Шие орнына қара өрік: Өзбекстаннан контрабанда қалай әкелінеді
© Sputnik / Максим Богодвид
/ Жазылу
АЛМАТЫ, 3 маусым – Sputnik. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті Өзбекстан тауарын Қазақстанға бажсыз өткізетіндер қандай айла-тәсілді қолданатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Комитет ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері Қазақстан Республикасының аумағына келген көлік құралдарын кедендік тексеру нәтижесі бойынша жалпы салмағы 1 000 тоннадан асатын тауарды декларацияламау фактілері анықталды.
Атап айтқанда, 23-31 мамыр аралығында Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің "Сарыағаш станциясы" және "Қапланбек" кеден бекеттерінің қызметкерлері үлкен көлемде тауарларды декларацияламау фактілерін анықтады.
"Мысалы, 29 мамырда "Сарыағаш станциясы" кеден бекетінде жалпы салмағы 57,8 тонна (күріш – 30 тонна, итмұрын – 5,7 тонна, науат (шығыс тәттілері) – 1,8 тонна, кептірілген мейіз – 4 тонна, зығыр майы – 2 тонна, халва – 1,8 тонна және т.б.) контрабандалық жүк анықталды. Құжаттар бойынша "ассортименттегі кептірілген жемістер" тауарлары деп көрсетілген", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ 1 маусымда "Қапланбек" кеден бекетінде кедендік тексеріс жүргізу кезінде жаңа піскен шиенің салмағын 9,7 тоннаға төмендету жолымен тауарларды жалған мәлімдеу фактісі анықталды. Сөйтіп "жаңа піскен шиенің" орнына ілеспе құжаттарда "жаңа піскен қара өрік" деп көрсетілген, өйткені қара өрік шиеден әлдеқайда арзан.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар жауапкершілікке тартылды.