Экономика

Бір жылда қанттың бағасы 61%-ке өсті

Қант
Қант - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.06.2022
Жазылу
Мамандар өнімнің тапшылығы мен бағасының өсуіне қазақстандықтардың өздері кінәлі деп отыр
НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. Energyprom.kz мониторинг агенттігінің ақпаратына сәйкес, қант бағасы бір жыл ішінде 61%-ке өсті.
Биыл қаңтар-сәуір айларындағы қант өндірісі 81,8 мың тонна болды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,1%-ке аз. Қанттың үштен екісінен астамы Жамбыл облысында өндіріледі, яғни 56,5 мың тонна.
"2022 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша отандық қант өндірушілер сұранысты 39%-ке қамтамасыз етті. Былтырғы көрсеткіш - 43,8%. Бірінші тоқсанда қазақстандық өндіріс бір жылда бірден 25,2%-ға төмендеді, импорт 9%-ға, 60,1 мың тоннаға дейін қысқарды", - делінген ақпаратта.
Нәтижесінде 2022 жылдың бірінші тоқсанында ішкі нарықта 98,5 мың тонна қант сатылды. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 15,7%-ға аз. Сектордағы экспорт мардымсыз, ол 8 есе қысқарды. Биыл қант бұрын-соңды болмаған дүрбелең тудырды. Мәселен, наурызда Ресейден қант экспортына тыйым салынуына байланысты ресейлік қант құны Қазақстанда ақпанмен салыстырғанда бірден 34,3%-ға өсті.
Сауда және интеграция министрлігі ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, елде қант тапшылығы жоқ және қалған қоры үш айға жетеді деп мәлімдеді. Сонымен қатар олар үнемі толықтырылып отыратынын айтты, деп жазады Energyprom.kz.
Соған қарамастан, мәлімдеме жасалған уақытта түрлі қала дүкендерінде сөрелерде қант болмады. Кейін алыпсатарлық жағдайлары анықталды. Қант бағасының өсуі келесі айларда да жалғасты: сәуірде қант тағы 4,5%-ке, мамырда 5,7%-ке қымбаттады. Нәтижесінде қанттың жылдық қымбаттауы бірден 60,5% болды.
Мамыр айында қант дүкен сөрелерінен қайтадан жоғалып кетті. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елдегі қант тапшылығын мойындап, оны Ресей тарапынан қант экспортына енгізілген тыйыммен байланыстырды.
Еске салсақ, жуырда ауыл шаруашылығы министрлігі елде қант тапшылығы жоқ екенін, жеткізілім уақытында жүзеге асырылатынын, ал зауыттар толық қуатында жұмыс істейтінін мәлімдеген еді.
Жаңалықтар
0