Петропавл әуежайы үшінші рет сатылымға шығарылды

© Sputnik / Елена БережнаяПетропавл әуежайы
Петропавл әуежайы - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.05.2022
Жазылу
Наурызда әуе айлағын 5,6 миллиард теңгеге сатпақшы болғанмен, мамырда бастапқы баға 2,8 миллиард теңгеге дейін төмендеді, бірақ одан кейін де әуежайды сатып алғысы келетіндер табылмады
НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Петропавл халықаралық әуежайы үшінші рет сатылымға шығарылады, деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Әуежайдың мүлкі бастапқы құны бойынша үшінші конкурсқа шығарылады.
"Екі конкурс өтті. Ешкім қатысқан жоқ. Сондықтан бұрынғы бағаға – 5,6 миллиард теңгеге қайта оралып жатырмыз. Оны төмендетпейміз. Тағы бір конкурс жарияланады, мүмкін сатып алғысы келетін адам табылар", - деді өңір басшысы қаланы аралау барысында.
Облыс әкімі әуежайды күтіп-баптауға жыл сайын бюджеттен 200 миллион теңгеге дейін қаржы жұмсалатынын, бұл үлкен шығын екенін атап өтті.
"Әуежай жұмыс істеп тұр. Бірақ авиациялық қауіпсіздік қызметі көп жөндеу қажет екенін жиі айтады. Кешкі уақытта үлкен ұшақтар ұшатын заманауи мұнай базасы қажет, бұл тасымалдау көлемін арттырады. Бұл ауқымды инвестиция салынған жағдайда ғана мүмкін. Ол көп маманның жұмыс істеуін қажет етеді. Өкінішке қарай, біз әзірге мұндай шығынды көтере алмаймыз. Бизнеспен айналысатын инвесторлар қажет. Олар ұшуларды зерттеп, халықаралық әуе желілеріне шығу, авиатасымалдаушылармен келіссөз жүргізу, ұшақтарға жанармай құюмен айналысар еді. Бұл біртұтас процесс. Әкімдік мұнымен айналыса алмайды", - деп түйіндеді Ақсақалов.

Петропавл әуежайы туралы

Петропавл халықаралық әуежайы 1974 жылдан бері жұмыс істейді. Кеңес дәуірінде бұл тәулігіне 40-қа дейін рейс орындалатын және Кеңес Одағының көп қаласына күн сайын жолаушы аттандыратын танымал әуе айлағы болды.
КСРО ыдырағаннан кейін әуежай бірнеше рет бір меншік иесінен екіншісіне өтіп, материалдық-техникалық базасы әбден тозды. Ал жұмысшылар жалақының кешіктірілуіне қатысты үнемі шағымданып келді.
2016 жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жолаушылар кешені мен ұшу-қону жолағына ауқымды реконструкциялау жүргізілді. Содан кейін әуежай заманауи авиалайнерлерді шектеусіз қабылдай алды.
2019 жылы Петропавлдан Шарм-эль-Шейхке тікелей рейс ашылды. Бірақ петропавлдықтардың Мысырға ұшу мүмкіндігі небәрі бір жаз маусымына созылды. Бірақ таяуда туристік компаниялар солтүстікқазақстандықтар үшін осы жылы 18 маусымнан бастап Петропавлдан Мысырға тікелей әуе қатынасы қайта жанданатыны туралы қуанышты хабарды жеткізді.
2020 жылдың қазан айында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа әуежай қызметкерлері үлкен көлемде жалақы кешіктірілгені туралы шағымданды. Осы кезде Петропавл әуежайын банкрот деп жариялауға дайындалып жатқаны белгілі болды. Содан кейін нысанды облыс әкімдігінің бөлімшесі – "Солтүстік" ӘКК теңгеріміне коммуналдық меншікке беру рәсімі басталды.
Жаңалықтар
0