Оқиға

24 жерден тігіс салған: Ақтөбеде бұралқы иттер оқушыны талап тастады

© Sputnik / // Виталий Аньковиттер
иттер - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.05.2022
Жазылу
Қыз кешкілік сабақтан жалғыз қайтып келе жатқанда алдынан бір топ ит шығып, жан-жақтан жабылған
НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. Ақтөбеде 13 жастағы оқушыны мектептен қайтар жолда бұралқы иттер талады. Сау жері жоқ қыз бала әбден шошынып қалған, деп хабарлады Астана тв.
Қазір балалар ауруханасында ем алып жатыр. Анасы полицияға арызданған. Ал, ветеринарлар қаланың әр ауданында қаптап кеткен иесіз иттермен не істейтінін білмей дал. Себебі, жаңа заңға байланысты ит аулау тоқтатылған.
Шошынғаны соншалық балам ит деген сөзді естісе жылап қоя береді, дейді итке таланған оқушының анасы Алтынгүл Жарылғапова.
Жеткіншектің денесінің сау жері жоқ. Түнімен аласұрып ұйықтай алмайтын көрінеді.
Анасының айтуынша, оқушы қыз кешкілік сабақтан жалғыз қайтып келе жатқанда алдынан бір топ ит шығып, жан-жақтан жабылған.
Абырой болғанда, көрші жігіт терезеден көріп қалып, баланы бір өлімнен құтқарып қалған.

"Қасқыр сияқты талап тастаған. Тістеп алып, кетіп қалса екен. Олар деген кәдімгідей талаған, баланың үстінде сау жер жоқ. Тек бетін жапқан, беті, мойыны аман, соның өзінде басының терісін кәдімгідей жұлып алған. Тағы 3-4 минут талағанда кеңірдегін жұлып өлтіретін еді",- дейді анасы.

Дәрігерлер бұралқы ит терісін бірнеше жерден жұлмалап тастаған баланың басына үш жерден, аяғына 21 жерден тігіс салған.
Арқасы мен қолында да ит тісінің ізі бар. Жарақаттан бөлек ауыр психологиялық соққы алған.
"Жағдайы жалпы жарақатына байланысты түскен кезде ауыр болып есептелді. Қазір жағдайы қалыпты. Бірақ қатты қорқып қалған. Психолог келеді, кеңес береді", - дейді Ақтөбе облыстық балалар ауруханасы травматология және нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Қуантай Махамбетов.
Ақ халаттылар ауруханаға күніне ит, мысық тістеген 3-4 бала түседі дейді. Көбінің жарақаты жеңіл болып, құтырмаға қарсы екпе салған соң, үйлеріне жіберіледі.
Қалада бұралқы иттердің қаптап жүргенін ветеринарлар мойындап отыр. Бірақ, шарасыз. Себебі, наурызда қабылданған заң бойынша көшеде ит атуға рұқсат жоқ. Жаңа ережеге сәйкес, мамандар қаңғыбас итті аулап, уақытша орында ұстап, залалсыздандырып, вакцина салып, алып кеткен жерге әкелуі керек екен.
Ақтөбеде иттерге арналған бір тұрақ бар. Жекенің қолында болған соң, ақылы. Ал, бюджетте бұған қаржы қарастырылмаған.
"Бюджеттік сипаттамада көрсетілмеген. Қаңғыбас итті аулау, оны уақытша ұстау, стерилизация деп көрсетіп жазылуы керек. Ал, онда жазулы тұр: аулау және жою деп тұр. Сондықтан, осыны өзгерту керек, бюджеттік классификаторға өзгерістер енгізу керек", - дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Иса Базар.
Оқушының анасы болған жайтқа байланысты полицияға шағым түсірген. Ашынған ана бұралқы иттер мәселесі шешілмейінше, күресті тоқтатпаймын дейді.
"Полицияға арыз жаздым, кеше хабар келді. Министрікке кетті, тергеу жүргізіліп жатыр деді. Бірақ, мен қолымнан келген шараның бәрін қолданамын, мына иттердің бәрін жоймай. Балам "мама, мен мектепке бармаймын, үйден шықпаймын" деп отыр", - дейді қыздың анасы.
Жаңалықтар
0