Оралдықтар қантқа таласып жатыр

© Photo : пресс- служба акимата Алматинской областиҚант
Қант - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.05.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Әлеуметтік желіде оралдықтардың қаладағы супермаркеттердің бірінде қантқа таласып жатқаны жайлы видео жарияланды.
Кадрдан қала тұрғындарының дүкен есігі ашыла салысымен қант тұратын сөрелерге қарай жүгіргенін көруге болады. Роликтің түсіндірмесінде видеоның бүгін "Алтындар" супермаркетінде түсірілгені айтылған.
Бұған дейін "Уральская неделя" басылымы қантты үй маңындағы дүкендерден табу қиын екенін, ал ірі сауда желілерінде қымбат бағамен – келісі 700 теңгеге дейін сатылып жатқанын хабарлаған болатын.
"Алтын алма" базарының әкімшісі Наталья Григорьеваның айтуынша, қант мүлде болмағандықтан базарда дүрбелең жоқ.
"Қант наурыз айында жоғалып кетті, себебі Ресейден экспорт жабылды, кәсіпкерлер зардап шекті, оны еш жерден ала алмадық. Қазір қантты тек Ақсу мен Тараздағы қант өңдеу зауыттарынан аламыз, олар зауыттан сату бағасын 450 теңге көлемінде белгіледі. Оған көтерме бағамен сатушылардың қантты вагонмен жеткізу құны, сауда үстемесі қосылады. Қазір осы екі зауыт Қазақстанның бүкіл аумағына қызмет көрсететіндіктен тапшылық ұлғайып жатыр, жүк жөнелту кезегі қазіргі уақытта 100 вагоннан асады. Кім бірінші төлесе, сол бірінші болып алады, орташа күту уақыты – 1,5 ай", - дейді "Шанс" ЖШС көтерме сауда базасының коммерциялық директоры Лимар Сайфуллин.
Дегенмен жергілікті билік Батыс Қазақстан облысында қанттың жетіспеуі мен қымбаттауына байланысты мәселе жоқ деп сендірді.
"Қант бар. "Алтындар" супермаркеті 68 тонна қанттың келісін 328 теңгеден сатып алып, көлік шығынын есептегенде 370 теңгеден сатып жатыр. Алайда бір адамға 1-2 келіден және белгілі бір уақытта сатады. Халық бұл қантты өте тез сатып алып жатыр. Халық арзан алып, қымбаттатып сатпауы үшін шектеу енгізілді", - дейді БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Жұмагелді Батырниязов.
Ол Жамбыл зауытынан апта сайын облысқа 140 тонна қант әкелінетінін атап өтті.
Айта кетері, бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігі республикада шамамен 67 мың тонна қант қоры бар екенін, өнім үздіксіз өндіріліп жатқанын мәлімдеген болатын.
Сахар - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.05.2022
Экономика
Қазақстанда қант тапшылығы жоқ – министрлік
Жаңалықтар
0