Денсаулық

Хош иіс денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін – пульмонолог

© Sputnik / Ксения ВоронинаГүл
Гүл - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.06.2022
Жазылу
Дүкеннен сатып алатын гүлшоғы да денсаулыққа қауіп төндіруі ықтимал
НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым — Sputnik. Гүлдегі хош иістендіргіштер мен эфир майлары адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Бұл туралы Sputnik радиосына берген сұхбатында пульмонолог дәрігер Сергей Пурясов мәлімдеді.
Оның айтуынша, кеңселерді хош иістендіруге арналған құралдар мен парфюмерлік жұпарландырғыштар күшті аллергиялық реакция тудыруы мүмкін. Тыныс алу органдарының белгілі бір ауруы бар адамдар үшін мұндай заттардың қаупі зор.
"Бронх-өкпе демікпе ауруларымен ауыратын адамдарда әр түрлі хош иістендіргіштер Квинке ісігіне дейінгі тұншығу ұстамаларын тудыруы мүмкін. Сонымен қатар ол бронх ісінуіне, ринитке немесе бронхитке әкелуі ықтимал. Мұндай заттарға аллергиялық реакцияның түрі өте көп. Оның қатарында конъюнктивит пен дерматит, хош иістендіргішпен жанасу кезінде теріде туындауы мүмкін бөртпелер бар", - деп түсіндірді Сергей Пурясев.
Кір жуғыш ұнтақтарда да адамда аллергия тудыратын хош иістендіргіштер болады.
Дәрігердің айтуынша, жасанды хош иістендіргіштер ғана қауіпті бола бермейді. Ол кейбір өсімдіктердің тым өткір иісі де түрлі салдарға алып келетінін айтты.

"Орманда қазанақ гүлдеген кезде тіпті жыландар да саз батпаққа кетіп қалады. Бұл өсімдік адамның баяу қимылдап, жүріс-тұрысы бұзылуына алып келеді. Сондықтан адам орман кезіп, адасып кетуі мүмкін. Кейбір үй өсімдіктері де гүлдеген кезде улы зат бөледі", - деді Сергей Пурясев.

Оның пікірінше, шоқ гүлдерінде адам үшін қауіпті зат болмағанымен, оларды пестицидтермен өңдейтінін ұмытпау керек.
"Бұл гүлдердің барлығы химиямен өңделген. Оларды жылыжайларда өсіріп, гүлдер химиялық бомбаға айналатындай көлемде пестицидтер және басқа да химиялық заттар себеді. Сондықтан олардың жұпар иісімен мүмкіндігінше далада тыныстау қажет. Үйге немесе ауруханаға алып келмеуге тырысу керек", - деп түйіндеді Сергей Пурясев.
Жаңалықтар
0