Өңірлер

Қаржы пирамидасына алданған алматылықтар прокуратурада шу шығарды

© Sputnik / Абзал КалиевТенге, монеты
Тенге, монеты - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.06.2022
Жазылу
Бүгінде қаржы пирамидаcының құрығына түскендердің саны 1400-ге жуықтап қалған.
НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым – Sputnik. Алматыда L-Capital басшыларын босатып жіберді. Құзырлы органдардың шешіміне наразы болған алматылықтар прокуратурада шу шығарды.
Бастапқыда консалтинг компаниясы ретінде тіркелген ұйым жарты миллиард теңгеге жуық пайда тапқан. Ал оның қызметінен зардап шеккендердің біреуі үйін сатса, екіншісі кредит алған. Барлығы ірі компаниялардың акциясын иемденеміз деген үмітпен қаржы пирамидасына қомақты қаражатын салған, деп хабарлайды КТК арнасы.
Алғашқы клиенттері дивиденд алып жүрген. Алайда салымшылар саны 15 мыңнан асқан соң, пирамида ақша үлестіруді тоқтатқан.
"2019 жылы L-Capital компаниясына бардық. Олардың түсіндіргені бойынша, компания жай ғана адамдардан ақша алмай, акцияларды сатып алып береді. Акция деп айтқаны, бұл кілт сөз болып тұр. Яғни компания өздерінің пирамида емес екенін түсіндіргісі келген. Мен алданып 4 миллион теңге салдым. Компания сол ақшаға құнды қағаздар сатып алу керек болған. Сол үшін де сенімхат арқылы шот ашылды. Бірақ одан әлі бір тиын да түскен жоқ", - дейді салымшы Наталья Игнатьева.
Бір жыл бұрын компанияның негізін қалаған 6 адам ұсталған. Алайда прокуратура бұлтартпау шараны отбасылық жағдайға байланысты жеңілдеткен. Алданғандар пирамида құрылтайшыларын бостандыққа жіберген құзырлы органдардың шешіміне ашынып отыр.
"Мен осы L-Capital-ға шарт бойынша 20 миллион теңге бердім. Ол ақшаны өзімнің үлкен пәтерімді кішірек пәтерге ауыстырып алдым. Мені алдап кетті. Бірақта олар да кінәлі. Бастықтардың жинағанынан зардап шеккендердің ақшасын қайыру керек. Оған прокуратурадан әзірше көмек болмай жатыр. Бір кезде қамауға алып еді, оларды шығарып жіберді. Иманбеков дегені бәлен миллиард алып Дубайда қашып жүр, ", - дейді тағы бір салымшы Бердібай Шахметов.
Тақырға отырған тұрғындар қолына плакат ұстап, прокуратураға барды. Өткен аптада осы мәселемен Нұр-Сұлтандағы бас прокуратураға да барыпты. Қадағалаушы орган арнайы комиссия жіберген. Бірақ қоғам белсенділері мен салымшылар оған сенбей отыр.

"Ішіне пайда тапқандарды ғана комиссияның алдына кіргізеді. Шырылдап бақырып тұрған әйелдерді, ақшасын ала алмай далада қаңғып қалғандарды кіргізбей жатыр. Ал ақшасын ала алмаған 1400 адамды өткізбейді", - деп атап көрсетті қоғам белсендісі Бибінұр Шералиева.

Ал елордадан келген комиссия тек пайда тапқан салымшыларды қабылдап жатыр дегенді жоққа шығарды. Алматы қаласы прокурорының көмекшісі Бауыржан Төлендіновтың айтуынша, барлығы заңға сәйкес өткізіліп жатыр.
"Прокуратураға жүгінген әрбір адамды прокуратура қызметкері жеке қабылдайды. Айтылған мән-жайларды қарастырады және тиісті жауап береді", - дейді ол.
Бүгінде қаржы пирамидаcының құрығына түскендердің саны 1400-ге жуықтап қалған. Ал келтірілген залал 7 миллиард теңге. L-Capital басшыларына қатысты аса ірі көлемде алаяқтық жасады және қаржы пирамидасын құрды деген екі баппен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Осы іс бойынша 12 адам күдікті деп танылған. Оның бесеуі халықаралық іздеуде жүрсе, қалған жетеуінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған.
Жаңалықтар
0