Мәжіліс жанынан Қоғамдық палата құрылды

© Sputnik / Болат ШайхиновАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.06.2022
Жазылу
Қоғамдық палатаның құрамына конструктивті оппозиция өкілдері де тартылады
НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. VII сайланған мәжілістің жанынан Қоғамдық палата құрылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Енді қызу пікірталастар митингтерде емес, мәжіліс жанынан құрылған қоғамдық палатаның отырыстарында өтеді.
"Бұл кейбір депутаттар айтқандай "қойшыны көбейту" емес. Бізге тағы да бір қосымша алаң ашылды. Президент қызу пікірталастар көшеде емес, митингтерде емес, осы мәжілістің қабырғасында өтуі керек екенін айтқанын білесіздер. Сол үшін осы палата құрылып отыр", - деді мәжіліс спикері Ерлан Қошанов.
Айтуынша, қоғамдық палатаның қашан жұмыс істей бастайтыны әзірге белгісіз. Қошанов палата жұмысына әрбір депутатты белсене атсалысуға үндеді.
"Оның мүшесі болу міндетті емес. Бірақ кез келген заң жобасы бойынша айтар пікіріңіз болса, әрбір депутаттың оған қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл жұмысты мен өзім тікелей қадағалаймын", - деді төменгі палата төрағасы.
Қоғамдық палатаның құрамы келесі аптада белгілі болады.
"Осы институт аясында бұған дейін парламент қабырғасындағы талқылауларға қатыспаған сарапшылар келеді. Бүгінге дейін мұндай қоғамдық талқылаулар болған жоқ. Осы палата аясында үлкен талқылаулар болады деген үлкен үмітім бар. Біз халықпен кері байланыс орнатуымыз керек. Азаматтар көшедегі митингтерге емес, осы жерге келсін. Біз соған мүмкіндік берейік", - деді Қошанов.
Қошанов бүгінде қоғамда парламенттің жұмысына жиі сын айтылатынын атап өтті.
"Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, бізге көп сын айтылады. Заң шығарушылар халықтан алшақтап кеткен деген түсінік бар. Яғни, халық бір жақта, қоғам бір жақта, заң бір жақта жұмыс істеп жатыр деген пікір бар. Сондықтан Қоғамдық палатаның басты мақсаты – неғұрлым өзекті, резонансты мәселелерді бірінші оқылымға дейін қоғамның талап-тілегі тұрғысынан қарастыру. Басты ерекшелігі – осы", - деді ол.
Айтуынша, палата жұмысына бейнебайланыс арқылы өңірлердегі қоғамдық кеңестер де қатыса алады. Палата құрамы заңдардың ерекшелігіне, бағыттарына байланысты өзгеріп тұрады.
"Басым көпшілігі депутаттар емес, қоғам белсенділері болады. Мүмкін конструктивті оппозиция дейміз, оларды да қатыстырайық. Үкіметтік емес сектордың өкілдері де тартылады", - деді Қошанов.
Қоғамдық палатаға парламенттік және парламенттік емес партия мүшелері, еліміздегі парламентаризм мәселесімен терең айналысып жүрген азаматтар, қоғам белсенділері, әртүрлі саладағы сарапшылар, саясаттанушылар мүше бола алады.
Жаңалықтар
0