Қаңтарда ұрланған қарудың көбі әлі де қылмыскерлердің қолында – ІІМ

© Photo : Пресс-служба комитета национальной безопасности Казахстана Ұрланған қарудың көбі әлі де қылмыскерлердің қолында
Ұрланған қарудың көбі әлі де қылмыскерлердің қолында  - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.06.2022
Жазылу
Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 2 900 қару, сондай-ақ 63 180 оқ-дәрі ұрланған
НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақты тәркілеу жұмысы қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол жаппай тәртіпсіздіктер барысында қару-жарақ дүкендері мен құқық қорғау органдарының әкімшілік ғимаратынан 2 900-ден астам қару, сондай-ақ 63 180 оқ-дәрі ұрланғанын атап өтті. Ұрланған қару арасында 35 гранатомет, 8 пулемет, 268 автомат, 17 винтовка, 594 тапанша, 98 арнайы мылтық және 239 травматикалық тапанша бар.
"Осыған байланысты ішкі істер органдары ұрланған қаруды табу және тәркілеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Полиция қызметкерлері қылмыскерлер жасырған 215 қару-жарақ қоймасын тапты. Олардан 721 бірлік қару, соның ішінде 2 гранатомет, 43 автомат, 189 түрлі мылтық пен 11 мыңнан астам оқ-дәрі, сонымен қатар арнайы құралдар мен оптикалық құрылғылар тәркіленді", - деді Әділов брифингте.
Жалпы ІІМ мәліметінше, бүгінде 1 554 қару мен 39 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленген. Олардың арасында 10 гранатомет, 6 пулемет, 158 автомат, 348 тапанша, 113 арнайы мылтық, 216 травматикалық тапанша және басқалары бар.
Бұдан бөлек, түсіндіру жұмыстары нәтижесінде азаматтар өз еркімен 147 қару тапсырған (автомат - 11, тапанша – 29, граната - 1, тегіс ұңғылы қару - 48, травматикалық тапанша – 25, ойық ұңғылы – 6 және суық қару – 27). Десе де ішкі істер министрлігі ұрланған қарудың көбі қылмыскерлердің қолында екенін айтып, алаңдаушылық білдірді.

"Бүгінгі таңда қылмыскерлердің қолында ауқымды арсенал қалып отыр. Ұрланған қарудың 2 мыңнан астамы. Бұл дегеніміз үлкен қауіп. Өйткені қылмыскерлер кез келген уақытта оны бейбіт азаматтарға қарсы пайдалана алады", - деді Әділов.

Ол қару тәркілеу жұмысы жалғасып жатқанын және министрліктің ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.
Жаңалықтар
0