Өңірлер

Үміт үзілмейді: Петропавл әуежайы үшінші рет сатылымға шығарылды

© Sputnik / Елена БережнаяАэропорт
Аэропорт  - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.06.2022
Жазылу
Наурызда әуе айлағын 5,6 миллиард теңгеге сатпақшы болғанмен, мамырда бастапқы баға 2,8 миллиард теңгеге дейін төмендеді, бірақ одан кейін де әуежайды сатып алғысы келетіндер табылмады
НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым — Sputnik. Бірінші аукционға қатысуға бірде-бір өтінім жолданбағанына қарамастан, Петропавл әуежайы үшінші рет сатылымға шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін облыс әкімі әуежайды күтіп-баптауға жыл сайын бюджеттен 200 миллион теңгеге дейін қаржы жұмсалатынын және бұл тым үлкен шығын екенін атап өтті.
"Бизнеспен айналысатын инвесторлар қажет. Олар ұшуларды зерттеп, халықаралық әуе желілеріне шығу, авиатасымалдаушылармен келіссөз жүргізу, ұшақтарға жанармай құюмен айналысар еді. Бұл біртұтас процесс. Әкімдік мұнымен айналыса алмайды", - деген Ақсақалов.

Жаңа талап, жаңа сатылым

Бірнеше күн бұрын электронды сауда алаңының сайтында әуежайды сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беру бойынша тендер өткізу туралы хабарландыру қайтадан пайда болды. Сауда 24 маусымға белгіленген. Саудаға қатысатын жалғыз қатысушыға сатуға рұқсат берілген.
Бастапқы баға қайтадан алғашқы 5,6 миллиард теңге көлемінде белгіленді. Конкурстың шарттары біршама өзгерді. Осылайша, сенімді басқару мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартылды. Инвестицияның міндетті көлемі де 1,5 миллиард теңгеден 1,2 миллиард теңгеге дейін қысқарды.
Бұрынғыдай инвестор сенімді басқару шарты жасалған күннен бастап 10 жыл ішінде нысанның әуежай қызметі бейінін сақтауды қамтамасыз етуге, нысанды тек мақсатына сай пайдалануға, оның бөлшектенуіне және таратылуына жол бермеуге, сондай-ақ ұшулардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған сертификат талаптары мен аэродром жарамдылығы сертификатын сақтауға міндетті болады.

Петропавл әуежайы туралы

Петропавл халықаралық әуежайы 1974 жылдан бері жұмыс істейді. Кеңес дәуірінде бұл тәулігіне 40-қа дейін рейс орындалатын және Кеңес Одағының көп қаласына күн сайын жолаушы аттандыратын танымал әуе айлағы болды.
КСРО ыдырағаннан кейін әуежай бірнеше рет бір меншік иесінен екіншісіне өтіп, материалдық-техникалық базасы әбден тозды. Ал жұмысшылар жалақының кешіктірілуіне қатысты үнемі шағымданып келді.
2016 жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жолаушылар кешені мен ұшу-қону жолағына ауқымды реконструкциялау жүргізілді. Содан кейін әуежай заманауи авиалайнерлерді шектеусіз қабылдай алды.
2019 жылы Петропавлдан Шарм-эль-Шейхке тікелей рейс ашылды. Бірақ петропавлдықтардың Мысырға ұшу мүмкіндігі небәрі бір жаз маусымына созылды. Таяуда туристік компаниялар солтүстікқазақстандықтар үшін осы жылы 18 маусымнан бастап Петропавлдан Мысырға тікелей әуе қатынасы қайта жанданатыны туралы қуанышты хабарды жеткізді.
2020 жылдың қазан айында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа әуежай қызметкерлері үлкен көлемде жалақы кешіктірілгені туралы шағымданды. Осы кезде Петропавл әуежайын банкрот деп жариялауға дайындалып жатқаны белгілі болды. Содан кейін нысанды облыс әкімдігінің бөлімшесі – "Солтүстік" ӘКК теңгеріміне коммуналдық меншікке беру рәсімі басталды.
Жаңалықтар
0