"Кешірім бермеймін": лифтіде зардап шеккен әйел тергеуге күмән келтірді

© Sputnik / Владислав ВодневЛифт, иллюстративное фото
Лифт, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.05.2022
Жазылу
Надежда аузын басып, тұншықтырған күдіктінің зорлық жасағысы келгеніне сенімді
НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Лифт ішінде зорлыққа ұшырай жаздадым деген шымкенттік келіншектің тергеу барысына көңілі толмайды. Ол өзіміз шақырамыз деп шығарып салған құзырлы органның әлі үнсіз отырғанын айтады, деп хабарлады Otyrar.kz.
25 мамыр күні Шымкенттегі лифт ішінде азғынның қолынан аман қалған Надежда әлі есін жия алмай жүр. Құрсағымда балам бар екенін айтсам да, аузымды басып, тұншықтыруын тоқтатпады деген ол күдіктінің зорлық жасағысы келгеніне сенімді. Құзырлы орган жүргізіп отырған тергеу жұмыстарына күмәнмен қарайды.
"Тергеушілер сараптамаға шақырамыз деген еді. Бірақ одан әлі ешқандай хабар жоқ. Туысқандары "кешірім бер" деп хабарласып жатыр. Бірақ мен кешіре алмаймын. Ол мені зорлауға не өлтіруге оқталды. Мен оның тезірек тиісті жазасын алғанын көргім келеді", - дейді жәбірленуші Надежда.
Ал полицейлер болса күдіктінің тергеу изоляторында жатқанын айтады. 22 жастағы жігіт жақында ғана әскерден келген, әзірге жұмыссыз жүрген шымкенттік екен. Қашып бара жатқан жерінен ұсталған ол жауабында "зорлайтын ойым болған жоқ" дегенді айтқан.
"Күдікті жәбірленушінің айтқанымен келіспейді. Зорлау мақсатында емес, телефонға қызығып, соны алмақ болғанын айтты. Дүкеннен шығып келе жатқан жәбірленушіні көрген. Қолындағы ұялы телефонды көріп, соны күш қолдану арқылы тартып алмақшы болған", - дейді Шымкент қаласы ПД Қаратау аудандық бөлімі бастығының орынбасары Аянхан Омаров.
Еске сала кетейік, 25 мамыр күні Шымкенттегі лифтіде балалы келіншекке қол жүгірткен жігіттің видеосы тараған еді. Қазір бұл іске қатысты зорлауға оқталу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жаңалықтар
0