Қоғам

Пәтер ұрылары қандай белгі қойып кетеді – полицейлер ескерту жасады

© ДВД СКОесік
есік - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.06.2022
Жазылу
Осылайша ұрылар үйде адамның бар-жоғын тексереді
НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрлігі жазда пәтер тонау әрекеттерінің көбейетінін ескертті. Себебі көбісі жазда үйін жауып, демалуға кетеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Криминалдық полиция департаментінің басқарма басшысы Самат Күсетовтың айтуынша, пәтер ұрылары көп жағдайда бірінші және екінші қабаттағы үйге түседі. Пластикалық терезеде тор болмаса, газ құбырына, кіреберістің күнқағарына немесе апаттық баспалдақта шығады да, терезені қысу арқылы пәтерге оп-оңай кіре салады.
"Пәтер ұрылары кез келген үйге түсе бермейді. Олар әбден дайындалады. Үйді ғана жанында тұрған тұрғын үй кешендерін зерттейді, бейнебақылаудың бар-жоғын тексереді. Сосын бетін жасыруға тырысады. Ол үшін маска немесе бас киіп киеді. Ал із қалдырмау үшін қолғап киеді", - дейді Күсетов.
Ұры пәтерге кірген бойда бағалы заттарды іздейді. Байдың үйі болса, сейфті көздейді. Сейф таппаған жағдайда ақшаны жиі жасыратын жерлерді қарайды.
"Олар, көбінесе, ақша, электроника, телефондар мен зергерлік бұйымдарды іздейді. Себебі ондай заттарды шағын сөмкеге салып шығуға болады. Сыртта адам көрсе де, күдіктенбейді. Жақын адамдар да пәтер тонауы мүмкін. Мәселен, туған-туыстар, бала күтушілер немесе клинингтік компания өкілдері. Әдетте, олар бағалы заттардың қай жерде жатқанын біледі", - деп атап көрсетті басқарма басшысы.
Күсетов кәсіби пәтер ұрыларының белгі қойып кететінін де еске салды. Осылайша, үйде адамның бар-жоғын тексереді.
"Мысалы, есікке сіріңкенің басын қыстырып кетеді, я болмаса, шаш пен жіпті жабыстырады. Есіктің алдында тиын тастайды. Ертесінде келіп тексереді. Егер жаңағы заттар орнында болса, үйде ешкім жоқ деген сөз. Сосын түнде жарықтың жанғанын қарайды. Есептеуіш құралдары айналып тұр ма, жоқ па, оны да тексереді. Пошта жәшігіне де үңіледі. Қағаздар жатса, үй иесі көптеп бері келмей жүр", - дейді Күсетов.
Осы орайда басқарма басшысы пәтерді ұрылардан қорғау бойынша бірнеше лайфхакпен бөлісті. Балконға кір жайып тастауға болады. Сонда ұрылар үйде адам бар деп ойлайды. Ал жеке меншік үйлерде "Іште ит бар" немесе "Нысан күзетке алынған" деген жазулар көмектеседі.
Есікте мықты құлып орнату қажет. Ұрылар көп жағдайда терезе арқылы кіреді. Сондықтан терезеге тор орнатқан дұрыс, я болмаса, шыныны қаптау қызметін қолдануға болады. Ондайда арнайы пленка жабыстырылады. Артынан терезені сындыру мүмкін емес.
"Негізі, кәсіби дабыл қағу жүйесін немесе GSM-дабылды орнатқан дұрыс. Үйге ұры түссе, ұялы телефонға SMS-хабарлама түседі. Сонда бірден полицияны шақыруға болады", - деп атап көрсетті Күсетов.
Жаңалықтар
0