Қазақстанда жүз жылдық кино кадрлары мен күй жазбалары қалай сақталады – фото
© Sputnik / Ертай СарбасовЖүз жылдық кино кадрлары
© Sputnik / Ертай Сарбасов
Жазылу
Қазақстанның Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде сақтаулы тұрған ең көне құжаттың "жасы" 130 жылдан асады
Алайда бұл архив 1941 жылдың көктемінде құрылған. Ол кезде нысан ғылыми-зерттеу мекемесі болып, Қазақ КСР Ішкі істер халық комиссариаты мұрағат бөлімінің қарамағында болды.
Архив қоры саяси, тарихи және мәдени маңызы бар кинофотоқұжаттармен толықты және әлі толықтырылып отыр. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылдың қаңтарынан бастап мекемеге қазіргі атау берілді.
Sputnik Қазақстан тілшілері архивте болып, мемлекет пен қоғам тарихын айшықтайтын құжаттарды қалай алатынын, цифрландыратынын, сақтайтынын және қалпына келтіретінін көріп қайтты.
Аудиокассеталар мен магнитті таспалар, кинотаспалар, суреттер мен видео жинақтау және ведомстволық архивтер бөліміне келіп түседі.
Уақыт, бір сәтке тоқта!
Бөлім жетекшісі Шара Есенғазиева Наталья Сац атындағы жас көрермен театрына арналған жеке коллекциядағы сурет альбомын парақтап тұр.
© Sputnik / Ертай Сарбасов Бөлім жетекшісі Шара Есенғазиева Наталья Сац атындағы жас көрермен театрына арналған жеке коллекциядағы сурет альбомын парақтап тұр
Бөлім жетекшісі Шара Есенғазиева Наталья Сац атындағы жас көрермен театрына арналған жеке коллекциядағы сурет альбомын парақтап тұр
© Sputnik / Ертай Сарбасов
Альбомның бірінші бетінде балаларға арналған әлемдегі тұңғыш драма театр мен балаларға арналған әлемдегі алғашқы музыкалық театрды қоса алғанда, алты балалар театрының негізін қалаушы әрі басшысы Наталья Сацтың суреті тұр. Соғыса дейін ол репрессияға ұшыраған, босатылған соң Алматыда тұрақтап, оның бар күшін салуының арқасында 1945 жылы Алматы жас көрермендер театры ашылды. Қазір бұл театрға Наталья Сацтың есімі берілген.
"Бұл бірегей фотоальбом, мұнда әртістердің, балалардың суреттерін, алғашқы спектакльдердің суреті бар, сол жылдардағы театр бағдарламаларын көруге болады. Міне, жаңа жылдық маскарад балы. Мына бетте 1946 жылдағы жаңа жылдық құттықтау хаттары бар. Екінші бетте Жас көрермендер театрының сахнасында қойылған қазақтың тұңғыш спектаклі "Алтын сақа" қойылымының суреттері бар", – дейді Шара Есенғазиева.
Құжатты қалай қабылдайды
Материалдарды қабылдау кезінде бөлім қызметкерлері әрбір құжатқа сипаттама береді. Құжаттарда жазба болмаса, қызметкерлер олардың қай жылғы және авторы кім екенін анықтау үшін зерттеу жүргізеді.
Одан соң алынған құжаттарды сарапшы-ревизиялық комиссия қарастырады.
"Ең алдымен сапасына қарайды: кескінге зақым келмеген бе, анық па. Сондай-ақ, оның құндылығын да анықтайды. Мұны құндылықтар сараптамасы деп атайды. Мысалы, мына суретте кескін анық емес. Бірақ мұнда Лондонда өткен халықаралық конгрестегі қазақ делегаттарының суреті бар. Сирек кездесетін сурет. Құрамына бөлім басшылары мен архивтегі тәжірибелі қызметкерлер кіретін комиссия бұл суретті сақтау-сақтамау туралы шешім қабылдайды. Комиссия отырысы әр бір жарым ай сайын өтеді", - деді Шара Есенғазиева.
© Sputnik / Ертай СарбасовҚұжаттарды қабылдау процесі
Құжаттарды қабылдау процесі
© Sputnik / Ертай Сарбасов
Sputnik Қазақстан тілшілері құжаттарды қабылдау сәтінің куәсі болды. Фотожурналист Асылан Әбдірайымұлы жұмыс кезінде түсірген негативтерді архив қорына тапсырды. Бұл Асылхан архивке тапсырып отырған фотоқұжаттардың төртінші жинағы. Журналист өзінің жеке архивін негативтер бүлінбеуі үшін талаптарға сәйкес жүргізгенін атап өтті.
"Жас Алаш" республикалық газетіндегі 25 жылдан астам қызметінде ол қоғамдық маңызы бар барлық іс-шараға қатысқан. Мысалы, ол алып келген негативтер арасында 2011 жылы Қазақстанда өткен мемлекет басшылары саммитінің суреті бар. Саммитке марқұм Ислам Кәрімов, Леонид Кучма, Сапармұрат Ниязов, Эдуард Шеварнадзені қоса алғанда, 11 елдің президенттері қатысты.
"Менде 30 мыңға жуық сурет бар. Алдымен негатив күйінде сақтаулы суреттерді, кейіннен цифрлық тасымалдаушыдағы фотоларды тапсыруды жөн көріп отырмын. Сонымен қатар, басып шығарылған суреттер салынған үш қорап та бар", - деді Асылхан Әбдірайымұлы.
Технологиялар көмекке келді
Құндылық сараптамасынан өткеннен кейін құжаттар есеп бөліміне жіберіледі. Оларға архивтік нөмірлер беріледі де, түрлері бойынша іріктеліп, сақтау бөліміне жолданады.
"Архивтің ең басты мақсаты – түпнұсқаны сақтау. Екінші мақсаты – тыңдау және көру кезінде түпнұсқаны мейлінше аз зақымдау, сондай-ақ зерттеушілерге одан әрі қолдану үшін жедел беру мақсатында цифрландыру және көшірмелерін дайындау", - деп түсіндірді архивтің бас сақтаушысы Юлия Волчкова.
© Sputnik / Ертай СарбасовАрхивтің бас сақтаушысы Юлия Волчкова
Архивтің бас сақтаушысы Юлия Волчкова
© Sputnik / Ертай Сарбасов
Юлия Волчкова 1928-31 жылдарға жататын суретші-этнограф Папенің суреттерін көрсетіп тұр. Фотографтың ұлы бұл суреттерді архивке тапсырған. Суретте қазақ ақыны Міржақып Дулатов пен қазақ ағартушысы Ахмет Байтұрсынов бейнеленген. Бірақ суретші өз туындысын танымал тұлғаларға қарап салды ма, әлде суретке қарап дайындады ма, оны анықтау мүмкін емес.
Сондай-ақ, әнші Ғарифулла Құрманғалиевтің қызы, белгілі опера әншісі Сәуле Құрманғалиеваның, актер Асанәлі Әшімовтің және зеңбірекші, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың суреттері де тіркеу үшін есеп бөліміне тапсырылды.
Есеп бөлімінде бақылау сурет белгілерін басып шығару үшін құжаттарды сканерлейді. Олар алдағы уақытта зерттеушілер аннотацияны оқыған кезде суреттерді де көре алатындай етіп карталарға орналастырылады. Құжаттар есепке алынып, шифрланған соң сақтау бөліміне жеткізіледі.
Фотоқұжаттар 2000 жылдан бастап сканерленген. Сканерлерде 18x28 өлшемді үлкен индекстердің негативтерін де, 2,5х3,5 өлшемдегі шағын индексті негативтерді де сканерлеуге мүмкіндік беретін слайд-модульдер бар. Сканерлеу жоғары мүмкіндікпен орындалады. Осылайша зерттеушілер құжаттарды әр түрлі мақсатта, яғни тек жариялау үшін ғана емес, сонымен қатар плакаттарда бейнелеу үшін де пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Сканерлеу кезінде түсті қалпына келтіруді, фонды түзетуді де таңдауға болады. Фотосуреттер TIFF форматында ұзақ мерзімді сақтау серверінде сақталады.
Мың рет естігенше, бір рет көр
Архивте құжаттардың барлық түрін оқу және қайта жазу мүмкіндігі бар.
2000-жылдардан бастап архив құжаттарды цифрландырумен айналысады. Алдымен бейнематериалдар таспалардан кассетаға, содан кейін шағын-DVD-ге қайта жазылды. 2012 жылы архив Full HD форматында сканерлеуге мүмкіндік беретін киносканерін, 2020 жылы 4K мүмкіндіктегі киносканерін сатып алды.
Аппараттың жарық диодты жарығы, оптикалық дыбысты лазерлік оқу мүмкіндігі бар. Цифрландыру станциясында таспадан компьютерге жіберіліп жатқан материалды көруге болады.
© Sputnik / Ертай СарбасовЦифрландыру станциясында таспадан компьютерге жіберіліп жатқан материалды көруге болады
Цифрландыру станциясында таспадан компьютерге жіберіліп жатқан материалды көруге болады
© Sputnik / Ертай Сарбасов
"Таспа ластануы мүмкін. Мысалы, бактериологиялық ластану. Бұл зең немесе басқа ластануы болуы ықтимал. Егер зең бөлігі сканерлеушіаппаратқа түссе, онда оған орналастырылатын кезекті таспа да зақымдалады. Сондықтан ең алдымен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, таспаның жай-күйіне тексеру жүргізіледі. Егер ол зақымдалған болса, оны жабыстырып, перфорациясын қалпына келтіреді. Таспа сақтау кезінде құрған, түсі өзгеруі мүмкін. Кебу кезінде перфорация қадамы өзгереді де, алдымен ылғалдандыру, қалпына келтіру, реставрация рындалады. Содан кейін ғана таспа сканерленеді", - дейді архивтегі бас инженер Борис Волчков.
Таспада тек кескін, ал дыбыс жолағы бөлек қосымшаретінде жүретін жағдайлар да кездеседі. Ондай кезде аудиосканер қосылып, 36 және 16 миллиметрлі оптикалық дыбыстар мен магниттік дыбыстарды жазады.
Архивте DVD және VHS-кассеталарын оқи алатын мүмкіндік бар. Борис Волчков VHS кассеталарындағы кескіннің сапасы өте нашар болатынын айтты. Сондықтан мұнда форматтағы тек ерекше кадрларды ғана қабылдайды.
Айтылған сөз, атылған оқпен тең...
Бас инженер Саян Ақмолда архив қорында сақтаулы тұрған теңдессіз мұралар туралы шабыттана әңгімеледі.
"Бұрын күй, жырлар магниттік таспаға жазылып, одан кейін Ташкенттегі грампластинкалар зауытына жіберілетін. Міне, осы магниттік таспадағы түпнұсқа дыбыстардың барлығы біздің архивте сақтаулы тұр. Аса құнды магниттік таспалар бөлек сақталады. Олардың ішінде Дінмұхаммед Қонаевтың даусы, Ташкенттегі конференцияда баяндама оқыған Мұхтар Әуезовтің, Дина Нұрпейісова, Елубай Өмірзақовтың дауыс жазбалары, Нұрғиса Тілендиев дирижерлік еткен музыкалық шығармалар, Жәнібек Кәрменовтің орындауындағы әндер жанды дыбыста сақтаулы тұр. Архивте радиохабарлардың, қазақ халық музыкасының, әншілердің орындауындағы шығармалардың, айтыс, лирикалық-эпикалық поэмалардың түпнұсқа жазбалары бар. Мысалы, "Қыз Жібек" жыры бес магнитті таспада сақталған", - дейді Саян Ақмолда.
© Sputnik / Ертай СарбасовБас инженердің жұмыс үстелі
Бас инженердің жұмыс үстелі
© Sputnik / Ертай Сарбасов
Ол "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында "Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі, 1000 әні" қазақтың дәстүрлі музыкасының антологиясы" жобасы жүзеге асырылғанын және жинаққа енген туындылардың 70%-і архив қорынан алынғанын айтты.
Архивте 1938 жылғы граммофон пластинкалары мен 50-жылдары пайда болған магниттік таспалар сақтаулы тұр. Саян Ақмолда таспалар арасындағы айырмашылықтар, дыбыс жылдамдығы және оларды жазуға арналған құрал-жабдықтар туралы айтып берді.
Оның айтуынша, бұрын этнограф, таспаны үнемдеу мақсатында 10 сағаттық жырларды, поэмаларды 4-ші жылдамдықпен жазып алған. Егер 4-ші жылдамдықта бір таспаға 1,5 сағат жазба жазылса, 9-шы жылдамдықта бұл әлдеқайда аз – 45 минутты құрайды.
"Қазір мұндай жылдамдықтағы магнитофон жоқ", - дейді ол.
Тарих үшін сақтау керек
Құжаттарды сақтал талапттары олардың бүтіндігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан материалдар қажетті температура мен ылғалдылық сақталатын белгілі бір ортада сақталады.
Архивте 250 мыңнан астам фотонегатив, 200 мыңға жуық киноқұжат сақталған. Архивтің қорында 25 мың магниттік дыбыс жазба, грампластинка, шағын кассета мен шағын-диск бар. Бұл ретте архив қоры күн сайын жаңа материалдармен толығып отыр. Кинофотоқұжаттар мұрағатында сақтаулы тұрған ең көне құжат – 1887 жылғы сурет.
Ең көне фильм 1925 жылға жатады. Архивте 1938 жылғы граммофон пластинкасы бар. Сондай-ақ, архивтің дыбыс қорында әнші Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Парижде өнер көрсеткен жазбасы бар. Жазба магниттік таспада сақтаулы, ал оның түпнұсқасы Ресейде сақтаулы тұр.
Бұрын киноқұжаттар негатив, контртип, лаванда, дыбыс жолы түрінде жиынтық ретінде дайындалған. Позитив – фильмнің дайын күйінде және фонограммасы бар бірінші көшірмесі болып саналады және оны архивке тапсырады. Осылайша, қорда бір материалдың бірнеше бөлігі бір нөмірмен сақталады. Түпнұсқалардан басқа, шағын-дискілердегі фотофонокиноқұжаттардың көшірмелері де сақталады.
Бүтіндігін қамтамасыз ету мақсатында бес жылда бір рет құжаттарға консервациялық- профилактикалық өңдеуден өтеді. Олар шаңнан тазартылады, қораптар мен белгі таңбалары ауыстырылады, ыдыстар тазартылады. Суреттер мен таспа салынған сарғайған қаптамалар жаңасына ауыстырылады.
Қойманың жанында орналасқан кабинетте архив қызметкерлері өңдеу жұмыстарын жүргізеді: таспаны орап, тазалап, желімдейді. Барлық есеп құжаттары да осы кабинетте сақталады.
© Sputnik / Ертай Сарбасов Дыбыс монтаждау үстелі
Дыбыс монтаждау үстелі
© Sputnik / Ертай Сарбасов
Бұл дыбысты монтаждау үстелі картадағы аннотация мен суретті салыстыруға болатын экранмен жабдықталған.
Ғылыми-анықтамалық аппарат және ғылыми пайдалану бөлімі архив пен келушілер арасындағы көпір іспеттес. Жылына заңды тұлғалардан ғана емес, жеке тұлғалардан да 400-500 өтініш келіп түседі. Халық арасында архивке тек ғалымдар мен зерттеушілер ғана барады деген қате пікір қалыптасқан.
Бөлім басшысы Еңлік Толықбаева архивке кез келген адам келе алатынын атап айтты. Мұнда құнды құжаттарды іздеген студент, этнограф, ақын, жазушы, суретші мен режиссерді де кездестіруге болады. Негізінен архивке келушілерді өнер адамдары туралы материалдар қызықтырады. Соңғы уақытта қуғын-сүргін, ашаршылық жылдарындағы, Алаш қозғалысының қайраткерлері туралы фото және бейне құжаттарды жиі сұрай бастады.
Оқу залындағы каталог екі әдіспен жүргізіледі: қағазда және киноқұжаттарды компьютерде көру мүмкіндігі.
© Sputnik / Ертай Сарбасов Бөлім басшысы Еңлік Толықбаева
Бөлім басшысы Еңлік Толықбаева
© Sputnik / Ертай Сарбасов
Еңлік Толықбаева архивте ешқандай құпия қор жоқ екенін, құжаттардың барлығы пайдалану шін қолжетімді екенін айтты. Құжаттар толық цифрландырылғанға дейін архивке келушілердің өтініштерін үш жұмыс күні ішінде өңдесе, қазір бұл уақыт 3 сағатқа дейін қысқарған.
Қажетті құжатты архивке келмей-ақ алуға болады. Ол үшін сайтта өтінім жолдаған соң, қажетті құжаттың көшірмесі поштаға жіберіледі.