Батыс Қазақстанда малға қасқыр шапты: фермерлер шығынға батып жатыр

© Photo : СС0 / AlkeMadeҚозы
Қозы - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.05.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Батыс Қазақстан облысының Ұялы ауылдық округінде жыл басынан бері жүзге жуық малды қасқыр қырып кеткен. Негізінен бұзау мен қойды тамақтап тастаған.
Ауылдық округте 62 шаруа қожалығы бар. Фермерлер аңшылардан дала жыртқыштарынан қорғауды сұрады. Үш жылдан бері ешкім қасқыр атуға шықпағаны анықталды.
Жыртқыш саны артса да, аңшылыққа тыйым салынған. Фермерлер үлкен шығынға батып отыр, деп ақпарат таратты "Хабар 24".
Малға қасқыр шабужағдайы үдей түскен соң, Нұрболат Меңдіғалиев сиырларын фермерлерге тапсырмай, ауылда қалдыруды жөн көрген.
"Малды бағу үшін шаруа қожалықтарына тапсырамыз. Бұл өте ыңғайлы, себебі қожалықтарда жайылым бар, мал бағатын адам бар. Ол жақта мал бірнеше ай жатады. Бірақ аман қалмайтын кезі де болады. Себебі бізге малға қасқыр шапты дейді. Қасқырды атып жатқан ешкім жоқ, саны көбейді. Бақташылар мал қырылғанын үнемі айтып жатады", - дейді Меңдіғалиев.
Жиын кезінде ауыл тұрғындары осы мәселені талай айтқанымен, карантин кезінде аң атылмаған, деп түсіндірді Ұялы ауылдық округінің әкімі Ерлан Ермекқалиев.
"Осы қыста қар қалың жауды. Сондықтан аңшылыққа шығу қиын болды. Қазір аңшылық үшін рұқсатнаманы онлайн алуға болады. Екі шаруа қожалығы бірігіп, жыртқыштарды аулауды жоспарлап отыр", - деді ол.
Мамандардың айтуынша, жыртқыштардың саны азайып бара жатқанына байланысты оларды атуға тыйым салынған. 2017 жылы облыста небәрі 400 қасқыр болса, қазір бұл көрсеткіш үш есе артқан. Атуға арналған шектеу жылына 196 жыртқышты қамтиды және ол тек келесі жылы өзгертілуі мүмкін.
Сондықтан жыл соңына дейін тек 4 аңшы жыртқыштарды атуға рұқсат алады. Ауыл тұрғындары бұл ережені қайта қарап, жекелеген аудандарға назар аударуды талап етіп отыр.
Жаңалықтар
0