Иран мен Тұран тағдырлас елдер: Тоқаев "Шахнамадан" үзінді келтірді

© Официальный сайт Президента КазахстанаҚазақстан мен Иран президенттері
Қазақстан мен Иран президенттері - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.06.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран басшысы Ибрахим Раиси БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлады Ақорда.
"Иран – ежелгі өркениет ошағы. Сондай-ақ Қазақстанның ислам әлеміндегі маңызды серіктесінің бірі. Әйгілі Фирдоуси өзінің "Шахнамасында" Иран мен Тұранның Ұлы Жібек жолындағы тағдырлас елдер екенін атап өткен", - деді Қазақстан басшысы.
Ол қазақтың ұлы ақыны Абай Сағдидің, Жәми мен Румидің шығармаларын жақсы білгенін, шығыс мәдениетіне терең бойлағанын атап өтті. Мұның бәрі байланысымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқанын көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміздің көлік-транзит әлеуетін толық пайдалануға екі жақ та мүдделі екенін атап өтіп, Оңтүстік пен Солтүстікті, Шығыс пен Батысты жалғайтын тасымал дәлізі маңызды рөл атқаратынын айтты.
"Бір апта бұрын Қазақстаннан шыққан жүк пойызын бүгін осында қарсы алдық. Енді ол Түркияға бет алады. Күрделі геосаяси ахуал кезінде бұл айрықша маңызды", - деді ол.
Ал Иран Ислам Республикасының Президенті дипломатиялық достық орнағанына 30 жыл болғанымен, екі ел мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай отырғанын жеткізді.
"Біз өзара тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін жеткізуіміз керек. Біздің оған әлеуетіміз жетеді", – деді Ибрахим Раиси.

Тоқаевтың Иранға президент ретіндегі алғашқы сапары

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы ретінде Иранға алғаш рет ресми сапармен барды.
Бұған дейін Иран тарапынан 2018 жылы және Қазақстан тарапынан 2016 жылы жоғары деңгейде сапар жасалды.
2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Тегеранға барды. Ал 2018 жылдың тамыз айында Иран президенті Хасан Рухани Ақтауда өткен Каспий саммитіне қатысты.
Қазақстан мен Иран арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 29 қаңтарда орнатылды.
Қазақстанның Ирандағы елшілігі 1993 жылдан бері жұмыс істейді. Сонымен қатар Горган қаласында Қазақстанның Бас консулдығы, Бандар-Аббас қаласында консулдық бар.
Қазақстанда Иран Ислам Республикасының елшілігі 1992 жылы ашылды. Ақтау мен Алматыда да Бас консулдық жұмыс істейді.
Тараптар өңірлік және халықаралық құрылымдар: БҰҰ, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ), АӨСШК, ШЫҰ, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Каспий теңізі бойынша Арнайы жұмыс тобы аясында табысты ынтымақтастық орнатқан.
Иран Сириядағы атысты тоқтатудың кепілгері ретінде Астана процесі аясындағы халықаралық кездесулерге қатысып жүр.
Жаңалықтар
0