Қоғам

Балаларды бұл эпидемиядан қорғай алмасақ, болашағымыз бұлыңғыр

© Sputnik / Михаил Фомичев / Медиабанкке өту Архив фото
 Архив фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.06.2022
Жазылу
"Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін" ұлттық коалициясының көшбасшысы Жәмиля Садықованың айтуынша, вейптер адамның өкпесін күйдіріп жібереді
НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. Қазақстанда вейп эпидемия өршіп барады. Балалар арасында түтіні будақтап шығатын мини-кальяндар мен бір реттік электронды сигареттерді қолдану көрсеткіші күрт көбейген.
Дәрігерлер дабыл қағып келеді. Себебі өкпені тесіп жіберетін дерт жас ұрпақтың болашағына үлкен қауіп төндіріп отыр. Ал үкімет бір шешімге келе алмай жатқан сияқты. Sputnik Қазақстан тілшісі вейп эпидемияның қаупі мен осы құрылғыларға толығымен тыйым салу мәселесін зерделеп шықты.

Жай судың буы емес

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда темекі шегентін адамдардың саны азайып келеді. Оған осы саладағы күрес шаралары әсер еткен. Заңмен нақты шектеулер де енгізілді. Осының нәтижесінде темекі шегу көрсеткіші азайды.
Мәселен, 2007 жылы қазақстандықтардың 27 проценті никотинге тәуелді болса, 2020 жылда олардың саны 7 процентке төмендеді. Алайда вейп шегетіндер күрт көбейді. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында "тәтті түтінге" қызығушылық күрт өсті. Барлығы вейп қауіпсіз деп ойлады. Өндіруші компаниялар да "құрамында зиянды заттар жоқ, жай судың буы ғана" деп қайта-қайта айтып келеді.
Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "никотинді жеткізудің электронды жүйелері жай судың буы емес" деген қорытындыға келді. Сарапшылар вейптің құрамында никотиннен бөлек пропиленгликоль, глицерин, хош иістендіргіштер, формальдегид және қатерлік ісі ауруын қоздыратын басқа да заттардың бар екенін анықтады.
Ал "Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін" ұлттық коалициясының көшбасшысы Жәмиля Садықованың айтуынша, вейптер адамның өкпесін күйдіріп жібереді.
"Вейптегі сұйықтық бумен өкпеге кіргеннен кейін қайтадан сұйықтыққа айналады. Сөйтіп, жинала береді. Ал ыстық әрі майлы сұйықтық өкпені кәдімгідей күйдіріп жібереді. Ол ешқайда кетпейді, қанға да сіңбейді. Өкпеде жинала береді. Осылайша, майлы көлшіктер пайда болады. Өкпе біртіндеп өшеді. Ал емдеудің жалғыз жолы – өкпені кесіп тастау немесе жаңағы көлшіктер жиналған жерді алу", - дейді Садықова.

Вейптерге тыйым салына ма

Бұған дейін мәжілісте вейптерге толығымен тыйым салу мәселесі көтерілген болатын. Жақында депутат Еділ Жаңбыршин осы проблемаға тағы назар аударып, үкіметті электронды сигареттерден түсетін салықты емес, жастардың денсаулығын ойлауға шақырды. Себебі ертең кішкене ақша жинаймыз деп, халықты емдеуге одан да көп қаржы жұмсауымыз әбден мүмкін.
"Қазіргі зерттеулердің өзі көрсетіп отырғандай, вейпингтің салдарынан фиброз, мутагендік, онкологиялық аурулар, сондай-ақ, жас балалар созылмалы бронхы ауруларына шалдығады. Сондықтан біз салықты көтереміз, экономиканы жақсартамыз деп, оны ғана ойламауымыз қажет. Әлеуметтік жағын да ұмытпау керек. Сосын АҚШ онкологиялық ауруларды зерттейтін қоғамның мәліметіне сәйкес, электронды сигареттер адамды темекіге тастауға көметеспейді, керісінше, оған тәуелді қылады", - деді Жаңбыршин.
Ал үкімет бір шешімге келе алмай жатқан сияқты. Денсаулық сақтау министрлігі дабыл қағып, вейптердің айналымына шұғыл тыйым салуға шақырса, экономика министрлігі салықты арттыру қажет деп санайды.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау қыздырылатын темекінің әсері сигареттермен бірдей деген шешімге келді. Мен вейптерді айтып отырмын. Ал халықтың денсаулығына тигізетін әсері сигареттермен бірдей болса, акциздердің мөлшерін тағы арттыру мәселесін қарастыратын боламыз", - деді экономика министрі Әлібек Қуантыров журналистерге берген сұхбатында.
Осы орайда тілшілер вейптерге толығымен тыйым салу мәселесін сұраған. Министрдің ойынша, вейптерге тыйым салынса, адам денсаулығына қауіпті басқа да тауарларға тыйым салу мәселесі туындайды. Ал салық көтерілсе, бағасы өседі. Сол кезде балалар мен жасөспірімдер ақша жағынан қиналады.
"Вейптер де темекі өнімдерінің бір түрі ғой. Оған тыйым салсақ, сигареттерге де сондай шара қолданатын шығармыз. Сондықтан оны басқа темекі өнімдері сияқты акцизбен шешу керек. Салықты көбейткен дұрыс. Сонда кәмелет жасқа толмағандар үшін ондай тауарды сатып алу қиындай түседі", - деп атап көрсетті Қуантыров.
"Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін" ұлттық коалициясының көшбасшысы Жәмиля Садықова министрмен келісіп отырған жоқ. Оның айтуынша, қазіргі эпидемияны вейптерге тек толығымен тыйым салу арқылы ғана тоқтатуға болады. Бұған дейін Қазақстанда "снюстарды" сатуға тосқауыл қойылған. Сол сияқты вейптердің саудасын да тоқтатуға мүмкіндік бар.
"Депутаттарға ұсыныс жасалды. Қазір олар қай заң жобасына қосуға болатынын қарастырып жатыр. Негізі, биылдан қалдырмай, вейптердің айналымына толығымен тайым салу қажет. Себебі балалар арасындағы вейп эпидемия өршіп кетті. Ашығын айту керек, бюрократия бар. Оны еңсеру оңай емес. Ал эпидемияны тек толығымен тыйым салу арқылы тоқтатуға болады", - деді Садықова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
P.S. Бүгінде әлем бойынша 30-дан астам мемлекетте вейптерге тыйым салынған. Күні кеше оларға Мексика да қосылды. Осы елдің президенті вейптер мен электронды сигареттердің айналымына толығымен тыйым салу туралы жарлыққа қол қойды. "Бұл шешім ұлттың, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғау үшін қабылданып отыр", - дейді Андрес Мануэль Лопес Обрадор
Жаңалықтар
0