"Неге төлеуім керек": Елордалықтар ақылы автотұраққа қарсылық білдірді

© Sputnik / Владислав ВодневНұр-Сұлтандағы ақылы автотұрақтың белгісі
Нұр-Сұлтандағы ақылы автотұрақтың белгісі - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.06.2022
Жазылу
Көк жолақ түскелі елордалық көлік жүргізушілерінде көңіл-күй жоқ
НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik. Елордада ақылы автотұрақтар көбейіп жатыр. Әкімдік жыл соңына дейін орын санын 10 мыңға жеткізбекші. Осылайша қаладағы көлік қозғалысын реттеуді жоспарлап отыр. Тек оған тұрғындардың көпшілігі қарсы.
Үй алдындағы тұраққа ешқайсының ақша төлегісі жоқ. Бірақ жәй ғана қарсылықпен мәселе шешілмейтін сыңайлы. Өйткені ақша төлемегендер шетінен айыппұл арқалауда, деп хабарлады КТК.
Көк жолақ түскелі елордалық көлік жүргізушілерінде көңіл-күй жоқ. Оң жағалау тұрғындары күндіз көлігін қайда қоярын білмейді. Үй алдындағы тұрақ аяқасты ақылы болып кетсе де, артық ақша беруге ешкімнің құлқы жоқ. Сағаты - 100 теңге. Оны төлегісі келмеген немесе ұмытқандары шетінен айыппұл арқалап жатыр.
"Үйге түскі ас ішуге өзімнің жеке көлігіммен келдім. 15 минут қана тамақтандым. Сөйтсем үш күннен кейін айыппұл келіп тұр. Тоғыз мың теңге. Әу баста мына паркоматқа төлегім келген, ол істемейді ғой. Енді өзім осы жерде тұрсам, неге төлеуім керек, түсінбеймін", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Шәкір Мыңбаев.
Шәкір сияқты пұшайман болып жүргендер көп. Тұрақтар қазір таңертеңгі 10-нан кешкі 20:00-ге дейін ғана ақылы. Түнгі уақыт пен демалыс күндері ғана тегін. Елордада ақылы тұрақтар осыған дейін тек сауда орталықтары мен демалыс саябақтарына қойылған болатын.
"Имановтың бойында жұмыс істеймін. Бірақ қазір тұрақ ақылы болғаннан кейін, аулаларға, шлагбаум жоқ жерге қоюға тырысамыз. Шынымды айтсам қанша төлеу керектігін білмеймін. Кейбір адамдардың қалтасы көтереді, кейбірінікі көтермейді", - дейді Әнуар Сайтуғанов есімді Нұр-Сұлтан тұрғыны.
Атышулы көк жолақтардың авторы – "Астана көлік тұрағы кеңістігі". Мекеменің өз назы бар. Кей жүргізушілер бос орынға көлігін бірнеше сағат емес, апталап қойып кетеді екен. Ол төтенше жағдайда немесе қардан тазартатын шақта кедергі келтіреді-мыс. Мекемедегілер осылайша жауапсыз көлік иелерін тәртіпке шақырмақ. Әрі астанадағы көлік кептелісін азайтамыз деген сенімде.
"Автотұрақ маңындағы үйлердің тұрғындары үшін айына 1500 теңге тұратын резиденттік абонемент жұмыс істейді. Ал жұмыс істейтін жеріңіздегі орынды 9000 теңгеге сатып алсаңыз болады. Қаладағы барлық ақылы тұраққа көлігіңізді қойып жүргіңіз келсе, айына 15 мың теңге төлейтін абонемент бар. Мысалы сіз курьер болып жұмыс істесеңіз өте қолайлы", - деп түсіндірді "Астана көлік тұрағы кеңістігі" ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаев.
Нұр-Сұлтандық бір миллионнан астам тұрғынның жартысында көлік бар. Сол темір тұлпар тізгіндеген тұрғындардің көбі тұраққа тиын төлеуге қарсы. Олар ақша үкіметке емес, жеке бизнестің қалтасын толтырады деген пікірде. Олай дейтін жөні бар. Өйткені Алматыда да тура осындай жүйе бар. Тек мұнда "А-Пракинг" басшылы жылдар бойы жүргізушілерден жинаған миллиардтарды қалтаға басып, дәл қазір істі болып жатыр. Ал компанияның өзі үлкен шудан соң, әкімдік меншігіне өтті.
Батыс елдерінде ақылы тұрақтан жиналған сома қоғамдық көлікті жаңартуға, жөндеуге, сатып алуға жұмсалады. Ал елордада ақылы тұрақтар 2018 жылдан бері қойыла бастаған. Осы уақыт аралығында одан бір жарым миллиард теңге түскен. Оның бар-жоғы бес пайызы қала әкімдігіне беріліпті. Алайда әкімдік биыл тұрақтардың көбеюіне байланысты енді 25 пайызын аламыз деп отыр.
Жаңалықтар
0