Ақтөбеде тұрғындар бес жылдан бері жарық пен ауыз суды күтіп жүр

© Sputnik / И. Зенин / Медиабанкке өтуЖаңа үйдің құрылысы, архивтегі фото
Жаңа үйдің құрылысы, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.06.2022
Жазылу
200-ге жуық жер иесі бұл аумаққа үй салып қойғанымен, коммуникацияның жоқтығынан жаңа баспаналарына көшіп келе алмай отыр
НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Ақтөбеде ең үлкен тұрғын үй алабындағы жер учаскелерінің иелері бес жылдан бері жарық пен суды күтіп отыр.
КТК телеарнасы хабарлағандай, 3 мыңнан астам адамға жер телімі 2017 жылы берілген және олардың басым бөлігі үй тұрғызып үлгерген.
Осы уақыт ішінде адамдар бірнеше рет әкімдердің қабылдауында болып, депутаттарға шағымданған, бірақ одан еш нәтиже жоқ.
"Облыстық мәслихатқа да бардық. Олар тіпті "Парасат" тұрғын үй алабы қай жерде орналасқанын да білмейді. Олар менің өзімнен "Парасат" қай жерде орналасқан?" деп сұрағанда, абдырап қалғаным рас. Әрине, мен бұл 41-ші разъезд жаққа бара жатқан жолда екенін, тұрғын үй салу үшн 3 300 жер учаскесі берілгенін және бұл қаладағы ең үлкен тұрғын үй алабы екенін айтып түсіндірдім", - дейді Ләззат Құлниязова.
Өткен жылы "Парасат" тұрғындарынан көп шағым түскеннен кейін бұл аумаққа газ құбыры тартылған, енді оны қосуға рұқсат алу керек.
Ақтөбеліктердің айтуынша, электр жарығы болмағандықтан тұрғын алабында ұрлық жиі болады. Учаскелік полиция қызметкері тұрғындарға шенеуніктерді асықтыруға кеңес берді.
Билік өкілдерінің халықпен кезекті кездесуі өткенімен, олар бұл мәселенің түйіні қашан шешілетінін нақты айтпады.
"Біз электр энергиясы мәселесі бойынша түзету енгізуді жоспарладық. Қазір құжаттарды тапсырдық. 33 жұмыс күнінен кейін қорытынды аламыз. Егер бізге экологиялық сараптамадан өту туралы қорытынды берсе, 66 күн ішінде өтеміз. Егер тікелей сараптама ұсынса, онда мемлекеттік сараптамадан өтуге өтініш жолдаймыз", - деп түсіндірді Ақтөбе қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілі Дәулет Нәбихан.
Жаңалықтар
0