Президент ел үшін стратегиялық міндетті атады

© Официальный сайт Президента КазахстанаПрезидент ел үшін стратегиялық міндетті атады
Президент ел үшін стратегиялық міндетті атады - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.06.2022
Жазылу
Тоқаев азаматтармен қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыру қажеттігіне тоқталды
НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қазақстан полициясының 30 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
"Бұл – тәуелсіздік тарихындағы айтулы белес. Құқық қорғау жүйесі – мемлекеттігіміздің берік негізі. Сондай-ақ, елдегі тұрақтылықтың басты кепілі. Заңның орындалуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау – жауапкершілігі мол жұмыс. Өткен жылдарда ішкі істер саласына ауқымды әрі жүйелі реформа жасалды. Соның нәтижесінде полициямыз өз міндетін жоғары деңгейде атқаруда", - деді Тоқаев.
Ол тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде құқық қорғау жүйесі түрлі сын-қатермен бетпе-бет келгенін еске салды.
"Өтпелі кезеңдегі ахуал қандай күрделі болғанын жақсы білесіздер. Полиция қылмыспен табанды түрде күресті. Сол арқылы бизнестің қалыптасуына жағдай жасалды. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша маңызды болды. Мұның бәрі көзсіз ерлік пен тынымсыз еңбекті талап етеді. Сіздер қиын кезде антқа адал болып, халыққа қызмет еттіңіздер. Мен барша полиция ардагерлеріне зор алғыс айтамын. Тәртіп сақшыларының жаңа буыны Сіздерді үлгі-өнеге тұтады", - деді ол.
Президент құқық қорғау қызметкерлеріне айрықша міндет жүктелгенін атап өтті.
"Бұл, әсіресе, қаңтар оқиғалары кезінде анық байқалды. Тәртіп сақшылары отаншылдықтың шынайы үлгісін көрсетті. Дегенмен, бейқам отыруға болмайды. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Оның бәрі ішкі істер органдарының түбегейлі өзгеруін талап етеді. Біз болашаққа нық сеніммен қадам басуымыз қажет. Қуатты мемлекет болу үшін мызғымас тұрақтылық, темірдей тәртіп орнауы керек. Бұл – еліміз үшін стратегиялық міндет", - деді президент.
Тоқаев азаматтармен қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыру қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ, қызмет сапасын жақсарта түсу керектігін айтты.
"Полиция өз жұмысын барынша ашық жүргізіп, халыққа жақын болуға тиіс. Бюрократиядан арылатын уақыт әлдеқашан жетті. Бұл саяси кесел халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіреді. Тұрғындардың орынды сын-ескертулерін дұрыс қабылдаған жөн. Олардың тиімді ұсыныстарын және бастамаларын мұқият қарау қажет", - деді мемлекет басшысы.
Айтуынша, азаматтық қоғам қауіпсіздік саласындағы түйткілдерді шешуге белсенді түрде қатыса алады.
"Сондықтан, полиция қызметінің сервистік үлгісін учаскелік деңгейде ғана енгізу аздық етеді. Министрліктің басқа да құрылымдары осы үлгіге көшуі керек. Әсіресе, халықпен тығыз жұмыс істейтін салаларға баса мән берілуге тиіс. Сервистік үлгінің басты ерекшелігі – құқықбұзушылықтың алдын-алу", - деді ол.
Президент қоғамға қарсы іс-әрекет туғызатын жағдайларды түбірімен жойған жөн деген ойын айтты.
"Бізде құқық бұзушылықтың алдын-алу жөніндегі комиссиялар бар. Республикалық және өңірлік деңгейдегі осындай комиссиялардың мүмкіндігін толық пайдаланған жөн. Әкімдер де аймақтың тұрақтылығы мен тыныштығына жауапты. Үкімет олардың осы бағыттағы жұмысына қойылатын талапты қайта қарауы қажет", - деді өз сөзінде мемлекет басшысы.
Тағы бір маңызды міндет – әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау. Министрлікте осындай істерді тергеумен айналысатын арнаулы бөлім қайта ашылды.
"Менің тапсырмам бойынша биыл әйелдер мен балаларға кешенді қолдау көрсететін орталықтар құрылды. Бұл орталықтар қазір пилоттық режимде жұмыс жасап тұр. Онда психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, тиісті сараптамалар жасалады. Арнайы даярлықтан өткен тергеуші әйелдер зардап шеккен жандарға жәрдем береді", - деді Тоқаев.
Президент мұндай орталықтарды бүкіл ел аумағында ашып, ауқымын кеңейту керек деп отыр. Мұны үкіметке және әкімдерге тапсырды.
Жаңалықтар
0