Прокурорлар заңсыз ұсталған 596 азаматты босатты

© Sputnik / Тимур БатыршинПрокурор
Прокурор - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.06.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурор Берік Асыловты қабылдады.
Президенттің тапсырмасы бойынша прокурорлар кәсіпкерлерге қатысты қозғалған барлық қылмыстық істің заңдылығын тексеріп жатыр, деді Асылов. Жүргізілген тексерістер нәтижесінде өндірістегі 378 істің 36-сы тоқтатылды.
"Бизнеске кедергі жасау, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік орган өкілдері тарапынан қызметін асыра пайдалану фактілері бойынша 12 сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Материалдарды тексеру әлі де жалғасып жатыр", - деп хабарлады Ақорда.
Кәсіпкерлердің қылмыстық процеске негізсіз тартылуын болдырмау мақсатында ұйымдастырушылық және заңнамалық шаралар кешені әзірленуде.
Берік Асыловтың айтуынша, жыл басынан бері прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде 7 мыңнан астам заң бұзушылық жойылған. Оның көбі мемлекеттік сатып алулар, денсаулық сақтау, экология және балалардың құқықтарын қорғау салаларында анықталған.
10 мыңнан астам мемлекеттік қызметші мен квазимемлекеттік сектордың қызметкері әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған.
Прокуратураның араласуынан кейін мемлекетке 8,4 миллиард теңге қайтарылған, 177 мыңнан астам еңбек құқығы қалпына келтірілген, сондай-ақ 1 миллиард теңгеден астам жалақы қарызы өтелген.
Президентке криминогендік жағдайлар және азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету үшін қылмыстық-құқықтық салада қабылданып жатқан шаралар жөнінде ақпарат берілді. Прокурорлар заңсыз ұсталған 596 азаматты босатты. 542 азаматқа қатысты шешімді қайта қарау ұсынылды, соның ішінде сотталған 90 адамның жағдайы жақсартылып, 9 адам ақталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа қылмыстық процестің жаңа үш буынды моделінің енгізілу барысы жөнінде арнайы баяндалды. Биыл прокурорлар 152 мың процессуалдық шешімді қайта електен өткізді. Соның ішінде 11,5 мыңнан астам қаулы заңсыз деп танылды. 1 мыңға жуық азаматтың қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол берілмеді.
Жаңалықтар
0