Ресейдің Свердлов облысында қазақстандық банктердің филиалдары ашылуы мүмкін

© Sputnik / Павел Лисицын / Медиабанкке өтуЕкатеринбург
Екатеринбург - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.05.2022
Жазылу
2022 жылдың күзінде Нұр-Сұлтан қаласында Свердлов облысының күндерін өткізу жоспарлануда
НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Ресейдің Свердлов облысында қазақстандық банктердің филиалдары ашылуы мүмкін. Мұндай мүмкіндікті Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев пен Свердлов облысының губернаторы Евгений Куйвашев талқылады.
Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің хабарлауынша, елшінің губернатормен кездесуі 26 мамырда өтті. Кездесу Ермек Көшербаевтың Екатеринбургке сапарының қисынды жалғасы болды.
"Кездесулерге қатысушылар Свердлов облысында қазақстандық банктердің филиалдарын ашу, қолданыстағы инфрақұрылымды пайдалана отырып, жаңа логистикалық желілерді құру бойынша жұмысты жандандыру, өңіраралық өндірістік кооперацияны орнату, оның ішінде қоныс аудару мәселелерін талқылады. Осы үдерістерді жандандыру мақсатында 2022 жылдың күзінде Нұр-Сұлтан қаласында Свердлов облысының күндерін өткізу жоспарлануда, оның аясында көрмелер, тұсаукесерлер, іскерлік конференциялар өтеді", - деп атап өтті елшілік.
Кездесуде тараптар 2021 жылы өзара тауар айналымы 1,5 млрд долларға жетіп, одан алдыңғы жылмен салыстырғанда үштен бірге артқанын айтты. Свердлов облысының тауар айналымы құрылымында Қазақстан Қытайдан кейінгі екінші орынды иеленді.
Өзара ықпалдастық әлеуетін дамытудың жақсы мүмкіндіктері бар екені аталып өтті. Осы тұрғыда 2022 жылдың 4-7 шілдесінде Екатеринбургте өтетін "INNOPROM" XII халықаралық өнеркәсіп көрмесіне үлкен үміт артылып отыр.
Іс-шараға Қазақстан үкіметінің жоғары делегациясы келеді, оған елдің барлық өнеркәсіп салаларының атынан 200-ге жуық қазақстандық компания қатысады деп жоспарланып отыр. Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып "INNOPROM" көрмесінің серіктес елі мәртебесін алды.
Екатеринбург басшысы Алексей Орлов қазақстандық қалалармен бауырмалдық келісімдер орнатуға мүдделі екенін және сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісімдер жасауға дайын екенін атап өтті.
Екатеринбургте Ермек Көшербаев Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін таныстыру рәсіміне қатысты.
Сапар барысында елші Свердлов облысындағы қазақ қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілерімен кездесті. Қазіргі уақытта өңірде 5 мыңға жуық отандасымыз тұрады. Кездесу барысында қазақ тілін үйренуге қатысты өзекті мәселелер мен бірлескен гуманитарлық жобалар қозғалды.
Жаңалықтар
0