Браконьерлік жолмен ауланған 4 мың тонна балық тәркіленді

© ДВД Северо-Казахстанской областиАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.06.2022
Жазылу
АЛМАТЫ, 17 маусым – Sputnik. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов "Бекіре-2022 " кең ауқымды балық қорғау акциясының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Кең ауқымды акция 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында өтті. Шара балықтардың, соның ішінде бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын жерлерге кедергісіз көшуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылды.
"Акция барысында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 640 фактісі анықталып, 392 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқықбұзушыларға 2 айдың ішінде 8,3 миллион теңге сомасында айыппұл салынды", – деп атап өтті Аян Бахиянов.
Спикер бірнеше маңызды мысал келтіріп өтті.
"2022 жылдың 16 сәуірінде Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Шабдаржап кенті маңындағы Тайпақ ауылының заңсыз балық аулаған 3 тұрғыны ұсталды. Құқық бұзушылардан жалпы салмағы 395 келі балық тәркіленді. Қылмыстық кодекстің 335-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, оны тергеу органдары сот қарауына жіберді. Ал 9 сәуірінде инспекция қызметкерлері Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Жайық өзенінен жалпы салмағы 979 кг болатын екі жүзу құралын, үш автокөлікті және 16 қап бөлшектік балықты тауып алып, тәркіледі", – деді спикер.
Сондай-ақ ведомство өкілінің айтуынша, 29 мамырда Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауынан 12 км қашықтықта бекіре балықтарын заңсыз аулауға тыйым салынған құралдар мен "байда" типті қайықпен үш жергілікті тұрғын ұсталды. Тексеру кезінде бес тор, жалпы салмағы 85,5 кг 17 дана бекіре балығы, шағын тоңазытқыш камера, навигациялық құрал және эхолот тәркіленді. Тұрғындарға Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта аталған қылмыстық істер бойынша тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Спикер ұшқышсыз ұшу құралдарының да акция кезінде қолданылғанын жеткізді. Мәліметінше, дронның көмегімен жету қиын жерлерде заңсыз сақтау орны анықталып, онда 17 қап броконьерлік балық аулау құралы табылды. Болашақта заманауи техникалық құралдарды кеңінен қолдану жоспарланып отыр.
"Шамамен 4 тонна балық, оның ішінде 154 кг – бекіре тұқымдас балық түрлері, одан бөлек 229 бірлік балық аулау құралдары, 10 жүзу және 3 көлік құралы тәркіленді", – деп түйіндеді Аян Қайратұлы.
Брифинг барысында ҰҚК шекара қызметінің департамент басшысының орынбасары, жағалау күзеті басқармасының басшысы Сабыр Хасанов Каспий теңіз жағалауларында 131 шекара бұзушы 60 кемемен бірге ұсталғанын жеткізді. Сонымен қатар 331 км балық аулары тәркіленіп, теңізге 4148 бас қызылдырық пен қара балық жіберілді. Мемлекет қорына 1,5 млрд теңге қайтарылды.
ІІМ әкімшілік полиция комитетінің профилактикалық қызмет басқармасының басшысы Жасулан Байкеновтің сөзіне сүйенсек, акция барысында барлығы 471 құқықбұзушылық фактісі анықталды. Оның ішінде:
318-і – заңсыз аулау;
21-і – балық және балық өнімдерін тасымалдау;
30-ы – сатып алу немесе өткізу.
Сондай ақ 385 құқықбұзушы ұсталып, заңсыз айналымдағы 18,6 тонна, оның ішінде 1,6 тонна бекіре тұқымдас және 1 кг уылдырық тәркіленді.
Ал сотқа дейінгі тергеп-тексерудің 54 фактісі бойынша:
балық ресурстарын заңсыз аулау бойынша 11 факті;
көрнеу жолымен табылған мүлікті сатып алу немесе өткізудің 11 фактісі;
сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарларды аулаудың 32 фактісі анықталды.
Айта кетейік, 11 қылмыстық іс аяқталып, сотқа жіберілді. Одан бөлек 410 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 7,5 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды.
Жаңалықтар
0