Тоқаев пен Раиси қандай құжаттарға қол қойды

© Официальный сайт Президента КазахстанаҚасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раиси
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раиси - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.06.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Қазақстан мен Иран президенттері кеңейтілген құрамда кездесті. Келіссөздердің нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде біраз шаруа жасалды.
"Екі ел арасында ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасты. 60-тан астам келісім жасалды. Үкіметаралық экономикалық комиссия белсенді жұмыс атқаруда. Біз енді Бірлескен сауда палатасын құруды жоспарлап отырмыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы биыл бірінші тоқсанда екіжақты тауар айналымы қарқынды дами түскенін ерекше атап өтті. Осы көрсеткішті арттыра түсу маңызды. Тоқаев "Қазақстан – Түрікменстан – Иран" теміржолының үлкен әлеуеті бар екенін жеткізді. Сондай-ақ президент Каспийдегі теңіз айлақтарының транзиттік-экспорттық мүмкіндігін толық пайдалану керектігін атап өтті. Олар – Ақтау, Құрық, Амирабад пен Анзали айлақтары.
Бүгінде Иранның бірқатар компаниясы ірі қара мал өсіру, ет өңдеу, сүт өнімдерін шығару және күріш өсіру бағыты бойынша Қазақстанда табысты жұмыс істеп келеді. Ал Қазақстан Иранға тасымалданатын отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің номенклатурасын кеңейтуге дайын.
Иран басшысы Ибрахим Раиси осы сапардан кейін екіжақты ынтымақтастықта жаңа бетбұрыс болатынына сенімді.
"Сіздің сапарыңыз сауда-экономикалық ынтымақтастықты, соның ішінде көлік-транзит, знергетика, ауыл шаруашылығы және туризм салаларын дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін", – деп атап өтті Раиси.
Кездесу соңында Тоқаев Иран басшысын Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Осыдан кейін екі президенті бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Ал ресми делегациялардың мүшелері бірқатар құжатты рәсімдеді. Олар:
1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты мен Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Саяси және халықаралық зерттеулер институты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі арасындағы 2022-2025 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасы;
3. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрлігі арасындағы талдамалық зерттеулер және тәжірибе алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
4. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы екіжақты сауданы арттыру бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы джихады министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
6. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы мен транзитіндегі Қазақстан-Иран ынтымақтастығы туралы меморандум;
7. "Хабар" агенттігі" акционерлік қоғамы мен Иран Ислам Республикасы Телерадио хабарларын тарату компаниясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
8. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы мен Иран Ислам Республикасы Ұлттық мұнай компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
9. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы мен Иран Ислам Республикасының Темір жолдары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Тоқаевтың Иранға президент ретіндегі алғашқы сапары

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы ретінде Иранға алғаш рет ресми сапармен барды.
Бұған дейін Иран тарапынан 2018 жылы және Қазақстан тарапынан 2016 жылы жоғары деңгейде сапар жасалды.
2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Тегеранға барды. Ал 2018 жылдың тамыз айында Иран президенті Хасан Рухани Ақтауда өткен Каспий саммитіне қатысты.
Қазақстан мен Иран арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 29 қаңтарда орнатылды.
Қазақстанның Ирандағы елшілігі 1993 жылдан бері жұмыс істейді. Сонымен қатар Горган қаласында Қазақстанның Бас консулдығы, Бандар-Аббас қаласында консулдық бар.
Қазақстанда Иран Ислам Республикасының елшілігі 1992 жылы ашылды. Ақтау мен Алматыда да Бас консулдық жұмыс істейді.
Тараптар өңірлік және халықаралық құрылымдар: БҰҰ, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ), АӨСШК, ШЫҰ, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Каспий теңізі бойынша Арнайы жұмыс тобы аясында табысты ынтымақтастық орнатқан.
Иран Сириядағы атысты тоқтатудың кепілгері ретінде Астана процесі аясындағы халықаралық кездесулерге қатысып жүр.
Жаңалықтар
0