Қант іздеген халық алаяқтарға алданып жатыр

© Photo : СС0 / PexelsСахар
Сахар - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.06.2022
Жазылу
Олар арзан бағаға қант сатылатынын айтып, қап-қап шекерді бейнетаспаға түсіріп, интернет арқылы көрсеткен
НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым – Sputnik. Қант тапшылығы алаяқтардың табыс көзіне айналды. Қат тауарға айналған шекерді "көтерме бағамен сатамыз" деген ғаламтордағы жарнамаға жұрт жаппай алданып жатыр. Ақшасын аударған соң саудагерлер зым-зия жоқ болады екен.
Қазір құмшекер еліміздің барлық өңірінде тапшы. Бағасы аспандап кеткен өнімді алу үшін жұрт күні бойы кезекке тұруға мәжбүр, деп хабарлады КТК.
Ақтөбеде шағын дүкендерде тәттінің келісі 700 теңге болса, супермаркеттерде әлеуметтік бағамен 400-450 теңгеге сатылып жатыр. Екі есе төмен бағамен алу үшін тұрғындар таңнан кезекке тұратын болған. Сарылып кезек күтуге жүйкесі шыдамай жанжал шығаратындар да бар екен. Жақында солардың бірі қантқа келген баланы қуып жіберген.
Қант өндіретін екі зауыты бар Таразда да бұл мәселе күйіп тұр. Жақында әлеуметтік дүкенге тауар әкелгенде ентелеген жұрт дүкеншілерді таптап кете жаздаған. Осы оқиғадан кейін келісі 330 теңге тұратын шекер 450 теңгеге дейін қымбаттапты. Сатушылардың қауіпсіздігі үшін күзет қойылған.
"Кешеден бері қанттың келісі 450 теңге болып кетті. Бірақ бағаға қарап жатқан ешкім жоқ. Ұзын-сонар кезек. Екі полиция қызметкері күзетіп, бізді бір-бірден жіберіп тұрды. Бүгін 300 келі қант келіп еді, бір түйір де қалған жоқ. Бір сағатта талап әкетті", - дейді кассир Фатима Харсиева.
Қат болған қанттан оңай олжа табуға тырысқан алаяқтар да көбейген. Олар ғаламтор арқылы арзан бағаға қант сатылатынын айтып, жұртты қызықтыратын жарнама жариялай бастаған. Тіпті көлікпен әкелінген қап-қап шекерді бейнетаспаға түсіріп те көрсеткен. Таразда алаяқтардың арбауына түсіп қалып, есепшотына ақша салғандар да бар.
"Өздеріңіз білесіздер, қант жоқ. Еш жерден таппаған соң, ғаламтордан іздедік. "50 келілеп бірақ сатылады" деген хабарландыру ілікті. Ватсап арқылы ғана қоңырау шалуға болады. Телефон көтерген жігіт "ең аз тапсырыс 250 келі" екенін айтты. Көршілеріммен бірге, телефонына ақша салып, енді оларды таппай отырмыз", - дейді Тараз қаласының тұрғыны Юлия Гемон.
Алаяқтарға алданғандарға әзірге ешкім көмектеспеген. Полиция алғашқыда арызды тіпті қабылдамаған. Түрлі деңгейдегі құзырлы органдарға шағымданған соң, алаяқтарды іздеуге уәде берген. Әзірге қанша адамның қант аламыз деп алданғаны белгісіз.
Жаңалықтар
0