Бірнеше облыстағы көшелер мен нысандарға жаңа атау беріледі
© Sputnik / Болат ШайхиновАрхивтегі фото
© Sputnik / Болат Шайхинов
Жазылу
Комиссия Павлодар педагогикалық университетіне ғалым Әлкей Марғұланның есімін беру туралы ұсынысты қолдады
НҰР-СҰЛТАН, 20 маусым – Sputnik. Ономастика комиссиясы Қазақстанның бірқатар өңіріндегі көшелер мен нысандардың атауын өзгертуді мақұлдады, деп хабарлады мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Білім беру, мәдениет мекемелері, сондай-ақ бірқатар облыстағы көшелер мен басқа да нысандар жаңа атаулар алады. Мәдениет және спорт министрлігінде өткен отырыста республикалық ономастика комиссиясы тиісті шешімді қабылдады.
"Комиссияның қарауына мемлекеттік органдардан барлығы 182 өтініш келіп түскен, оның ішінде білім және ғылым министрлігінен, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының, сондай-ақ Шымкент қаласының әкімдіктері бар", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар комиссия Павлодар педагогикалық университетіне ғалым Әлкей Марғұланның есімін беру туралы ұсынысты қолдады.
"Бұрын жаңа облыстарды атауға, Қапшағай атауын Қонаев деп өзгертуге және тағы басқа жайттарға қатысты маңызды шешімдер қабылданған болатын, мәслихаттар жергілікті тұрғындардың пікірін ескере отырып, мұнда қаралған мәселелер бойынша шешім қабылдайды", - деп атап өтті мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері нысандарды қайта атау туралы ұсынысқа оң қорытынды берді. Жақын арада комиссияның қорытындысы дайындалып, заңнамаға сәйкес жұмыстарды жүргізу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі.