Алматы полициясы Ғабидолла Әбдірахымовқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады

© Sputnik / Владислав ВодневГабидулла Абдрахимов
Габидулла Абдрахимов - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.06.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Алматы қалалық полиция департаменті танымал кәсіпкердің арызы бойынша Ғабидолла Әбдірахымовқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Kozachkov offside Telegram-арнасы Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа қатысты қылмыс іс қозғалғанын жазды.
Журналистің сөзіне қарағанда, жақында бас прокуратура рейдерлік әрекет бойынша іс қозғалмағанын мәлімдеген. Осылайша, бұған дейінгі ақпаратты жоққа шығарған. Әбдірахымовтың үстінен рейдерлік емес, алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Сонымен, 19 мамырда ішкі істер органдарына танымал кәсіпкер Сайдолла Қожабаев арызданды. Ол Forbes журналының бағалауы бойынша табысты 50 бизнесменнің тізімінде 49-ші орында тұр. Ол өз арызында бес адамның, соның ішінде Әбдірахымов пен Мәсімовтың ірі көлемде ақша алғанын жазды. 2-3 миллион доллар дейді. Негізі он миллион сұраған", - деп жазды Козачков.
Алматы қалалық полиция департаменті Қожабаевтың арызы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі (Алаяқтық, аса ірі мөлшерде) аясында сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетері, бұл қылмыс үшін бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Оған қоса, мүлкі тәркіленеді, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруы мүмкін.
Ғабидолла Әбдірахымов 2008-2015 жылдары премьер-министр кеңсесі, президент әкімшілігінің құрылымдарында жұмыс істеді, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы болды. Шымкент қаласын екі рет басқарды.
2021 жылдың қаңтарында мәдениет және спорт вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бірақ тоғыз айдан кейін "басқа жұмысқа ауысуына байланысты" босатылды.
Жаңалықтар
0