Экономика

Жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 4,6%-ке өсті

© Sputnik / Владислав ВодневМонета, архивтегі фото
Монета, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.06.2022
Жазылу
Қаңтар-сәуірде сыртқы сауда тауар айналымы 40,8%-ке өсіп, 39,7 миллиард доллар болды
НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым – Sputnik. Осы жылдың бес айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,6%-ке дейін өсті. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Биыл қаңтар-мамыр айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,6%-ке дейін жеделдеді. Негізгі трендтер бойынша есепті кезеңде нақты сектордағы тұрақты серпін, қызмет көрсету секторындағы өсімнің жеделдеуі, экспорт көлемінің жоғары өсімі байқалады", - деді Қуантыров үкімет отырысында.
Нақты сектордағы өсім 4,8%-ті құраса, қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,9%-ке дейін ұлғайды. Салалар арасында сауда, құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндіру өнеркәсібі, сумен жабдықтау, ауыл шаруашылығы оң өсім көрсетуде.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,5%-ті құрады.
Осы жылғы қаңтар-сәуірде сыртқы сауда тауар айналымы 40,8%-ке өсіп, 39,7 миллиард долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш шамамен 60%-ке өсіп, 26,5 миллиард долларға дейін жетті. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 32%-ке артып, 7,3 миллиард долларға дейін жетті.
Тауар импорты 13,2 миллиард доллар болды.
"Жалпы, оң сауда балансы жақсарып, 13,2 миллиард долларға дейін өсті", - деді министр.
Өңдеу өнеркәсібі де жоғары өсім көрсетті. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 4,3%-ке ұлғайды.
Бұған қоса, құрылыс секторының өсу қарқыны жеделдеп, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,9%-ке өскен.
Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру 3,4%-ке өсіп, 4,7 миллион шаршы метрді құрады. Оң динамика 13 өңір бойынша тіркелді, олардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент қаласында, сондай-ақ Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарында байқалуда.
Жаңалықтар
0