейін ұлғайтпақ

© Photo : Pixabay / Nattanan KanchanapraАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.06.2022
Жазылу
Республика инвестиция өсімінің пандемияға дейінгі деңгейіне жетті
НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik. Қазақстан үкіметі Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын бекітті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президенттің тапсырмасымен Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы әзірленді.
"Бұл құжат ел экономикасына тартылатын инвестициялардың өсуіне айтарлықтай ықпал етеді. Жалпы, біз инвестиция өсімінің пандемияға дейінгі деңгейіне жеттік. Биылғы жылдың 5 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2,5%-ке өсіп, 4,1 триллион теңгені құрады", - деді премьер-министр Смайылов үкімет отырысында.
Өңірлер арасында биыл Ақмола облысы, Шымкент және Алматы қалалары негізгі капиталға салынған инвестиция өсімінің жоғары қарқынын көрсетіп отыр. Ал Түркістан және Қарағанды облыстарында бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеп кеткен.
2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 38%-ке өсіп, шамамен 24 миллиард долларды құрады.
"Қазақстан – тікелей шетелдік инвестиция үшін тартымды ел және бұл жағынан Орталық Азия өңірінде көш бастап тұр. Қазіргі жағдайда біз осы позицияны нықтай түсіп, шетелдік инвестиция үшін күресте белсенді қимылдауымыз керек және инвесторларға барынша оңтайлы жағдай жасауымыз қажет", - деді үкімет басшысы.
Сондай-ақ экономиканың шикізаттық емес секторларында инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздерін кеңейту керек.
Смайылов бүгін ұсынылып отырған Инвестициялық саясат тұжырымдамасы экономиканы дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың драйверіне айналатын жаңа инвестициялық циклдің бастауы болуға тиіс екенін атап өтті.
"Тұжырымдамада 2026 жылы негізгі капиталға инвестиция деңгейін жалпы ішкі өнімнің 25,1%-не дейін жеткізуді және тікелей шетелдік инвестиция көлемін 25,5 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздейтін ауқымды мақсатты индикаторлар белгіленген", - деді премьерв.
Мемлекеттік инвестициялық саясат сапалы шетелдік және ішкі инвестицияны тартуға, экономикалық белсенділікті арттыруға және халықтың табысын ұлғайтуға, оның ішінде жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталады.
Үкімет тұжырымдаманы бекітті.
Жаңалықтар
0