ЕАЭО-ның интернет-саудасындағы өзгерістер: баға мен қызмет не болмақ?

© AP Photo / Wilfredo Leeинтернет сауда
интернет сауда - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.06.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. Өткен аптада Бішкекте өткен Еуразиялық экономикалық форумда интернет-сауда саласында бірыңғай Еуразиялық қауымдастық құру туралы келісімге қол қойылды.
Интернет-алаңдардың ірі сауда өкілдері бұл келісім қаржылық тәуекелдерді азайтуға, тауарлардың құнын төмендетуге және Одақ елдеріндегі сатып алушылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді деп санайды.

Мемлекеттер ұсынысы қандай?

Келісімге қол қойылғанымен, жаңа мемлекетаралық құрылым аясында "ортақ мәнге" нені келтіру керек екенін егжей-тегжейлі талқылау керек. Бұл туралы Sputnik тілшісіне ресейлік интернет-сауда компаниялары қауымдастығының президенті Артем Соколов айтып берді.
Оның айтуынша, форум алаңындағы келіссөздер кезінде айтылған ұсыныстардың бірін Одаққа кіретін барлық мемлекет өкілдері қолдады.
"Қосарланған салық салуды алып тастау керек. Қазіргі уақытта біз екі рет қосылған құн салығын төлейміз. Яғни алдымен тауар жіберілетін мемлекет аумағында, содан кейін оны қабылдайтын жерде салық төлейміз. Бұл дұрыс емес. Сондықтан бұл ұстанымды өзгерту қажет. Нәтижесінде сатып алушы тауар үшін бастапқы құнынан шамамен 20%-ға артық төлейді, бұл ешкімге тиімсіз", – деді Артем Соколов.
ЕАЭО елдерінің интернет-сауда ұлттық қауымдастық өкілдерінің пікірінше, егер қосарланған салық салудан бас тартса, онда тұтынушы үшін тауар құны төмендейді.
Бағаның төмендеуіне тауар айналымының ұлғаюы және Ресейдегі параллель импортты заңдастыру арқылы қол жеткізуге болады. Бұл туралы форум барысында РФ Индустрия және сауда министрлігінің ішкі сауданы дамыту департаменті директорының орынбасары Сергей Лобанов айтты.
Артем Соколов реттеуді қажет ететін тағы бір бағыт ретінде Одақ аумағында тауарлардың жекелеген санаттарын, яғни алкоголь, дәрі-дәрмек, зергерлік бұйымдар, биологиялық белсенді қоспаны жеткізуді атады.
"Қазіргі уақытта бұл тауарларды барлық мемлекетте сату мүмкін емес. Армениядағы сапалы коньякті Ресейге интернет арқылы тапсырыс бере алмайсың. Мысалы, Қырғызстанда алкоголь өнімдерін үйге жеткізу мүмкіндігі бар. Одақ ішінде интернет арқылы сату кезінде қымбат әшекей бұйымдар мен сапалы алкогольге қатысты кейбір шектеулерді алып тастауды ұсынамыз" – деп түсіндірді ол.
Форум аясында қазақстандық интернет-бизнес және мобильді коммерция қауымдастығының президенті Константин Горожанкин да өз ұсынысын жеткізді. Ол одақ елдерінің интернет-алаңдарында "басқа төлем жүйелерінің көмегімен төлем жасаған кезде айырылып қалған клиенттерді қайтаруға" көмектесетін МИР банк карталары арқылы төлем жасау мүмкіндігін жедел енгізуге шақырды.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғауға келетін болсақ, кейбір мемлекетте және интернет-сайттарда тауарларды қайтару немесе айырбастау ережелері, жеткізу мерзімі әртүрлі. Осыған байланысты Еуразиялық қауымдастық аясында өткен форум қатысушылары сатушылар қатаң сақтауға міндетті бірыңғай жүйе орнатуды ұсынды.
Тұтынушылардан шағым түскен жағдайда адал емес сатушылар үшін айыппұл санкцияларының тетіктерін әзірлеу де жоспарда бар.

Өзгерістер қашан енгізіледі?

"Сыртқы электрондық сауда көлемінің төмендеуіне байланысты ЕАЭО елдерінің электрондық нарығын ортақ жүйемен біріктіру Одақ ішіндегі тауар айналымын одан әрі арттыруға ықпал ететін болады", - деп есептейді Артем Соколов.
Интернет-сатудың жаңа Еуразиялық қауымдастығы жұмысының басталуы барлық мемлекет арасындағы нормативтік-құқықтық құжаттарды дайындау және келісу мерзімдеріне байланысты. Алайда Интернет-сауда компаниялары қауымдастығының президенті атап өткендей, барлық маңызды шаралар мемлекеттік деңгейде қабылданған және қауымдастық осы мәселенің шешімін аз уақыт ішінде ұсынуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ күзге қарай ЕАЭО мемлекеттеріндегі интернет-дүкендер сауданы жаңа жүйе бойынша жүргізеді.

ЕАЭО-да электрондық сауда нарығы қарқын алды

Еуразиялық экономикалық комиссияның ақпаратына сәйкес, соңғы жылдары Одақ ішіндегі электрондық саудада тұрақты өсім байқалады.
Егер 2020 жылы мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 502 млн долларды құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 781 млн долларға жеткен.
Сарапшылардың пікірінше, өсімге байланысты Одақта ортақ нарықты реттеудің қажеттілігі туындады.
Өткен жылы электрондық бизнес-құрылым өкілдерінің Одақ елдерінің аумағында бірыңғай сауда қағидаларын әзірлеу туралы ұсынысы мемлекеттік деңгейде қолдау тапты.
"Өткен жылдың күзінде мемлекет үкіметтерінің басшылары электрондық сауданы дамыту үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі жол картасын бекітті. Құжат соның ішінде бейіндік халықаралық келісім жобасын әзірлеуді көздейді", – деді Еуразиялық экономикалық форумның пікірталас алаңдарының бірінде өткен сессия барысында ЕЭК-тің сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.
Жаңалықтар
0