Өлтіріп алып, жала жауып отыр – әскерде қаза болған сарбаздың туыстары

© Sputnik / Виталий Белоусов / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото   - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.06.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Маңғыстау облысында өзіне қол салған сарбаздың өлімі бойынша бір-біріне қарама-қайшы дерек көп. Бұл туралы марқұмның туған-туыстары мәлімдеді, деп хабарлады КТК арнасы.
Әскерден табытпен оралған сарбаздың денесі жер қойнына тапсырылды. 19 жастағы Еділ Тешебаев Отан алдындағы борышын өтеп, әскери қызметте қалуды армандаған. Былтыр күзде әскерге өз еркімен сұранып барыпты.
"Туысқандарым, балаларым бәрі тұр. Анау үшінші балам. Барлығы келді, бірақ бір балам жоқ қой енді, бір балам жоқ",- дейді әкесі Бақыт Алтынбеков.
Оның айтуынша, ұлы соңғы кезде бәрінен ақша сұраған. Артынан сап тыйылған.
"Біреуден бес мың сұраған екен. Ол ақшаның бәрін неғыла береді деп едім. Сол кезде 5 мың теңгені салып жіберуім керек еді. Мұндай болады деп ойламадым ғой, демек баламнан ақша сұраған. Ақша бермегеннен кейін ұрып өлтірген. Басқа не деуге болады. Өзіне қол жұмсамағанына көзім жетеді. Бұлар өлтіріп алып, содан кейін жала жауып отыр", - деп атап өтті Алтынбеков.
Ал әскерилер Еділ Тешебаев отбасындағы тұрмыстық жағдайға төзе алмай, өзіне қол салды деп отыр. Тіпті, өлер алдында бірнеше хат жазып қалдырыпты. Бірақ марқұмның сыныптастары хаттардағы қолтаңба Еділдікі емес дейді.
"Әр хатта әртүрлі жазылған. Маған жазылған хатта басқаша жазылған, мамасына жазылған хатында жазуы мүлдем басқаша. Екеуін екі адам жазған. Оның жазуы сәл нашарлау еді. Тіпті жазғанда сөз арасында "ы", "і" деген әріпті жазбай тастап кетуші еді, бір екі әріпті. Ал бұл жерде хатта "ы", "і" әріптері былай тұрсын, үтір-нүктеге дейін мәнерлеп жазылған. Еділ олай жазбайды", - деді марқұмның досы Ерсұлтан Қанжігіт.
Оған қоса, Бейнеудегі шекара қызметінде борышын өтеп жүрген сарбаздың қаруластары хабарласып, өлімнің себебін айтқанда әбден шатасты.
"Үш адамға үш түрлі айтып отыр. Бірінші пышақтады деп айтады, артынша бәтеңкенің бауына асылып қалды дейді. Енді кеп анасына екі белдікті байлап асылып қалды дейді. Подполковник айтқан", - дейді Еділдің апасы Гүлжәмилә Алтынбекова.
Туыстары Еділ Тешебаев шекара қызметінде бір құпияны біліп қойып, қасақана өлтірілуі мүмкін деп санайды. Ұлының денесін Ақтаудан алып келген анасы Еділдің шаты көгеріп кеткенін айтады. Медицина саласында істеген ол ұлының қасақана өлтірілгеніне сенімді.
"Мен хирургияда істедім ғой, біз де мәйітханадан адам шығарғанбыз. Адамның денесінен жылу кеткеннен кейін мойны, бар жері қатып қалады, қимылдамайды. Мұның мойны, омыртқалары ана жаққа, мына жаққа айналып жатыр. Оны әдейі өлтірген, сөйткен де, өзі дарға асылды қыла салған", - дейді Нағима Нұрбайқызы.
Сарбаздың мәйітін жеткізген әскери бөлімнің командирі кешірім ретінде миллион теңге әкелгенін айтқан. Бірақ марқұмның жақындары өре түрегелді.
ҰҚК шекара қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Аяғановтың айтуынша, Еділ жиі есінен танып қала берген. Госпитальге де жатып шығыпты.
Қазір әскери тергеу басқармасы шекарашының өлімі бойынша қылмыстық іс қозғап, арнайы тексеруді бастады.
Жаңалықтар
0