Мәдениет

Гиннесс кітабына енуі мүмкін: елордада бір мезетте мыңнан астам оқушы күй орындады

© Photo : НИШНЗМ оқушылары
НЗМ оқушылары - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.05.2022
Жазылу
Әрбір 50 оқушыны бір тәуелсіз стюард бақылады
НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Елордадағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектептің мыңнан астам оқушысы бір мезетте күй орындады. Бұл айтулы шара Гиннесс рекордтар кітабына "Ең ауқымды домбыра сабағы" атауымен енуі мүмкін.
Ең ауқымды домбыра сабағына қосымша білім беру педагогы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған дирижерлік етті. Мыңнан астам оқушы атақты "Сарыарқа", "Балбырауын", "Еркем-ай", "Кеңес", "Жастар биі" сынды күйлерді орындады.
"Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушылары бүкіл әлемге біздің еліміз бен мәдениетімізді, халықтың жаны деп атауға болатын басты музыкалық аспапты таныстырды. Нағыз қазақ – домбыра екенін бәріміз жақсы білеміз, сондықтан бүгінгі күнді тарихи деп атауға болады", – деді "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова.
Бұл мектепте домбыра бойынша элективті курстар 2016 жылы басталды.
Айтжан Тоқтағанның жетекшілігімен құрылған мектепішілік "Жігер" ансамблі көптеген республикалық және халықаралық музыкалық байқаудың жеңімпазы, "Sun of Italy" фестиваль-байқауының бас жүлде иегері, АҚШ-тың атақты Гарвард пен Бостон университеттері және Массачусетс технологиялық институты сахналарында өнер көрсеткен.
"Домбыра – әрбір қазақ үшін қасиетті аспап. Ал біздің сабағымызды Гиннесс рекордтар кітабына енгізу – бұл домбыраны бүкіл әлемге паш ету", – деп атап өтті Айтжан Тоқтаған.
Guinness World Records-қа өтінім былтыр желтоқсан айында берілген.
Гиннесс рекордтар кітабының талабы бойынша ауқымды сабақты 25-тен астам стюард пен 2 куәгер қадағалады. Әрбір 50 қатысушыны бір тәуелсіз стюард бақылады.
Айта кетері, бүгінгі таңда еліміздегі барлық Назарбаев зияткерлік мектебінде домбыра пәнінің элективті курстары енгізілген.
Жаңалықтар
0