Референдум аяқталды: дауыс беруге құқылы азаматтардың 68,44 % таңдауын жасады
21:11 05.06.2022 (жаңартылды: 21:25 05.06.2022)
© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі фото
© Sputnik / Владислав Воднев
Жазылу
Республиканың барлық өңірінде референдум учаскелері жабылды, дауыс санау жұмысы жүріп жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Орталық референдум комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша республикалық референдумға қатысуға құқылы қазақстандықтардың 68,44 пайызы немесе 8 030 739 адам дауыс берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Өңірлердегі аумақтық комиссиялардың мәліметінше, сағат 22.00-дегі жағдай бойынша республикалық референдумда сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 68,44 %-і немесе 8 030 739 адам дауыс берді", - деді Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман.
Жалпыхалықтық референдумда Түркістан облысының сайлаушылары өте белсенді болды. Ал ең төмен көрсеткіш Алматы қаласында тіркеліп отыр.
Елдің барлық өңірінде референдум учаскелері жабылды. Бес өңірде – Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында дауыс беру астана уақытымен 21.00-де аяқталды. Шет мемлекеттерде қырықтан астам учаскеде дауыс беру әлі жалғасып жатыр.
Республикалық референдумға барлығы 11 732 699 адам қатысуға құқылы болды. Он мыңнан астам учаске құрылды, соның ішінде 52 шет мемлекетте 65 учаске ашылды.
Заң бойынша референдум өткен болып саналуы үшін барлық сайлаушының жартысынан көбі дауыс беруге тиіс. Қазақстандықтардың елу пайыздан астамы өз таңдауын жасағанын ескерсек, республикалық референдум өткен деп саналады.
Конституцияға енгізілетін түзетулерді өңірлердің кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледі.
Орталық референдум комиссиясы жалпыхалықтық референдумның соңғы қорытындысын дауыс беру өткiзiлген күннен бастап 7 күн ішінде БАҚ-та жариялауға тиіс.
Өңірлер бойынша дауыс бергендер саны:
Нұр-Сұлтан қаласы – 57,06%
Алматы қаласы – 33,30%
Шымкент қаласы – 72,53%
Ақмола облысы – 73,81%
Ақтөбе облысы – 58,06%
Алматы облысы – 72,83%
Атырау облысы – 67,68 %
Батыс Қазақстан облысы – 69,37%
Жамбыл облысы – 69,59%
Қарағанды облысы – 77,39%
Қостанай облысы – 72,28%
Қызылорда облысы – 79,89%
Маңғыстау облысы – 61,19%
Павлодар облысы – 75,53%
Солтүстік Қазақстан облысы – 75,49%
Түркістан облысы – 80,66%
Шығыс Қазақстан облысы – 77,49%.