Қоғам

Министр қылмыскерлердің қолындағы қару жайлы: қауіп бар

© Photo : ДВД АлматыАрхив фото
Архив фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.06.2022
Жазылу
Бұған дейін ішкі істер министрлігі қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтың көбі әлі табылмағанын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қаңтар оқиғасы қайталануы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарудың ауқымды арсеналы әлі де қылмыскерлердің қолында екенін мәлімдеген еді. Осыған байланысты журналистер ішкі істер министрінен қаңтар оқиғасы қайталануы мүмкін бе деп сұрады.
"Әрине, қауіп әрқашан бар. Ұрланған қару-жарақтың бір бөлігі әлі қылмыскерлердің қолында. Бүгінге дейін, қателеспесем, бір жарым мың қару тәркіленді. Күні кеше Алматы қаласы мен Алматы облысында қару-жарақ қоймасы табылды. Жедел жұмыс жүргізіліп жатыр. Азаматтардан қару сатып алу шарасы жүргізілді. Халықтан мың шақты қару сатып алдық", - деді Ахметжанов мәжіліс кулуарында.
Айтуынша, ұрланған қару, негізінен, оңтүстік өңірлерде, Алматы қаласында шоғырланған. Бірақ, министр бұл қару-жарақ басқа өңірлерге де тасымалдануы мүмкін екенін жоққа шығармады.
"Сол себепті ел ішінде де, елден тыс аумақта да жедел тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сіздер қаңтар оқиғасы туралы айтып отырсыздар... Егер қолда қару болса, одан кез келген уақытта оқ атылуы мүмкін. Сол себепті барлық шараны қолға аламыз. Ең соңғы қару табылғанға дейін жұмыс істейміз", - деді Ахметжанов.
1 маусымда ІІМ жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қару-жарақ дүкендері мен құқық қорғау органдарының әкімшілік ғимаратынан 2 900-ден астам қару, сондай-ақ 63 180 оқ-дәрі ұрланғанын хабарлады.
Ұрланған қару арасында 35 гранатомет, 8 пулемет, 268 автомат, 17 винтовка, 594 тапанша, 98 арнайы мылтық және 239 травматикалық тапанша бар. Бүгінде 1 554 қару мен 39 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленген. Олардың арасында 10 гранатомет, 6 пулемет, 158 автомат, 348 тапанша, 113 арнайы мылтық, 216 травматикалық тапанша және басқалары бар.
Жаңалықтар
0