Еңбек нарығында жұмыс күшінің жаңа легі пайда болды

© Sputnik / Максим Богодвид / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.06.2022
Жазылу
Қазір 2000 жылдардан кейін дүниеге келген ұрпақ есейіп, ер жетіп келеді
НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова еңбек нарығында жұмыс күшінің жаңа легі пайда болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр әлем экономикасындағы құбылмалы жағдай және Қазақстандағы демографиялық өзгерістер ұлттық еңбек нарығына өз әсерін тигізіп жатқанын атап өтті.
"Бұл саладағы ең ірі өзгеріс жұмыс күшінің жаңа легі пайда болуынан туындап отыр. Қазір 2000 жылдардан кейін дүниеге келген ұрпақ есейіп, ер жетіп келеді. Жыл сайын осындай 300 мыңнан астам жас еңбек нарығына қосылуда. Соның нәтижесінде жұмыс күшінің жаңа сапалық құрылымы қалыптасып жатыр", - деді Дүйсенова үкімет отырысында.
Айтуынша, бүгінде еліміздегі жалпы жұмыс күшінің 60 пайызын миллениалдар (1981 мен 1996 жылдар аралығында туғандар) мен "Z" буынының (1997-2012 жылдар аралығында дүниеге келгендер) ұрпақтары құрайды. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 80%-ке жетеді.
"Осы үрдіс, қазіргі күрделі ахуал және алдағы ықтимал сын-қатерлер жұмыспен қамту саясатын қайта қарау қажеттігін көрсетіп отыр. Онда азаматтарды жай жұмыспен қамту емес, шын мәнінде сапалы жұмыс орнын беру арқылы халықтың табысын арттыру басты міндет болмақ", - деді ол.
Бұл міндетті орындау үшін министрлік жаңа бағыттар бойынша жұмысты жандандыруды ұсынады.
Бірінші кезектегі мәселе – жастарды жұмысқа тарту. Бұл үшін ірі және орта кәсіпорындардағы бос жұмыс орындарына онлайн жәрмеңке өткізу арқылы жастарды еңбекпен қамту қолға алынды.
Бос орындардың алғашқы онлайн жәрмеңкесі 24-30 маусым аралығында өткізіледі. Келешекте ай сайын тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Екінші бағыт – Ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналастыру. Жергілікті әкімдіктердің дерегі бойынша биыл ұлттық жобалар аясында 269 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде электронды еңбек биржасына 691 кәсіпорын 1 мыңнан аса инвестициялық жобада ашылатын 13 мың 609 жұмыс орнын ұсынған. Онда тек біліктілік талаптары ғана емес, сонымен бірге төленетін еңбекақы мөлшері және жұмыс орнының сипаттамасы да берілген.
Үшінші. Жұмыспен қамтудағы маңызды бағыттардың бірі – платформалық жұмыспен қамтуды тану және заңдастыру. Еңбек министрлігінің мәліметінше Қазақстанда 500 мыңдай адам Яндекс, Убер, Вольт және Глово сияқты түрлі онлайн-платформаларда жұмыс істейді. Ведомство оларға әлеуметтік пакет ұсынуды жоспарлап отыр.
Төртінші бағыт – азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру және өз ісін ашуға мемлекеттік қолдау көрсету. Мақсатты топтарға тиімді және тұрақты жұмыс орнын ашатын мекемелерге мемлекеттік субсидия бөлінеді.
Жаңалықтар
0