Өңірлер

Ақтөбе тұрғындарына үй салуға арналған жер қоқыс алаңынан берілген

© Sputnik / Вера Карповаархив
архив - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.06.2022
Жазылу
Көптен күткен жер учаскесіне үйдің іргетасын құйып, құрылысты бастап кеткен жандар бар
НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. Ақтөбе іргесіндегі жаңа ауданнан жер алған тұрғындар үй салмақ болғанда оқыс жағдайға тап болды. Қазық қағылған жердің бәрі қоқыстың астында қалған, деп хабарлайды Астана арнасы.
Тұрғындар үлкен аумаққа жайылған қоқыс полигонын өз күшімізбен жинай алмаймыз деп жергілікті биліктен көмек сұрап отыр.
"Бұл жердің қоқысы 1 жыл, 2 жылдың емес, 5-6 жылдың көлемінде төгілген, жылда төгіліп келе жатқан нәрсе. Біздің талабымыз – жерді тазалап берсе, енді мына қоқыс арасына үй салу мүмкін емес", - дейді тұрғындардың бірі Базарбай Бекжігітов.
Иен далаға қоқысты кім әкеліп тастап жатқанын тұрғындар білмейді. Бірақ, бірнеше рет құрылыс қалдықтарын төккен "Камазды" көрген.
Таяқ тастам жерде қоқырсып қоқыс жатса да, көптен күткен жер учаскесіне үйдің іргетасын құйып, құрылысты бастап кеткен жандар бар. Кейбірі тұрмыстық қалдықтар арасынан қағылған қазықты таба алмай әлек.
"Мына қағылған қазық менің жер учаскем, жер көлемі маған берілген. Соның бәріне міне қоқыстың бәрін төгіп тастаған. Оның алдында болған жағдай. Үкімет берілген жерді дұрыс тексеріп қарап бермеген жұртқа", - дейді тағы бір тұрғын Тимур Бекмұханов.
Рауан-2 ауданындағы мыңнан астам жер учаскесі осыдан 4-5 жыл бұрын берілген. Ол кезде қоқыс болған жоқ дейді қалалық әкімдіктегілер. Жапан далаға жайылған қоқысты жинау үшін тендер өткен айда ғана жарияланған.
"Келесі аптада егер арыз-шағым болмаса, жеңімпаз мердігер мекеме анықталып, келісім-шарт жасалып, жұмыстар басталуы керек", - дейді Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары Бақұзақ Дарин.
Әкімдік өкілінің айтуынша, бұл ауданда осындай бейберекет жиналған 20-дан астам қоқыс үйіндісі бар. Оның бәрін жою үшін бюджеттен 95 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр.
Жаңалықтар
0