Жандарбек Мәлібекұлы Елтаңбаны жасауға не түрткі болғанын айтып берді

© Sputnik / Абзал КалиевҚазақстан Елтаңбасы
Қазақстан Елтаңбасы - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.06.2022
Жазылу
Байқауға жеңу үшін емес, Елтаңба арқылы халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, болмысын көрсету үшін қатыстым, дейді Жандарбек Мәлібекұлы
НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы Елтаңбаны жасауға не түрткі болғанын айтып берді.
Елтаңба авторларының бірі Жандарбек Мәлібекұлы рәміздер күніне орай еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырған кездесуге қатысты. Министр Тамара Дүйсенова сәулетшіні Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығымен және 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Жандарбек Мәлібекұлы кездесуге қатысушыларға Елтаңбаны жасауға не себеп болғанын және байқауға қалай қатысқанын баяндап берді.
"Мен Ташкент қаласына 1959 жылы оқуға түстім. Кейін сонда қалып, жұмыс істеуге тура келді. Елтаңбаны жасауға түрткі болған – елге деген сағыныш. Байқауға жеңу үшін емес, Елтаңба арқылы халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, болмысын көрсету үшін қатыстым. Осынау күні еліміздегі рәміздердің барлығы жарқырап тұрғандай. Бұл жарық ешқашан сөнбесін. Ел іргесі бүтін болсын", - деді Жандарбек Мәлібекұлы.
Рәміздер күніне орай ұйымдастырылған кездесуге жазушы, драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлы да қатысты. Ол авторға көрсетілген құрмет – Елтаңбаға, сол арқылы ұлтқа көрсетілген құрмет екенін атап өтті.
Айта кетері, биыл мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 30 жыл толып отыр. 1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның туы, елтаңбасы мен әнұраны ресми түрде бекітілген болатын. Ал 2007 жылы "Мемлекеттік рәміздер туралы" конституциялық заң қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Жаңалықтар
0