Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріледі

© Photo : СС0 / Konstantin KolosovМикроскоп
Микроскоп - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.06.2022
Жазылу
Ғылыми қызметпен тікелей айналысатын академиктерге өмір бойы ай сайын стипендия беру мәселесі шешіледі
НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріледі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін көтеру қажет екенін атап өтті.
"Бұл құрылым ғылыми ой-тұжырым орталығына айналуға тиіс. Сондай-ақ сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек. Қара шаңырақтың рөлін арттыру аса маңызды. Сондықтан оған мемлекеттік мәртебе береміз және бюджет есебінен қаржыландырамыз", - деді Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда.
Президент академияға қазір атқарып отырған қызметінен басқа да міндеттері белгіленетінін айтты. Дәлірек айтқанда, ғылыми басымдықтарды дәл осы құрылым айқындауы керек. Арнаулы гранттар, стипендиялар және сыйлықтар тағайындау құзыреті де академияға берілгені жөн.
"Осы ретте ғылымға адалдық мәселесіне баса назар аударғым келеді. Қазір қоғамда құр атақ үшін ғылыми дәреже алғысы келетіндердің бар екені жасырын емес. Бұл жағымсыз үрдіске айналып барады. Олар, шын мәнінде, ғылыми атаққа ие болғанымен, ғылым жолын жалғастырмайды. Соның кесірінен мемлекеттің қаншама қаражаты босқа кетеді", - деп сынады мемлекет басшысы.
Тоқаев бұған біржола тосқауыл қоятын кез келгенін айтты.
"Біз ғылымға шынайы берілген азаматтарды ғана қолдауымыз қажет", - деді ол.
Айтуынша, қазір академия ғылым туралы ұлттық баяндама әзірлеумен ғана шектеліп отыр. Сондай-ақ салалық журналдар шығарады. Бар болғаны – осы.
"Шын мәнінде, оның әлеуеті және мүмкіндігі әлдеқайда зор екені түсінікті. Бүгінгі ахуалына қарап, академияның болашағы бұлыңғыр деп санайтындар, өкінішке қарай, аз емес. Тіпті академиктердің өздері де оған күмәнмен қарайды", - деді Тоқаев.
Осы орайда президент әлемдік тәжірибені мысал етті. Әлемде ғылыми академиялар екі түрлі үлгіде болады. Оларға мемлекеттік мәртебе беріледі немесе тәуелсіз коммерциялық емес ұйым ретінде жұмыс жүргізеді.
"Біз түрлі жағдайға байланысты бір кезде өзгеше жолды таңдауға мәжбүр болдық. Ұлттық ғылым академиясы көптеген қоғамдық ұйымның қатарына қосылып кетті. Салдары қандай болғанын қазір көріп отырмыз. Дегенмен, оның кадрлық және институттық әлеуеті әлі де жоғары", - деді Тоқаев.
Президент академиктер барынша ашық әрі әділ сайлануы қажет екенін мәлімдеді.
Айтуынша, жұрт ұйымға мүше болу рәсімдерін және оған үміткерлерді толығымен біліп отыруға тиіс. Ғылыми қызметпен тікелей айналысатын академиктерге өмір бойы ай сайын стипендия беру мәселесі шешіледі.
Тоқаевтың пікірінше, мұның бәрі академияның жұмысына тың серпін беріп, беделін арттырады. Сондай-ақ еліміздегі ғылым саласының тұрақты дамуына жол ашады.
Итбалық - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.06.2022
Тоқаев Каспий итбалығының жойылып кету мәселесін жеке бақылауына алды
Жаңалықтар
0