Алматы мен елорданы дүрліктірген ер адам IT саласының маманы болып шықты

CC0 / Thomas Breher / Клавиатура
Клавиатура - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.06.2022
Жазылу
Жітіқара тұрғыны көршісімен дауласып қалғаннан кейін оның атынан жалған хабарлама таратқаны белгілі болды
НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. Сәуір айында Алматы мен Нұр-Сұлтандағы 11 нысанда бомба бар деп хат жіберген ер адамның ісі сотқа жолданды. Бұл туралы ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары Спартак Қабденов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Биыл наурыздың соңында бірнеше ірі қалада бомба қойылғаны туралы хабарламалар жаппай түсе бастады. Алдымен Нұр-Сұлтандағы екі автосалон мен ойын-сауық орталықтарының электронды поштасына хат түсті. Одан кейін Алматыдағы әуежай, екі банк, ойын-сауық орталығы мен жоғары оқу орнынан адамдарды қауіпсіз жерге көшіруге тура келген. Бірақ ешқандай бомба табылмады.
Екі аптадан кейін Жітіқара қаласының 36 жастағы тұрғыны ұсталды. IT саласының маманы жекеменшік ұйымда жұмыс істеген. Тергеу кезінде оның жалған хаттарды не үшін таратқаны анықталды.
"Қазіргі кезде оған қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталып, сотқа жіберілді. Күдікті көршісімен дауласып қалған. Содан кейін оның атынан жалған хабарлама таратқан", - деді Қабденов бүгінгі онлайн брифингте.
Бүгінде бомба туралы жалған хабарларды көбіне біреуден өш алу үшін немесе біреуге жала жабу үшін таратып жатады. Көбісі ондай қылмысты мас күйде жасайды. Психикалық ауытқуы бар адамдар да жоқ емес.
"Бұл қылмыс үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, яғни бала кәмелет жасқа толмаса да, жауапқа тартылады, ата-анасы да жауап береді. Жыл басынан бері 5 адамның ісі сотқа жолданды. Олардың ішінде екеуі бас бостандығынан айырылса, екеуінің бас бостандығы шектелді. Бір адам шартты түрде сотталды", - деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары.
Айта кетері, Жітіқарадағы IT-маманның әрекеті де Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша қаралады. Оған сәйкес, 5 000 айлық есептік көрсеткіш (15 900 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту немесе бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жаңалықтар
0