Министр Өскенбаев заңсыз салынған үйлер мәселесі қалай шешілетінін айтты

© Sputnik / Абзал КалиевҚайырбек Өскенбаев
Қайырбек Өскенбаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.06.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Сенатта Алматы қаласы бойынша кейбір нормативтік актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды. Оның аясында қаладағы заңсыз құрылыс мәселесін шешуге қатысты ұсыныс енгізіліп отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, мүлікті заңдастыру проблемаларын шешу үшін жылжымайтын мүлікті ресімдеу мәселелерін қарайтын арнайы комиссия құру ұсынылып отыр.
"Жалпы, өз бетімен салынған құрылыс нысандарын сүріп тастау немесе заңдастыру мәселесі заңмен бекітілген. Барлығы сот арқылы шешіледі. Ал Алматының негізгі проблемасы сол, соңғы кезде қалаға бірнеше аудан қосылды. Сол елді мекендерде заңдастырылмаған құрылыс өте көп. Шамамен 14 мың үй-жайдың рұқсат қағазы жоқ. Былайша айтқанда, жаппай салып тастаған", - деді Өскенбаев сенаттың жалпы отырысында.
Осы орайда жылжымайтын мүлікті ресімдеу мәселелерін қарау жөніндегі комиссияның жұмыс тәртібін түсіндірді.
"Егер техникалық жағынан құрылысты заңдастыруға мүмкіндік болса, халықты дүрліктірмеу үшін тиісті рұқсат қағаздары беріледі. Бірақ өз бетімен салынған құрылыстар бас жоспар бойынша жол және тағы басқа коммуналдық желілер өтетін жерде салынған жағдайда ол жерлерді қайтару мәселесі қаралады", - деп атап өтті Өскенбаев.
Айта кетері, сенаторлар заңды бірінші оқылымда қабылдады. Құжатты екінші оқылымда тағы қарайды. Осыдан кейін президенттің қол қоюына жіберіледі.
Жаңалықтар
0