"Қатты уайымға салынды": Дінмұхамед Қонаевтың жеке дәрігері естелігін бөлісті
12:12 19.06.2022 (жаңартылды: 12:17 19.06.2022)
© Photo : Предоставлено пресс-службой Центральной клинической больницы управления делами президента Республики КазахстанДінмұхамед Қонаевтың жеке дәрігері
© Photo : Предоставлено пресс-службой Центральной клинической больницы управления делами президента Республики Казахстан
Жазылу
Қазақстанның еңбегі сіңген дәрігері, медицина саласының кәсіби маманы Ахат Мүліков Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың денсаулығын 20 жыл бойы қадалағап жүрген
НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Қазақстанның еңбегі сіңген дәрігері Ахат Мүліков 83 жасқа келсе де, бұрынғыдай жетекші мамандардың қатарынан көрініп, анестезиология-реаниматология саласында еңбек етіп келеді. Танымал доктор Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Дінмұхамед Қонаевтың жеке дәрігері ретінде 20 жыл бойы қалай жұмыс істегенін еске алды.
Ахат Әминұлы еңбек жолын Қазақ КСР денсаулық сақтау министрлігіне қарасты клиникалық және эксперименттік хирургия институтының анестезиология-реаниматология бөлімінде бастаған. Сол кезде институтты дарынды хирург Александр Сызғанов басқарды.
Институттағы жұмыс өте қауырт әлі жауапты болған. Дәрігерлер күнде адам өмірі үшін арпалысып жүретін. Ондайда пациенттің денсаулығы ғана емес, өмірі де әрбір маманның кәсіби дайындығына, шұғыл шешім қабылдау қабілетіне тәуелді.
1974 жылы тамыз айында Ахат Мүліков Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың жеке дәрігері болды.
- Ахат Әминұлы, Сіз Қазақстан Республикасы президентінің іс басқармасына қарасты медициналық орталықтың клиникалық ауруханасында 48 жыл жұмыс істедіңіз, әлі күнге дейін қызмет атқарып келесіз. Осы уақыттың ішінде біраз естелік жиналып қалған шығар, соның ішінде Дінмұхамед Қонаевтың жеке дәрігері ретінде жұмыс істеген кезіңіз туралы айтып берсеңіз?
- Маған үлкен жауапкершілік жүктелді. Шынымды айтсам, қатты қобалжыдым. Бірақ өзіме және жұмысыма сенімді болдым. Сол кезде КСРО 4-ші бас басқармасының бастығы Евгений Чазовтың "Сен бұл жерде біреудің қол астында жүретін доктор ретінде емес, дәрігер ретінде келіп отырсың. Егер оңалту сәтті өтсе, бірінші басшы ары қарай жұмысын істей береді, болмаса, зейнетке кетеді!" деп айтқаны бар. Институт директоры Александр Сызғанов та өз тілегін айтқан. "Бұл кісіні бәрі сыйлайды, жақсы көреді, институтымызды жерге қаратпа!", - деді ол. Сөйтіп, ол кісі 82 жасқа дейін өмір сүрді.
Мен 20 жыл бойы оның қыр соңынан қалмай жүрдім. Оны қызметтен алып тастап, тиісті көмекті бермесе де, оған кеңес беріп, үйінде тегін ем-дом жасадым. Тіркелген емханаға бармады. Әлі есімде, стоматологиялық креслоны да әкеліп жүрдік. Дінмұхамед Ахметұлы қайтыс болған күні де жанында болдым. Бірақ құтқара алмадым. Жүрегі әбден шаршады. Алдында Мұхамеджан Тынышпаевтың мерейтойына барды. Бармай-ақ қойыңыз десем де, болмады. "Мен бармасам, қазақ батырын кім еске алады" дейтін. Осындай адам болды. Ешкімді ұмытпады, бәріне алаңдап жүрді.
- Дінмұхамед Қонаев қандай адам еді?
- Пациент ретінде қандай болғанын айта алмаймын, ал адам ретінде сыпайы, сүйкімді, көңілді болатын. Мен айтқанның бәрін орындайтын. Бірақ оған жұмыста түскен психологиялық жүкті азайта алмадым. Дегенмен, қазіргі шунттау шарасы жасалмаса да, ол кісі 82 жасқа дейін жетті.
Дінмұхамед Ахметұлы елді жиі аралайтын, қарапайым адамдармен кездесті, шын ниетімен жұмыс, отбасы туралы сұрады. Халық оның есте сақтау қабілетіне таңғалатын. Ол кісінің бір сөзі өмір бақи есімнен кетпейді. "Өз қалтаңды мемлекеттікімен шатастырма, адал жұмыс істе" дейтін. Осылай өмір сүрдік.
- Ол кісі не үшін қатты алаңдаған?
- Енді, ол кісінің шарықтаған кездері де, құлаған сәттері де болды. Қазақстанның тұтастығын сақтаймын дегенде қызметінен алынды. Сол кезде Хрущев солтүстік жерлердің бір бөлігін Ресейге, ал оңтүстік жақты Өзбекстанға беруді ұсынған. Оңтүстік Қазақстанның басшысы Юсупов Хрущевтің шешімін қолдады. Ал Қонаевты қарсы болғаны үшін ұлтшыл деп атады. Сонда оны алып тастап, орнына Юсуповты қойған. Дінмұхамед Ахметұлы болса, ғылымдар академиясында еңбек етті. Бірақ көп ұзамай, қызметке қайтарды. Бұндай жағдай алғаш рет болды. Қызметінен алынған басшыны қайтадан бұрынғы қызметіне қойды.
Ал Горбачевтың тұсында қатты уайымға салынды. КСРО басшысы қызметінен кеткен Қонаевты сынай бастады, "кунаевщина" кезінде тоқырау болды" деп шықты. Алайда Қазақстан барлық көрсеткіш бойынша үшінші орында тұрған. Соған қарамастан, жергілікті адамдар оны қолдамады, Горбачевтің айтқанын іліп әкетті. Сол үшін қатты уайымдады.
- Қонаевты алып тастағаннан кейін сіз не істедіңіз? 20 жылдан кейін екі жаққа кеттіңіз бе?
- Ол кісі қызметінен кеткеннен кейін мені қайтадан Совминканың (қазіргі Қазақстан Республикасы президенті іс басқармасының орталық клиникалық ауруханасы) жансақтау бөліміне ауыстырды. Сол жерде өте ауыр жағдайда түскен науқастарды қарап жүрдім. 70 жасымда зейнетке жібергісі келді. Барлық жетістігімді есептесек, 28 мың теңге шығып тұр екен. Содан қызметімді жалғастырдым. Жұмысыңды жақсы көрсең және біліп тұрсаң, жақсы ғой, рақаттанып істейсің.
© Photo : Предоставлено пресс-службой Центральной клинической больницы управления делами президента Республики КазахстанАхат Мүліков
Ахат Мүліков
© Photo : Предоставлено пресс-службой Центральной клинической больницы управления делами президента Республики Казахстан
- Ал отбасыңыз қызметті жалғастыруға қалай қарады? Үйде тағы болмайсыз ғой...
- Отбасыма ескерткіш қою керек. Әлі есімде, қызымды балабақшадан алып кетемін деген күні шұғыл Мәскеуге ұшып кеттік. Үйге ескертуге де жағдай болмады. Содан қызым күзетшімен бірге анасын күтіп отырды. Балаларым осылай өсті.
- Қазір жасыңыз нешеде? Осы қалпыңызды қалай сақтап жүрсіз?
- 63-темін. Ой, 83-те. Шынымды айтсам, жұмыс оңай болған жоқ, кей кезде демалыссыз жүрдік, мейрам күндері де үйге бармадық. Мен өзім таң ата миымды жақсы ойға бұруға тырысамын. Өзімді де, науқастарды да үнемі жігерлендіріп отырамын. Екі өлім болмайды, жақсыны ойлау керек. Өмір бәріне беріледі, ал кәрілікті тек таңдаулы адамдар ғана көреді. Сосын оймен де, сөзбен де, ешкімді ренжітпеу керек.
* Қазақстан Республикасы президенті іс басқармасы орталық клиникалық ауруханасының баспасөз қызметі ұсынған материалдар негізінде дайындалды.